Руханият

Елордада Әбіш Кекілбайұлының мерейтойына арналған іс-шаралар басталды

05 желтоқсан, 16:07198
Фото авторы Сұлтан Сейітов Фото авторы Сұлтан Сейітов

Бүгін елордада Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толуына арналған екі күндік іс-шаралар басталды. Аса көрнекті тұлғаны ұлықтау Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әбіш Кекілбайұлы және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен ашылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Алқалы жиынға қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қайраткер қаламгердің ел тәуелсіздігін орнықтырудағы еңбегін айрықша атап өтті.

«Ел Парламентінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы болған Әбіш Кекілбайұлы Отанына қалтқысыз қызмет етудің өнегесін көрсетті. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің біріне айналған ол ұлттық идеологияның қалыптасуында өз қолтаңбасын қалдырды. Осылайша, халқына жасаған қызметі жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Кезінде Парламент Сенатында қызметтес болып, жақын сыйласқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш мерейтойының шымылдығын ашқан сөзінде сан қырлы суреткер туралы «Әбіштану дәуірі енді басталды» деген еді. Ал қаламгердің ойшылдығын арқау еткен Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» атты зерттеу кітабының алғысөзінде Президент «Әбіш Кекілбайұлы – халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында ұғындырып беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі» деп айшықтап берді. Түптеп келгенде, Әбішті тану – оның терең ой-парасатына сүйсіндіретін, отансүйгіштік рухын түйсіндіретін ғибраты мол шара. Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр», - деді Мемлекеттік хатшы.

Конференцияға Алматыдан арнайы ат арытып жеткен әдебиетіміздің қазіргі абызы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков Әбіш Кекілбайұлымен алғаш қалай танысқандарын еске алып, бар қазаққа аяулы тұлғаның қаламгерлік, қайраткерлік қырларына тоқталды.

Конференцияға «Әбіш Кекілбайұлы – мемлекет және қоғам қайраткері», «Әбіш Кекілбайұлының көркемдік-эстетикалық әлемі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Әбіш Кекілбайұлы және ұлттық дүниетаным», «Әбіш Кекілбайұлы және жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыптары өзек болды. 

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Бүгін сағат 17.00-де «Жастар» театрында Әбіш Кекілбайұлының «Нартәуекел» халықтық қаһармандық дастаны қойылады. Ертең, тұлғаның дәл туған күнінде елордада атына берілген көшенің салтанатты ашылуы өтіп, Ұлттық пантеондағы бейітіне гүл шоқтары қойылып, құран оқылады, рухына ас беріледі. Кешке қарай Бейбітшілік және келісім сарайында қаламгерді еске алу кеші өтеді.




Наверх