Қоғам

Елорда тұрғыны ауласын тегін тазартып, көршілеріне азық-түлікті ақысыз жеткізіп жүр

26 наурыз, 13:001005

Ерікті ретінде көршілеріне көмегін тигізіп, тегін қызмет көрсетіп жүрген елордалықтардың бірі – қазақ күресінен балалар жаттықтырушысы, өндірістік альпинист Қайрат Тұрғанжанов. Елорда Инфо тілшісі еріктімен кездесіп, оның осы қызметі туралы тілдесті. 

Қайрат Тұрғанжанов өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдің кіре берісін қыс бойы қардан тазалап шыққан. 

Айтуынша, осы үйде тұратын басқа да кейбір азамат аула қарын тазалауды әдетке айналдырыпты. Алайда олардың бұл ісінен ПИК мамандары да, тұрғындардың көпшілігі де бейхабар көрінеді.

«Терлеп-тепшіп аула тазалап жүргенімізді тұрғындар білмейді де. Тек Паша деген қария арқамыздан қағып, алғысын білдіріп қояды. Бірақ мәселе – біреудің білген-білмегенінде емес. Бастысы ауламыз таза болсын деген ниет бізде. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты келіншегіме кіре беріс дәлізді хлорлап жуғызбақшы болғанмын. Оның үйдің тіршілігінен қолы босамаған соң өзім ауланы тағы бір мәрте тазалап, фото мен видеоға түсірдім. Әйтпесе бұған дейін тегін қызметіміз туралы ешкімге айтқан да, фотоға түсірген де жоқпыз», – дейді ол.

Сонымен қатар Қайрат карантин кезінде үйден далаға шығуға үрейленіп отырған көршілеріне тұрғын үй маңындағы дүкендерден азық-түлікті тегін жеткізіп беру қызметін де көрсетіп жүр. 

 

«Қазіргі уақытта жұмысымызды уақытша тоқтаттық. Үйде тәртіп пен тазалықты сақтап отырмыз. Осы уақытта бос отырмай, үйден шығуға мүмкіндігі болмай отырған кішкентай нәрестесі бар адамдарға, қарияларға қол ұшын созып, елге пайдамызды тигізейік деген ниетпен олардың өз ақшасына дүкеннен азық-түлік сатып алып, оны тегін жеткізіп беру қызметін қолға алдық. Осы сынақтан халқымыз аман-есен өтсе екен деп тілейміз», – дейді Қ.Тұрғанжанов.

Айта кетсек, Қайрат – қазақ күресінен балалар жаттықтырушысы. Сонымен қатар қолы қалт еткенде өндірістік альпинист ретінде елордадағы биік-биік зәулім ғимараттарға арқанмен өрмелеп жүріп, жуу, жөндеу сияқты қызмет түрлерін көрсетеді. Оның бұл қызметі туралы бұған дейін сайтымызда және телеарналардың бірінде жарияланған болатын. 

 




Наверх