Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері елорда аумағына есірткі әкеліп, өткізумен айналысатын адамдарды ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Абылайхан даңғылының бойындағы тұрғын үй жайға тінту жүргізу кезінде бұрын бірнеше рет сотталған 49 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Одан салмағы 80 келіден асатын «марихуана» тәркіленді. Мамандардың сөзінше, бұл 40 000 реттен аса қолдануға болатын дозаны құрайды.
Есірткі құралын ер адам елорда аумағында өткізбекші болған. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Қазіргі уақытта ұсталған адам Нұр-Сұлтан қаласынының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы іске қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Жыл басынан бері елордалық полицейлер 150 келіден астам түрлі есірткі құралын, оның ішінде «героин» және «синтетикалық» есірткілерді тәркілеген. «Есірткіні өткізу» бабы бойынша 73 қылмыстық іс, сондай-ақ түрлі есірткі құқық бұзушылықтары бойынша 370 қылмыстық іс қозғалды.