Қоғам

Елорда әкімдігінде жаңа басқармалар ашылады

25 желтоқсан, 17:51135
фото sputniknews.kz  сайтынан алынды фото sputniknews.kz сайтынан алынды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жергілікті атқарушы органдарда болуы тиіс басқармалардың тізімін бекітті. Соған сәйкес Нұр-Сұлтан қаласын басқару тәсіміне өзгерістер енгізілді. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бұл туралы айтқан Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев депутаттарды тиісті өзгерістермен таныстырды. Сессияға қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

ҚАЛАЛЫҚ БАСҚАРМАЛАР КӨБЕЙЕДІ

Баяндамашының айтуынша, кейбір функцияларды және өкілеттіктерді бөлу немесе беру арқылы Құрылыс басқармасы, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы, Мәдениет басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Дін істері басқармасы құрылады. Жаңадан Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы ашылады. Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының атауы Экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасы болып өзгереді. Қоғамдық даму істері басқармасы Ішкі саясат басқармасы болып қайта аталады. Өзге қалалық басқармалар бұрынғы күйінше қалады.

Қорытындысында қала әкімінің аппараты, төрт аудан әкімдерінің аппараты және 21 қалалық басқарма жұмыс істейді. Мұндағы басқармалар саны төрт басқармаға көбейіп отыр. Мемлекеттік органдар штаты ел Үкіметі бекіткен лимитке сәйкес 941 адам болады.

КӨШЕ АТАУЛАРЫ БЕКІТІЛДІ

Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссия Нұр-Сұлтан қаласының тиісті комиссиясына келіп түсіп, жергілікті орында мақұлданған атауларды да қарап, бекітіп берді. Осыны мәлімдеген Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев қандай атаулар ұсынылғанын айтып өтті.

Атап айтқанда, Байқоңыр ауданындағы атаусыз алаңға «Қаламгерлер» аллеясына атауын беру, Есіл ауданындағы «Арай» саябағын «Жетісу» саябағы деп қайта атау, қаланың жобалық көшелеріне атақты қолбасшы Райымбек батырдың, ауыр атлетикадан Әлем және Еуропа чемпионы Анатолий Храпатыйдың,  Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының, көрнекті ақын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Әбікен Бектұровтың, жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған батыр Бәйдібек Қарашаұлының, тарихи тұлға Қарамеңді батырдың, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мақсұт Нәрікбаев пен Фазыл Кәрібжановтің есімдерін беру ұсынылды.

Бұған қоса, кейбір көшелерді біріктіру арқылы Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің, әлемге әйгілі ойшыл, философ әл-Фарабидің есімдері берілетін болды.

ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ СЫЗБАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласын 2030 жылға дейінгі жылумен жабдықтау сызбасы әзірленді. Бұл құжатты қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының тапсырысымен «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС әзірледі. Осы туралы аталмыш басқарманың басшысы Нұрлан Ұранхаев мәлімдеді. Сызбаны толығырақ «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС директорының инженерлік мәселелер жөніндегі орынбасары Болат Дәулетов таныстырды.

«Сызба соңғы рет бекітілген қаланың бас жоспары негізінде әзірленді. Бұл жобаны шартты түрде бес бөлікке бөліп әзірледік. Біріншіден, қазіргі жағдайға талдау жасадық. Екіншіден, 2030 жылға дейін қалаға қажет болатын жылу энергиясы мөлшерін сараладық. Үшіншіден, жылу қуатының жетіспеушілігін анықтадық. Төртіншіден, осы жетіспеушілікті жою үшін қаланың жылумен жабдықтау жүйесін дамытудың жеті нұсқасын қарап, салыстырдық. Бесіншіден, осының бәрін сараптай келе, тиісті қорытынды шығардық» деді Б. Дәулетов.

Қазіргі кезде қаланы жылумен жабдықтау жұмысы екі негізге жүйеге негізделген. Бұл орталықтандырылған және орталықтандырылмаған болып бөлінеді. Орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтуды екі компания – «Астана-Энергия» АҚ пен «Астана-Теплотранзит» АҚ жүзеге асырады. Олар шаһарды 78 пайызға жылумен қамтып отыр.

Бір күн бұрын өткен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында депутат Рамзия Өмірбаева «Шұбар» шағын ауданын және «Комсомольский» тұрғын алабын жылумен қамту мәселесін көтерді.

«Шұбар» бас жоспарға сәйкес сүрілуі керек. Бірақ бұл жұмыс ұзаққа созылатынын бәріміз білеміз. Сондықтан шағын ауданға әзірге газ әкелу туралы шешім шығарылды. Ал «Комсомольский» қазіргі кезде 80 пайызға жылумен қамтылған. Сызбаға сәйкес болашақта мұны 100 пайызға жеткіземіз» деді бұл сұраққа жауап берген Б. Дәулетов.

ТАРИФ НЕГЕ КӨТЕРІЛЕДІ?

Нұр-Сұлтан қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, кәдеге жарату, қайта өндеу және көмудің қазіргі тарифі шығындардың 80 пайызын өтемейді. Сондықтан ілгеріде тиісті комиссия құрылып, тарифті көтеру мәселесін қарады. Бұл туралы айтқан Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов осы мәселе бойынша баяндама жасады.

Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын «Clean City NC» ЖШС бастапқыда тариф ретінде 766 теңгені ұсынды. Алайда тиісті есептеу жұмыстарынан кейін, атап айтқанда жанар-жағар май бағасы, жұмыскерлердің жалақысы, т.б. осы сияқты әртүрлі шығындарды есептегенде абаттандырылған, яғни көппәтерлі үйлердің тұрғындарына қоқыс шығару тарифі бір адамға айына 390 теңге, жеке үйлер тұрғындарына 414 теңге, заңды тұлғаларға 1 текше метр үшін 2144 теңге болып бекіту ұсынылды. Соның ішінде зейнеткерлер мен екінші топ мүгедектеріне 25 пайыз, көпбалалы аналарға мен бірінші топ мүгедектеріне 50 пайыз жеңілдік беріледі. Ұлы Отан соғысы қатысушылары төлемнен мүлде босатылды. Бұрынғы тариф 246 теңге болғанын айта кетейік.

Қалалық мәслихат депутаттары ұсыныстардың бәрін мақұлдады. Талқылау кезінде депутат Ақылбек Күрішбаев қатты тұрмыстық қалдықтар тарифін көп өтпей қайта қарамайтындай етіп бекіту керектігіне назар аударды.

Сессия соңында бір топ қалалық мәслихат депутаты мен аудан әкімдері «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров баршаны келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. 




Наверх