Қоғам

Елімізде «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылады

03 сәуiр, 17:206533
Автор: Elorda Aqparat

Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы дайын. Тек мемлекет бюджеттен қаражат бөлген күні іске қосылады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бұл жаңалықты Қазақстанның тұрғын құрылыс жинақ банкінің елордалық филиалы директорының орынбасары Әсел Төлеуғалиева жария етті.  

«Бақытты отбасы» – аймақтық бағдарлама. Оған бюджеттен қаражат бөлінгеннен кейін банк бағдарламаны іске қосады. Бұған белгілі бір уақыт қажет. Мемлекет жыл сайын бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөледі. Қазіргі кезде біз өз тарапымыздан бағдарламаны дайындап қойдық. Жүйеміз автоматтандырылған. Қаражат бөлінген күні несие беру жұмыстарын бастаймыз», - деді банк өкілі.  

Несие жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға беріледі. Алғашқы жарна көлемі – 10 пайыз. Егер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген көп балалы, әл-ауқаты төмен, мүгедек баланы асырап отырған жалғызбасты аналар немесе әкелер алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда әкімшілік тарапынан 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндігі бар.

Алайда, олар баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататынын дәлелдеуі қажет. Ол үшін атқарушы органнан көп балалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырады. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы міндетті. Олай болмаса, банктен дербес шот ашуға құқығы бар.

«Ол үшін әр адам басына шаққанда 42500 теңге табысы болуы шарт. Егер де ол табыстың мөлшері 42500 теңгеден асып кетсе, ол отбасы жылжымайтын мүлікке мұқтаж адам болып есептелмейді. Мысалы, 15 млн теңгеге несие алмақ болсаңыз, шамамен 104 250 теңге табыс көзі расталуы тиіс. Несиені төлеп қайтару екі кезеңге бөлінеді: алғашқы 8 жылда – 79 000 теңгеден, қалған 11 жылда – 57 000 теңгеден төлейді. Ал егер 12 млн теңгеге несие алған жағдайда, алғашқы 8 жылда – 88 450 теңге, қалған 11 жылда – 44 000 теңге төлейсіз. Ескеретін жайттың бірі, мысалы отбасында 5 адам болса, олардың жиынтық табысы 212 500 теңгеден аспауы керек», - дейді Әсел Төлеуғалиева.

Төлен ТІЛЕУБАЙ



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх