Қоғам

Елбасы «Egemen Qazaqstan» газетін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

21 қараша, 13:2849

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Egemen Qazaqstan» газетін 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Ел газетінің мерейтойына арнап өтіп жатқан салтанатты жиында Елбасы құттықтауын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев оқып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Қадірлі қауым! Құрметті, «Егемендіктер»! Еліміздің жетекші басылымы, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бір ғасыр бұрын «Ұшқын» деген атпен шыға бастап, уақыт өте ұлттық басылымға айналған Тәуелсіз Қазақстанның аға газеті өз парақтарында тарих тағылымын дәуір үнімен, уақыт сынымен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді. Жаңалықты жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, егемен еліміздің мемлекеттік саясатын қалың оқырман арасында байыпты насихаттап, ел шежіресін қағазға хаттаған байырғы басылымның беделі әрдайым биік. Ұлт мүддесі жолында еңбек еткен талай тұғырлы тұлғалар басшылық жасап, алыптар негізін салған дәстүрді абыроймен жалғастырған «Egemen Qazaqstan» қазіргі заман талабына сай жаңғырып, ғасырлық туын жаңа жетістіктермен, толайым табыстармен қарсы алып отыр», – деп атап өтеді ҚР Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатында жетекші баспасөз құралында еңбек етіп жүрген қалам иелері жоғары кәсіби деңгейімен табылып, басылым алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса беретінін ерекше атап өтті.

«Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін», – дейді Елбасы құттықтау хатында.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх