Қоғам

Ел астанасында 1 651 адам карантинде жатыр

31 наурыз, 14:20444

Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова халықаралық рейспен келген жолаушылардың бәрі оқшауландырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Коронавирус жұқтырған 175 науқастың ішінде жақын қарым-қатынаста болғандардан да анықталды. Олар – отбасы мүшелері, қызметтегі әріптестері, бортта бірге болған жолаушылар. Карантиндегілердің саны - 735 адам. Олардың бәрі ауруханаға жатқызылды. Ал 916 адам үй карантиніне жатқызылды. Жалпы саны – 1 651 адам», - дейді басқарма басшысы. 

Ол сөз арасында орташа есеппен алғанда 1 коронавирус инфекциясы үшін 9-10 адам карантинге жатқызылатынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын қозғады.

Сөзін жалғай отырып, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы белең алмас үшін атқарылып жатқан шаралардан хабардар етті.

«Бұл шара ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына халықаралық рейспен келген жолаушыларға жасалып жатыр. 22-30 наурыз аралығында 28 рейс келіп, 2 575 жолаушы оқшауландырылды. Олардың бәрінен зертханалық жұмыстар үшін биоматериалдар алынды. Қазірге дейін 2 063 лабораториялық зерттеу жүргізілді», - дейді басқарма басшысы.

Сәуле Қисықова өз сөзінде 25 рейстен 5 адамнан оң нәтиже алынғанын айтып өтті.




Наверх