Қоғам

Е.Тұрғымбаев: Полиция заңсыз митинг өткізгендермен күресе береді

04 наурыз, 10:03257
Автор: Elorda Aqparat

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция митингілер кезінде орын алған кез келген әрекеттердің жолын кесуді жалғастыратынын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Қазақстанның кейбір қалаларында рұқсат етілмеген митингілерді өткізуге және оған қатысуға әрекет жасалды. Бас прокуратураның бірнеше рет ескертуіне қарамастан жекелеген азаматтар тыйым салынған экстремистік ұйымның арандатушылық әрекеттерін қолдауды жалғастыруда. Сондай ақ олар жол қозғалыстарын бөгеп, қақтығыс тудыруға тырысады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы күш қолданады. Мұның бәрі азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомстволар мен аймақтық полиция басқармаларының басшыларымен кездесу барысында.

Ішкі істер министрі, сонымен қатар, қазақстандық полицияның басты міндеті – халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау екенін атап өтті.

«Полиция үшін ең бастысы – қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп. Заңды сыйлайтын азаматтар үшін алаңдайтын ештеңе жоқ. Ал митингіге жұмысқа барғандай шығатын жекелеген азаматтар қоғам тыныштығына қауіп төндіреді. Олар әлі күнге арандатушылардың ықпалында жүр және өкінішке қарай, бейбітшілік пен тұрақтылық біз үшін ең басты құндылық екенін, оны қастерлеп ұстау қажеттігін түсінбейді. Сондықтан полиция алдағы уақытта да еліміздің және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолында қызмет атқара береді. Елдегi бейбiтшiлiк пен Қазақстан халқының тыныштығын қорғау – бұл біздің басты міндетіміз!» – деді Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев.

ІІМ басшысы құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрақсыздық пен заң бұзушылыққа қатысты кез-келген әрекеттің жолын кесуді жалғастыратындығын атап өтті.

Сонымен бірге министр басшыларға заңға сәйкес полиция қызметкерлерін заңсыз және арандатушылық әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды.




Наверх