Мәдениет

Диснейдің кезекті туындысы қазақшаға аударылды

05 наурыз, 21:35172
Автор: Elorda Aqparat

Астанада қазақ тіліне дубляждалған диснейлік «Алға» фильмінің алдын-ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Аталмыш анимациялық туынды осымен «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждаған 34-ші туынды болып отыр.

Алдын-ала көрсетілім барысында сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары және «Болашақ» қоры Қамқорлық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек:

«Жаһандану кезеңінде өз тарихына терең тамыр жіберген, ұлттық мәдениеті мен ана тілін ардақтай білген халықтың ғана әрдайым айы оңынан тумақ. Сондықтан да «Nur Otan» еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің төлтума қасиеттерінің сақталуын қуаттай отырып, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуды өз стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгілеген. Бұдан тоғыз жыл бұрын Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасының арқасында осы кезге дейін әлемдегі ең үздік 34 көркем және анимациялық балалар фильмі қазақ тілінде дубляждалды. Осы бастамаға қызу қолдау білдіріп, қазақ тілінің болашағына бейжай қарамайтын барша демеушілер мен меценаттарға ерекше алғыс білдіремін», - деп атап өтті.

Тұңғыш рет қазақ дубляжының тарихында фильмдегі мәтіндік жазулар бір ізге түсіріліп, ыңғайға келтірілді.

«Туындыны жасау барысында біз шығармашылық адамдарымен көп жұмыс істедік. Бұл дубляж тарихындағы жаңа кезең болды. Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Тіпті, осы жазбаларға кастинг те жарияланды. Біз ең үздігін таңдап алуы үшін Disney/Pixar студиясына қазақ тіліндегі бірнеше үлгі жібердік. Фильмді дубляждау үшін үлкен еңбек жасалғанын көрермендер түсінсе деймін», - деді дубляждың режиссері Шах-Мурат Ордабаев.

Айта кетейік, 9 жыл ішінде «Мұзды өлке-2», «Көліктер 2», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Аладдин» және тағы да басқа туындылар қазақша дубляждалған. Режиссер, музыкалық жетекші, дыбыс режиссері, аудармашы және актерлерден құралған 200 шақты отандық дубляж маманы  Disney студиясының халықаралық стандарттарына сәйкес білімдерін жетілдірді.




Наверх