Президенттің бұл шешімі микро және шағын кәсіпкерліктің тиімділігін арттырады. Бұған қоса, кәсіпкерлікпен жасырын айналысып жүрген азаматтарға бизнестерін заңдастыруға, бизнесмендерге Ұлттық қордан кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін 100 миллиард теңгеге жуық қаржыны алуға мүмкіндік береді. Әсіресе, ауылда тұратын адамдарға істерін ашуға жол ашады.
«Бизнестің жаңа жол картасы» аясында үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлінетін болды. Мемлекет басшысы әлеуметтік бағыттарға, соның ішінде отбасы бизнесіне, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға бизнесте қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлді.
Сауда ассоциациясының вице-президенті ретінде Президенттің халықаралық нарықтағы ұлттық бизнес пен өнімділігі жоғары орта бизнесті қолдауын қуана қабылдадым. Соның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру шараларының енгізілетіні өте дұрыс болды.
Жергілікті бюджетті қалыптастыру және жинақтау кезінде келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен қосымша салық түсімдерін өңір билігінің құзыретіне беру туралы шешім аймақтарға үлкен демеу болады. Осылайша, тағы көптеген жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздыққа тосқауыл қойылып, халықтың өмір сүру сапасы артады. Жалпы Жолдауда шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызды мәселелері дер кезінде көтерілді.
Қайырлы ТӘУКЕН,
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты