Жолдау-2019

Белгілі рекордшы Сергей Цырульников елімізде «Батырлар кодексін» жасауды ұсынды

16 қыркүйек, 17:51363
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Күш қолданатын нөмірлер арасындағы 4 дүркін әлем рекордшысы, Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы және Қазақстанның 5 дүркін рекордшысы Сергей Цырульников Қазақстанда «Батырлар кодексі» болуы қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Мен еліміздегі көптеген мектептерге барамын. Былтырдың өзінде 57 мектепке барып, оқушылармен кездестім. Одан бөлек, 5 түзету мекемесі мен 18 балалар үйіне бардым. Оқушылардың мәдени білімдеріне келсек, өкінішке қарай 70-80 пайызы өз мәдениетін білмейді. Жақында ғана болған мектебімде оқушылардан «Қажымұқан Мұңайтпасов, Бауыржан Момышұлы кім?» деп сұрадым көбісі білмейтін болып шықты. Жас ұрпақты тәрбиелеу біздің мойнымызда, біз өзіміз барып мәдениетіміз бен тарихымызды үйретпесек, ешкім үйретпейді. Есесіне жас өркен басқаның мәдениетін үйренетін болады. Мысалы, оқушылардан «Конор Макгрегор кім?» сұрағанымда бәрі білетін болып шықты», - деді Сергей Цырульников елордада өткен «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстелде.

Сондай-ақ, рекордшы еліміздегі ауыр күш мәдениеті туралы сөз қозғады.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда ауыр күш мәдениеті мен спортына қолдау көрсетілмейді. Біз өзімізде бар құндылықтарды жастарға үйретуіміз керек. Осылай көп сөйлегеннен мектепке барып оқушымен бірге жаттықсақ, ертеңіне ол өздігінен жаттығатын болады, яғни біз үлгі болуымыз керек. Біздің бұрынғы бабаларымыз алып күштің иесі болған, оны бәріңіз білесіздер. Ал қазір ол алып күшпен айналысуға жағдай жасалмаған. Қазақстанда «Батырлар кодексі» жоқ, оны құру керек. Біз өз құндылығымызды сақтап және оны келешек ұрпаққа жеткізе отырып қана өз ерекшелігімізді сақтай аламыз. Мен елімізде ауыр күш мәдениетіне мән берілсе екен деймін», - деді ол.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен алып күш иесі Сергей Цырульниковпен аталған мәселені жеке қабылдауы арқылы қарастыруды ұсынды.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх