Қылмыс және оқиғалар

«Bek Air» ұшағы апатының салдарын ресейлік мамандар зерттейді

28 желтоқсан, 12:02287

«Bek Air» ұшағы апатының салдарын ресейлік мамандар зерттеп, 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін алдын ала мәлімет береді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бүгін кешкі сағат 18:40-те Мәскеуден сарапшы ұшып келіп, тексеру жұмысына кіріседі. Бүгінде оқиға орнында тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ал ертең «қара жәшік» Ресейге жіберіліп, дүйсенбі жұмыс басталады. Мемлкет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін Үкімет жанынан құрылған комиссия апат салдарына қатысты алдын ала мәлімет береді», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Камалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, кеше таңғы сағат 07:22-де Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған «Bek Air» әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 98 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам зардап шекті.

Көп ұзамай апаттың мән-жайын анықтау мақсатында Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына ұшып барды.

Орын алған қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына көңіл айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бүгінгі күнді жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

 

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх