Қоғам

Бас қалада 10 ұйым карантинге жабылды – әкім

31 наурыз, 12:25158
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram желісінің Tengrinews парақшасындағы онлайн эфирде астананы дезинфекциялау жұмыстарымен таныстырып өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Қаланы толығымен дезинфекциялау қазір басты назарда тұр. Бұл оңай жұмыс емес. Қазір бұл істі жүргізуге Қорғаныс министрлігінің солдаттары да жұмылдырылды. Жалпы саны 475 адам дезинфекция жұмыстарымен айналысып жатыр. Олардың жартысы – әскери адамдар. Қалғаны біздің қызметкерлеріміз және осы жұмыспен айналысатын компания өкілдері», - дейді әкім.

Алтай Көлгінов өз сөзінде дезинфекция жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын түсіндіріп берді.

«Ең алдымен бізден шыққан ошақтарды дезинфекциялап жатырмыз. Мәселен, қазір бізде шамамен 10 ұйым карантинге жабылды. Олардың арасында №1 автобус паркі, жатақхана, екі медициналық ұйым бар. Сонымен қатар, инфекция анықталған науқастар кірген подъездерді дезинфекциялауға ерекше назар аударамыз. Ал қала бойынша аялдамалар, тротуарлар дезинфекцияланып жатыр. Осыған дейін біз қоғамдық орындарға ерекше мән бергенбіз. Ал қазір қоғамдық орындарды толығымен жаптық. Сол себепті үйлердің кіреберісіне ерекше мән беріп отырмыз», - дейді Алтай Көлгінов.

Қала басшысы сөз арасында дезинфекция жасайтын адамның қолындағы контейнердің салмағы туралы қозғап өтті.

«Бұл оңай жұмыс емес. Мәселен, дезинфекция жасайтын адамның арқасындағы контейнердің салмағы 10 килодан асады. Ол оны көтеріп, күні бойы инфекция тазалаумен айналысады. Бүгінге дейін біз 1 900 кіреберісті дезинфекцияладық. Бұл шамамен 500 үйді құрайды. Ал жұмыстар ары қарай жалғасып жатыр. Әр ауданда штаб құрылды. Оған аудан әкімі жетекшілік етеді. Ал қалалық штабты жеке өзім басқарамын. Сол себепті біз қала тұрғындарына үйінде отыруын сұраймыз. Көшеде адам қаншалықты аз болған сайын инфекциядан құтылу көрсеткіші жоғары болмақ», - дейді әкім.




Наверх