Қоғам

Балалар каникулы: Жазғы демалыспен 100 мыңнан астам астаналық бала қамтылды

29 шiлде, 10:18397
Фото Elorda aqparat мұрағатынан Фото Elorda aqparat мұрағатынан

Елордалық балалардың жазғы демалысын толық қамтамасыз ету мақсатында, қалалық Білім басқармасы жазғы лагерьлерден бөлек, Қазақстанның киелі орындары бойынша жазғы экспедициялар ұйымдастыру көзделген, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Қалалық Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, осы жылы астаналық 1-10-сынып аралығындағы 145 499 оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру орталықтарымен қамту жоспарланған, ол жалпы балалар санының 98% құрайды.

«Бүгінгі таңда (1 маусым - 22 шілде) жазғы демалыспен 100 мыңнан астам бала қамтылды (оның ішінде 6 мыңға жуығы – аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар), қаладан тыс жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық лагерьлерде 13 588 оқушы, шатырлы және этникалық киіз үй «Батыр», «Тұлпар» лагерьлері - 400 бала, бастауыш сынып оқушылары үшін мектеп жанындағы лагерьлерде 29 832 бала демалды, одан бөлек профильді лагерьлерде – 17 693 бала, қосымша білім беру және еңбекке баулу курстарымен қамтылған оқушылар саны 45 952 бала жазғы демалысын өткізді», - деді қалалық Білім басқармасының Стратегия талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Жазира Асанова.

Сонымен қатар 155 астаналық оқушы республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында («Балдәурен», «Балдәурен-Қапшағай», «Бөбек») жазғы демалыспен қамтамасыз етілді.

«Үстіміздегі жылдың  29 мамыры мен 5 шілде аралығында (3 маусым) 5-6-сынып оқушылары үшін «Дидарлы жаз» мектеп жанындағы спорттық-ойын алаңдары қызмет етті, онда 2500 бала өз демалысын өткізді», - деді ол.

Сондай-ақ, биыл астаналық 4 мыңнан астам бала үшін Оқушылар сарайлары жанында 29 мамыр мен 5 шілде аралығында жазғы демалыс академиясы ұйымдастырылды.

«Жасыл ел» әлеуметтік жастар жобасы аясында 14 және одан жоғары жастағы 350 бала жұмыс істеді. Жобаның мақсаты – балаларды еңбекке баулу. Оның аясында әр балаға 35 000 теңге көлемдегі сыйақы қарастырылған», - дейді Ж.Асанова.

Одан бөлек, басқарма өкілі тамыз айынан бастап Қазақстанның киелі орындары бойынша жазғы экспедициялар басталатынын айтып өтті. 

«Ойын-сауықтан бөлек, балалар жазғы демалысын пайдалы өткізгені дұрыс. Осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен 1500 бала еліміздің киелі жерлеріне саяхаттайды. Оның ішінде 500 бала - «Киелі Қызылжар» бағдары бойынша, 500 бала - «Сарыарқаның киелі даласы» бағдары бойынша және 500 бала - «Ертіс – Баян» өңіріне саяхаттап, төл тарихымызбен танысатын болады», - деді ол.

Білім басқармасының дерегіне сәйкес, жергілікті бюджеттен биыл жазғы демалысты ұйымдастыруға барлығы 150 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Менің балам № 65 мектепте оқиды. Күзде 6-сыныпқа барады. Өткен оқу жылы аяқталар кезде мектеп басшылығы жазғы лагерьге баратын балалардың тізімін жасады, арасында менің де балам болды. Балам «Тұлпар» лагерінде болды, оның айтуынша, ондағы жазғы демалыс сәтті ұйымдастырылған. «Екі аптаның қалай өтіп кеткенін байқамадық» деді ол. Көпбалалы отбасылар үшін бұл үлкен көмек. Себебі біз өздігімізден барлық балаларымызды лагерьмен қамтамасыз ете алмаймыз. Оның үстіне елордадағы жазғы ойын-сауық орталықтарының бағасын өздеріңіз білесіздер. Лагерьдің тағы бір пайдасы бала өз қатарластарымен уақытты пайдалы өткізеді», - деді көпбалалы ана Бақытгүл Айдарбекова.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх