Қоғам

БАӘ мен Қазақстан арасында тұрақты әуе рейстері ашылады

15 қараша, 11:5046
Автор: Elorda Aqparat
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ашық аспан" режимінде Қазақстанға жаңа әуе компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылдың 13-14 қараша күндері Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық биліктері арасында келіссөз жүргізілді. Келіссөзге «Fly Dubai», «Emirates Airlines», «Etihad Airways», «Air Astana», «SCAT» әуе компанияларының, сондай-ақ Қарағанды және Алматы қалаларының әуежайларының өкілдері қатысты.

Нәтижесінде екі елдің тағайындалған тасымалдаушыларына Қазақстанда енгізілген 5-ші «әуе еркіндігін» ұсынатын «ашық аспан» тәртібі аясында тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық база бекітілді. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, БАӘ-нің тасымалдаушылары Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларынан 5-ші «әуе еркіндігін» ұсынатын «ашық аспан» тәртібі аясында тұрақты әуе тасымалдарын орындауға құқылы», - деп жазады Азаматтық авиация комитеті.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, әмірліктің әуе компаниялары Дубай-Ақтау бағыты бойынша тұрақты ұшуларды орындауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Emirates Airlines» әуе компаниясының 2021 жылы жаңа А330 және А350 әуе кемелерін алғаннан кейін екі ел арасында тікелей тұрақты рейстерді ашу бойынша жоспары бар.

Айта кету керек, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстер санына шектеулерді алып тастауды және шетелдік әуе компанияларына 5-ші әуе еркіндігін ұсынуды көздейтін «ашық аспан» режимі енгізілді. «Ашық аспан» режимі одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 3 жылдық мерзімге қолданылады.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх