Қоғам

Ауғанстан соғысының қанды операциясы әлі есімде 

14 ақпан, 14:301318

Биыл Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамындағы соңғы Кеңес әскерінің елге оралғанына 30 жыл толды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Ауғанстан соғысына Кеңес әскерінен 620 мың адам қатысты. Оның ішінде 13 833 адам соғыс даласында қаза тапты. 417 адам із-түзсіз жоғалды немесе тұтқынға түсті. 53 753 адам ауыр жарақаттанып, контузия алды. Сондай-ақ, 10 751 адам түрлі топтағы мүгедек атанды.

79-дың аяғында басталған Ауғанстан соғысы қазақ елінде айналып өтпеді. Ауған жеріне Қазақстаннан 22 мың әскер аттанып, оның 761-і қаза тапты, одан бөлек 21 адам із-түзсіз жоғалды. Әскери борышын абыройлы өтеген 86 қазақстандық КСРО батыры атағын иеленді. Он жылға созылған әскери тартыстан отандастарымыз 1989 жылдың 15 ақпанында елге оралды.  

Айтулы датаға орай соғыс ардагері, бүгінде елорда тұрғыны, журналист Ғалым Қосымжанұлымен әңгіме-дүкен құруды жөн шештік.

Ғалым Қожабеков Ақмола облысы, қазіргі Егіндікөл ауданында туып өскен.  

«Әскерге 1981 жылдың көктемінде шақырылдым. Бұйрыққа сәйкес, Ашхабад қаласындағы артиллерия ротасына түстім. Түрікменстан астанасында 6 ай оқып сержант атағын алып шықтым. Содан соң сол жылдың қарашасында барлығы 200-дей әскер Ауғанстанға ұштық. Барған соң бәрімізді жеке-жеке әскери бөлімге таратты, мені Джалал-Абадқа жіберді. Онда артиллериялық қару командирі қызметін атқардым. Жалпы ондағы 2 жылға жуық қызметте түрлі әскери операциялар мен тапсырмаларды орындап, талай жағдайларға куә болдым. Соның бірі 1983 жылдың 3 ақпанында бізде үлкен операция болды. Тапсырма бойынша Суруби провинциясындағы ауған бандалық тобын жою міндеті жүктелді, ал маған берілген тапсырма топ басшысы отырған машинаны жою. Содан қасымдағы көмекшіммен бірге окоп ішінде сақадай сай тұрдық. Жарты сағаттай күткен соң шлемді шешіп еркін отырғанбыз, бір кезде «келе жатыр» деген дабылды естідім де нысананы көздеуге ұмтылдым, негізі әскери мергеннің нысананы жоюға 3 ретке дейін мүмкіндігі бар. Менің ойымда тек машинаны құрту болғандықтан, басыма шлем кию естен шығып кетіпті, атыс біткен соң ештеңе естімей құлағым бітеліп қалды. Дегенмен операция жоспардағыдай аяқталды, яғни бандалық топ жойылды. Бұл соғыстың қанды операциясы әлі есімде. Сөйтіп елге 1983 жылдың мамыр айында оралдым», - дейді соғыс ардагері.

Әскери операцияны сәтті жүзеге асырғаны үшін Ғ.Қосымжанұлы «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, ардагер соғыстың жақсысы болмайтынын айта келе, сұрапыл жылдар жайлы өз естілігімен бөлісті.

«Соғыста жүргенде, нақты айтқанда 1982 жылдың соңында көрші десанттық батальонда жолдас жігіттің туған күні болды. Туған күнге құр қол бара алмайсың ғой, өзімде және жігіттерден 1 млндай ауған ақшасы жинақталды. Жолдас жігіт болғасын мен кемі 2 млн апарғым келді. Содан қасыма жүргізушіні ертіп алып, көрші взводтағы жерлес әскерлерден ақша жинауға шықтым. Жарты жолда әлгі жүргізушіні кері қайтарып, өзім одан әрі кеттім. Соны кейін ойланып отырсам, не деген алаңсыздық деймін ғой, мүмкін жастықтың буы шығар, әйтпесе алапат соғыстың ортасында жүріп адам солай туған күндетеді ме?!. Әйтпесе, қолымызда қару болғанымен жан-жағымыз толған жау. Сонда қарсыластардың тұзағына түсіп қаламын-ау деген ой келмепті», - дейді ол.

Сонымен қатар, соғыс ардагері Ауғанстанда қалыпты жағдайға айналған ескірткіге әуестік туралы да әңгіме қозғады.  

«Ауғанстан елінде есірткіні еркін қолдану бүгінгі күнге дейін шешімін таппай отырған мәселенің бірі. Бұл проблема сол жылдардың өзінде қалыпты жағдайға айналған. Оның құрбаны болып кеткендер қаншама. Менің бір қуанатыным, сол жастықтың буымен есірткінің еркіне еріп кетпегеніме», - деп еске алады ардагер.

Соғыста жауынгер өлсе де, естелік мәңгі өлмек емес деген қағида ұстанған Ғалым Қожабеков 2018 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Тағы бір ерекше айтып өтетін жайт, Ауғанстаннан Кеңес әскерінің оралғанына 30 жылдығына орай,  Ғ.Қосымжанұлының «Қанды көйлек қарулас» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Туындыда автор кезінде Ауғанстан соғысына қатысты деректі әңгімелер мен естеліктері жарияланып отыр.

«Бұл кітапта Ауғанстанда болған алапат соғыс жайлы көңілімнің сыры, жүрегімнің мұңы бар. Біздің жауынгерлердің бастан кешкен қасіретін балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз көрмесе екен. Осы еңбегімді Ауғанстанда жүргенде менің амандығымды тілеп, жандарын шүберекке түйіп, алаңдап-елеңдеп жүрген аяулы анашым Қияш пен асқар таудай әкем Қосымжанның рухына арнадым», - дейді кітап авторы.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх