Қоғам

Астананың соңғы 5 жылында болмаған ең қалың қар 

22 қаңтар, 10:05252
Фото Elorda Aqparat мұрағатынан Фото Elorda Aqparat мұрағатынан

Соңғы күндері елордада жауын-шашын толастамай, қар борап тастады. Жалпы, Нұр-Сұлтанның осы қысы ерекше қарлы боп тұр. Тіпті биыл қардың қалыңдығы жағынан бұрынғы жылдармен салыстырғанда рекорд орнады десек те болады. Елорда Инфо тілшісі 30 жыл ішінде қаланың климаты қаншалықты құбылғанын назарларыңызға ұсынады.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, елорданың климаттық жүйесі циклдік сипатқа ие. Соңғы 30 жылды алсақ, 1991-1995, 2001-2010 жылдардағы кезеңде жылы болыпты. Осы кезеңдерде қараша айындағы ауа температурасы климаттық нормадан 1…3°С жоғары болса (Нұр-Сұлтан қаласында ауа температурасының нормасы минус 5, 4°С), 1993 жылы аномалды нормадан 10°С-қа төмен болған екен. Ал 1996-2000, 2011-2018 жылдарда қараша айы 1…5°С-қа суық болса керек. Осы кезеңде ең суық болып 2000 және 2016 жылдар саналған. Ал 2013 пен 2017 жылдардағы қараша айлары жылы болған.

Сол сияқты жауын-шашынның таралуы да біркелкі емес. Соңғы 10 жылда жауын-шашын мөлшері нормадан 1,2...2 есе көп түскен. Мысалы, 2006, 2009-2010 және 2012 жылдары қар қалың түсті деп көрсетілсе, 2011, 2013 және 2017 жылдары құрғақшылық жылдары қатарына жатқызылған. Өйткені осы жылдарда жауын-шашынның айлық нормасының жартысы ғана түскен.

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Ал биылғы қыс бұрынғыдан өзгерек. Қарашаның орта тұсында-ақ астана ақ ұлпаға оранып, тұрғындарды әбігерге салды. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, сол уақытта қаланың коммуналдық қызметі қаһарлы қыстың тосын мінезіне тас түйін дайын болды. Күшейтілген режимде жұмыс істеген коммуналдық қызмет жұмысшылары ала таңнан түн жарымға дейін 24 сағат бойы дамыл таппады. Қазір де солай. Күндіз-түні бір тынбай, 3 ауысымда қар тазалайтын коммуналдық қызметтің күндізгі уақытта 1-2 мың жол жұмысшысы мен мыңнан аса техникасы жұмылдырылады. Олар ең алдымен қаланың магистральді жолдары мен мектеп, емхана, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар мен әкімшілік нысандарға баратын жолдарды тазалайды. Мәселен, кеше күндізгі ауысымда қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына 1 146 техника бірлігі мен 1 689 жол жұмысшысы жұмылдырылып, полигонға 2 439 рейс жасалып, 29 268 текше метр қар шығарылды. Жалпы, қыс басталғалы бері шығарылған қар көлемі 2 102 275 текше метрге (175 190 рейс) жеткен. Мұны мамандар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға артық деп отыр. Бұл көрсеткіш әлі де артуы ғажап емес. Себебі синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері де күн жауын-шашынды болуы ықтимал. Бұл тұрғыда қалың қардың күтілетіндігі туралы алдын ала ескерту ретінде «112» қызметінен смс-хабарламалар да тоқтаусыз келіп жатыр.

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Қармен күрес жүргізуді қала басшылығы да қатаң бақылауда ұстап отыр. Бұрнағы күні елорда әкімі Алтай Көлгінов коммуналдық қызметтің түнгі ауысымдағы жұмысын тексеріп, қаланың түкпір-түкпіріне арнайы барып, қар тазалығының қалай жүргізіліп жатқанын өз көзімен көрді. Жауапты мамандарға тиісті тапсырма жүктеген шаһар басшысы қала көшелерін қар құрсауында қалдырмай, бар жанын салып еңбек етіп жүрген жұмысшыларға ризашылығын білдірді.

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Оның айтуынша, жергілікті билік қысқа дайындықты жаймашуақ жазда бастаған. Алайда ол уақытта техникалардың 35-40 пайызы жарамсыз болған көрінеді. Содан қыс басталғанша коммуналдық қызмет паркі 130 су жаңа техникамен толыққан. Әкімнің сөзіне қарағанда, коммуналдық қызмет жақын арада тағы да жаңа техникамен қамтылады.

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Түнгі ауысымның жұмысын қадағалауды үрдіске айналдырған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтың айтуынша, биыл қардың көп болғаны соншалық, Есіл ауданындағы екі бірдей полигон бүгінде ақ ұлпаға лық толған.

Әлбетте, қардың мол болуы тиімді пайдаланса, жаздың күндері табиғаттың тамсанып, даланың жасыл-желекке орануына, егін шаруашылығына пайдасы да ұшан-теңіз. Дегенмен күн күрт жылынса, тау боп үйілген қар көл-жайсаң тасқын суға айналып, елді мекендерге қауіп төндірмей қоймайтыны тағы бар. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов көктемдегі жағдайды қазірден бастап ойлану керектігін айтты. Тасқынға тосқын қойып, қызыл су басудың алдын алу үшін қала әкімі осы аптада жауапты мамандармен бірге тиісті шара қолдану жоспарларын жасайтынын жеткізді.

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Қала басшылығы қар тазалау барысында жұртшылықты коммуналдық қызметтің жұмысына түсіністікпен қарауға шақырды.

Жасыратыны жоқ, астаналықтардың арасында қаладағы қар тазалығына көңілдері толмайтындары да жоқ емес. Алайда өзге елдегі жағдайды көргенде мұнда қарқынды жұмыстың жүргізіліп жатқанын байқауға болады. Мәселен, жеке кәсіпкер Айнұр Әмірхан Instagram желісінде Финляндиядағы жағдайды жариялапты. Онда тау боп үйілген қарды видеоға түсіріп жүрген жігіт:

«Бізде қар тазаланбайды, коммуналдық қызмет жұмыс істемейді деп шағымданатындар бар. Қайдағы, біздікілер жақсы жұмыс істейді. Қайта мұнда ешкім тазаламайды. Міне, тротуардың бәрі қар. Көлік жолымен жүруге мәжбүрміз. Қар әр жерде үйіліп жатыр», – дейді.

Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында білімін жетілдіріп жүрген белгілі журналист Нәзира Байырбек аталған жаһандық шаһар туралы әлеуметтік желіде үнемі ақпарат таратып отырады.

Оның мәліметінше, Нью-Йоркте қыста қар болмайды. Ауа райы да Нұр-Сұлтандағыдай аяз емес, қоңыр салқын. Алайда анда-санда біздегідей қалың болмаса да, қыпылықтап қар жауатын көрінеді. Бірақ сондай күндері қалада төтенше жағдай жарияланып, сабақтан бөлек, жұмыс орындарына да демалыс беріліп, құзырлы органдар дабыл қағып жұмыс істейтін көрінеді.

Фото Elorda Aqparat мұрағатынанФото Elorda Aqparat мұрағатынан

Ал Нұр-Сұлтанда қар жауып, ақтүтек боран соқса да, қаланың қайнаған тіршілігі бір сәтке де тоқтамай, бәз баяғы қалпында жалғаса береді. Әлбете, жұмыс та тоқтатылмайды. Тек ауыр жүктің бәрі коммуналдық қызметке жүктеледі. Соның арқасында тұрғындар қардың қалың немесе жұқа жауғанына мән бермеуі де мүмкін. Өйткені оны тазалайтын адамдар бар. Ал нардың жүгін арқалаған жұмысшыларды техникамен, тиісті құрал-сайманмен қамтып, олардың жұмысын үйлестіріп отырған қала билігінің де еңбегі бағалауға тұрарлықтай.




Наверх