Қоғам, Астанаға 20 жыл

Астананың мерейтойы қарсаңында Әсет Исекешев 300 астаналыққа пәтер кілтін табыс етті

06 шiлде, 08:29935

Астана әкімі Әсет Исекешев Р. Қошқарбаев даңғылындағы 50 және 50/1 мекенжайында салынған үйдің жаңа қоныс иелеріне кілттерін табыс етті. Пәтер алушылардың ішінде 164-і әлеуметтік осал топтарға жататын кезектегілер, деп хабарлайды Елорда инфо әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа қоныс иелерін құттықтаған Әсет Исекешев астанада халықтың барлық тобына арналған баспанаға қолжетімділіктің артып келе жатқанын айтты. 

«Бүгінгі оқиға – біздің барлық кезектегілер үшін үлкен қуаныш. Жаңа пәтер сіздердің отбасыларыңызға игілік пен береке, қуанышты сәттерді көптеп алып келсін. Сіздерді екі мереке: жаңа қоныстарыңызбен және Астананың мерейтойымен құттықтаймын», – деді Әсет Исекешев. 

Феризат Тасмғамбетова армандаған үш бөлмелі пәтерін ұзақ жылдар күтті. Бүгінге дейін ол отбасымен жалға берілетін пәтерде тұрып келген. 

«Уақыт деген тез өтеді екен, мен дәл мереке қарсаңында – Астана күнінде кілтті әкімнің өз қолынан аламын деп ойлаған да жоқпын. Қуанышымда шек жоқ. Барлық қазақстандықтарға өзінің баспанасы болып, бақытты өмір сүруін тілеймін», – деді жаңа қоныс иесі. 

Жаңа тұрғын үй кешеніне 300 отбасы қоныс тебеді. 328 пәтерлі көпқабатты кешен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын іске асыру шеңберінде салынып, пайдалануға берілді. Салтанатты шарадан кейін Астана әкімі бірнеше пәтерге кіріп шығып, жаңа қоныс иелерін құттықтады. 

Астананың сол жағалауына салынған үй Нәжімеденов даңғылы мен Байтұрсынов көшесіндегі ыңғайлы транспорт жолайырығымен шектесіп жатыр. Жақын маңайда астананың Ұлттық музей, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Хазрет Сұлтан» мешіті сияқты мәдени нысандар орналасқан.   

Қазіргі таңда тұрғын үй саласындағы ахуал Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы бойынша қосымша механизмдер мен құрылыстың қарқынын есепке алғанда, айтарлықтай жақсарып келеді. 

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Р. Қошқарбаев 39 даңғылында салынған үйдің иелері де әкімнің қолынан пәтер кілтін алған болатын. 

Осы жылы 1000 пәтерден астам жалпы алаңы 60,58 мың шаршы метрді құрайтын  6 көпқабатты үйлер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар

 




Наверх