«Пәтер иелерінен түрлі қажеттіліктер үшін жиналатын қаражаттың жұмсалуы әлі де болса басы ашық мәселе. Айта кету қажет, пәтер иелерінің кооперативтері өзін-өзі басқару институты болып есептеледі. Пәтер иелері үйді басқаруды кімге тапсыратындығын таңдауға, өздері таңдаған қызмет көрсетушілермен шартр жасасуға құқылы. Жаңа цифрлық технологиялар жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. Мәселен, Е-ПИК мобильді қосымшасы. Жақында пәтер иелерінің кооперативтері ассоциациялары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездестім. Алдағы уақытта пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жетілдіруге арналған жобаларды бірлесе іске асырамыз», – деп жазды қала әкімі.
Сонымен қатар елорда басшысы өзінің жазбасында пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жетілдіруден басқа акселератор бағдарламасының тағы екі бағыты бар екенін де атап өткен.
«Екіншісі – қаланы санитарлық тазалау. Мәселен, алдағы қыс мезгілінде қар тазалау, мұздарды жинау. Сондай-ақ нөсер кәріздерінің жұмысы, ашық люктер, сынған плиткалар, осы саладағы қызметтерді тарифтеу мәселелері т. б. Үшінші бағыт – қоғамдық көлік мәселелері. Бұл бағыт бойынша қызмет көрсету сапасы, төлем жүйесі, жүргізушілерді ынталандыру бойынша шаралар, маршруттық бағыттар және т.б. қаралады. Акселератордың басты міндеті – осы 3 бағыттың өзекті мәселелерін шешу. Егер сіздерде пәтер иелерінің кооперативтері, қоғамдық көлік пен қаланы санитарлық тазалау жұмыстарын жақсарту немесе трансформациялау бойынша идеялар мен ұсыныстар болса, акселератор сайтына жазыңыз», – деп түйіндеді елорда әкімі Fasebook-тағы жазбасында.