Мәдениет

«Астана Опера» театрында халық әндері шырқалады

10 шiлде, 10:33201
Автор: Elorda Aqparat

12 шілде күні «Астана Операның» Камералық залында тыңдарман назарына «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» атты концерт ұсынылады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Керемет әнші-сопрано, театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, танымал баритон, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов көрерменге қазақ музыка жауһарларынан құралған мазмұнды да сан алуан бағдарламаны тарту етпек.

Сондай-ақ музыкалық кешке жарқын аспапшылар – ҚР еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Раушан Бескембирова (фортепиано) қатысады.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына баршаға сүйікті халық әндері – «Япырай», «Бір арпа бидай», «Шәпибаяу», «Тілеуқабақ», «Екі жирен», «Ақ қурай», «Баянауыл», «Сұржекей», сал-серілердің әндері, ұлттық классика жауһарлары, атап айтқанда, Ақан Серінің «Сырымбет», Сегіз Серінің «Қарғаш», Мәди Бәпиұлының «Қаракесек», Естайдың «Құсни-Қорлан», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз», Зілқара Байтоқаұлының «Жиырма бес» шығармалары ұсынылады.

Атақты қазақстандық композиторлар – М.Төлебаевтың скрипкаға арналған поэмасы, К.Күмісбековтың виолончельге арналған поэмасы, Ә.Мәмбетовтың Трио – Элегиясы (1-2 бөлімдер) сынды аспаптық туындылары орындалады.

Камералық залда өтетін кеш қарсаңында Жұпар Ғабдуллина осынау концертке қатысудың өзі үшін үлкен бақыт екенін атап өтті, себебі вокалист камералық музыканы шырқауды өте қатты жақсы көреді.

«Бұл кеште Камералық зал сахнасына шығу – мен үшін екі есе қуаныш сыйлайды, себебі концертке ұстазым Шахимардан Әбілов қатысады, мен оның сыныбында Құрманғазы атындағы консерваторияның аспирантурасында оқыған едім. Шахимардан Қайратұлының біздің театрымызда өнер көрсететініне қуаныштымыз, ол – халық әндерінің, ұлттық сазгерлер шығармаларының тамаша орындаушысы деп танылған, ол аталмыш туындылармен тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Еуропа мен Жапонияда да жеке концерттерінде өнер көрсеткен», - деді Жұпар Ғабдуллина.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх