Мәдениет

Асхат Маемиров: театр саласында менеджментті дамыту керек

05 желтоқсан, 20:59156
Автор: Elorda Aqparat
Дереккөз: ҚР МСМ баспасөз қызметі Дереккөз: ҚР МСМ баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы көркемдік кеңестің отырысында биылғы маусым айында "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңға енгізілген өзгерістер жайында ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов бүгінгі отырыста қызу талқыланған тақырыптардың көпшілігі бұрыннан бері бар екенін, алайда шешімін таппай келе жатқанын айтты.

«Дегенмен мәселелер бар екен деп қол қусырып отырған да жарамайды. Мәселен, 7-8 жылдың көлемінде театр сахнасында белгілі бір образ қалыптастырған актер шыққан жоқ. Бәрі тек белгілі ролді сомдаудан әрі аса алмай жүр. Егер қоғамдық құбылыс туғызып, көрермен көңілінен шығатын туындылар саны артса, қолдаусыз қалмайды», – деді ол.

Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов осыдан 15 күн бұрын аталған одақ атынан еліміздегі барлық театрдың жай-күйі мен саладағы мәселелердің сырт қалмауын айтып, Мемлекеттік хатшыға хат жолдағанын айтты.

«Сонымен қатар біз хатта театр қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету керектігін, «Қазақстанның Халық әртісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген атақтарды қайтаруды көтердік. Қазір әр аймақ өзінің фестивальін өткізе салатын болды. Түптеп келгенде бұл – жақсы үрдіс емес. Жалпы, фестивальдар аясын кеңейтіп, сахналанатын қойылымдар Театр қайраткерлері одағы мен Қазақстан театрлар ассоциациясының сүзгісінен өтіп отыруы керек. Ал осы қоғамдық ұйымдар министрлікпен қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана драматургияны дамыта аламыз», – деді ол.

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемиров қазір театр саласында менеджментті дамыту керектігін тілге тиек етті.

«Менеджмент дегенде, Еуропа театрларының көрерменмен қалай тығыз қарым-қатынас орнатқанын мысалға алуға болады. Осылайша, өнер ордалары жанама табыс көзін тауып, түйінді жайттарды өздері шешер еді», – деді А.Маемиров.

Жиынды қорытындылай келе, Мәдениет және спорт вице-министрі бүгін шын мәнінде ашық, еркін диалог болғанын атап өтті.

«Бүгін көтерілген тақырыптың барлығы хаттамаға түсірілді. Енді осы бойынша тиісті органдар жұмыс істейтін болады. Келесі жиынды күтіп отырмай тез арада істің шешімін табуды қамтамасыз ету маңызды», –  деді Нұрғиса Дәуешов.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін республикалық көркемдік кеңестің отырысы өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз. 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх