Тұрғын үй алаптары

«Арыстан» тұрғын үй кешені: елордада кезекті проблемалы нысан тапсырылды

30 желтоқсан, 18:02596
Фото: Василий Крась/Elorda Aqparat Фото: Василий Крась/Elorda Aqparat

Бас қалада проблемалы нысанға айналған «Арыстан» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің А блогы бүгін қолданысқа берілді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Сіздердің көптен бері күткен баспаналарыңызға қол жеткізіп отырғандарыңызға шын жүректен қуаныштымын. Бұл өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарылған жұмыстың жемісі. Қазіргі уақытта көппәтерлі тұрғын үй кешенінің А блогының жұмысын аяқтадық. Әлі де атқарылатын шаруалар бар. Олар аяғына дейін жеткізіледі. Алдағы уақытта қалған үш блокты аяқтауымыз керек. Бұл нысанды аяқтау бойынша «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-мен келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір кешеннің инженерлік, электр, жылу желілерін іске қосу бойынша тиісті шаралар қабылдануда», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.

Ол сөз арасында бұл нысан бойынша атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Фото: Василий Крась/Elorda AqparatФото: Василий Крась/Elorda Aqparat

«Қалған үш блок бойынша жобалау жұмыстары аяқталып қалды. Сараптау жұмыстары жүргізілді. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылғаннан кейін мемлекет бюджетінен қосымша қаржы бөлінеді», - деп тоқталды қала басшысының орынбасары.

Салтанатты жиында «Бақыт Арыстан» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы Мәншүк Жұмадиева проблемалы нысанның аяқталуына қала әкімдігі үлкен көмек көрсеткенін ерекше атап өтті.

Фото: Василий Крась/Elorda AqparatФото: Василий Крась/Elorda Aqparat

«Үлескерлеріміз алғаш рет 2012 жылдың 1 қаңтарынан 2016 жылға дейін ақшаларын салды. 500-ден астам осы кешеннен үй сатып алды. Бүгін 140 отбасыға пәтер кілті тапсырылды. Қала әкімдігіне арызданып барғанымызда өтінішімізді жерде қалдырмады. Міне жүйелі атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Қазір пәтерлер аяқталмаған (черновой) күйде. Толық жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін барып қана көшіп кіре аламыз. Бәріңізге алдағы жыл жақсылыққа толы болсын!» - деді Мәншүк Жұмадиева.

Жиын барысында А блогының үлескерлері қалалық әкімдік басшылығына жылы лебіздерін білдірді.

Фото: Василий Крась/Elorda AqparatФото: Василий Крась/Elorda Aqparat

«Көптен күткен пәтеріміздің кілтін алып отырмыз. Ендігі баспанамызға жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Қиын сәтте қол ұшын созып, жағдайымызды назарда ұстаған қала әкімдігіне үлкен алғысымды білдіремін. Ал «Бақыт Арыстан» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы Мәншүк Жұмабайқызына ерекше рахмет айтамын», - деді математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, «Арыстан» ТК-ның үлескері Ботагөз Қалиева.




Наверх