Спорт

«Арсеналдың» бас бапкерінен коронавирус анықталды

13 наурыз, 10:1172
Автор: Elorda Aqparat

Ағылшынның «Арсенал» командасын жаттықтыратын Микель Артетадан коронавирус ауруы анықталды, деп хабарлайды Елорда Инфо BBC-ге сілтеме жасап.

Осыған байланысты команданың негізгі құрамы, қызметкерлері, Артетамен тығыз қарым-қатынаста болғандар екі аптаға оқшауландырылды. Ал «Арсеналдың» жаттығу орталығы уақытша жабылды. Алдағы сенбі күні «Арсенал» «Брайтон» командасымен кездесуі керек болатын. Бірақ жағдайға байланысты команданың АПЛ-да болатын ойындары кейінге шегерілді.

«Бұл мені расымен қайғыртып отыр. Өзімді нашар сезінген сәтте-ақ тест тапсырғанмын. Енді жұмысыма рұқсат берілгенде бір-ақ шығамын», - дейді Микель Артета.

BBC Sport басылымының хабарлауынша Премьер-лиганың бүкіл 20 клубы өзара ақылдаса келіп, нақты бір шешім қабылдауды жоспарлап отыр. Ол шешімнің бірі ретінде алдағы демалыс күндері болатын ойындарды кейінге шегеру болмақ.

«Арсеналдың» атқарушы директоры Винай Венкатешам команда мүшелерінің денсаулығы бәрінен маңызды екенін ерекше мәлім етті.

«Бұл жағдайдан шығудың жолын көрсетуге қызығушылық танытқандармен белсенді байланыс орнатып жатырмыз. Дәрігерлер рұқсат берген сәттен бастап жаттығуымыз бен ойындарымызға ораламыз», - деді команданың атқарушы директоры.

Осыған дейін «Арсенал» мен «Манчестер Сити» арасындағы ойын сақтық ретінде кейінге қалдырылған. Бұған «Арсенал» ойыншыларының коронавирус жұқтырған грекиялық «Олимпиакос» командасының басшысы Эвангелос Маринакиспен сұхбат құрғаны себеп болды.

52 жастағы Маринакис екі апта бұрын Еуропа лигасының аясында өткен ойында «Арсеналдың» бірнеше ойыншысымен кездесу өткізген. Бірақ ағылшын командасы сол кездің өзінде ұжымның ойыншылары мен қыметкерлері коронавирусқа қарсы тексеруден өтпейтінін хабарлаған.

Айта кетейік, осыған дейін «Манчестер Ситидің» ойыншысы Бенджамин Менди отбасындағы бір адамнан коронавирус қаупі пайда болуына байланысты оқшауландырылды. Ал ағылшындардың тағы бір клубы – «Лестер Ситидің» негізгі құрамда ойнайтын үш ойыншысынан жұқпалы індеттің белгілері анықталған.

Сонымен қатар, италиялық «Ювентустың» қорғаушысы Даниэле Руганидің жұқпалы ауру жұқтырғаны белгілі болды.




Наверх