Қылмыс және оқиғалар

Ардавичустің сыбайласы: «Астана» спорт клубының директоры қамауға алынды

03 наурыз, 13:5463
Автор: Elorda Aqparat
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

«Астана» спорт клубының директоры спортты дамытуға бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Елорда Инфо Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Самұрық-Қазына» қорының спортты дамыту және Қазақстанның беделін көтеруге бөлінген ақшаны жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы баспасөз мәслихатында агенттіктің 2-департаментінің басшысы Сергей Перов айтты.

«Тергеу барысында «Астана» кәсіби спорт клубы директоры Аманбек Кульчиковтің аталмыш клуб құрамына кіретін «Astana Pro Team» велокомандасы» жетекшісі Ләззат Шәмшиева және «Astana Motorsports» жетекшісі Артур Ардавичуспен бірлесіп, қылмысқа барғаны анықталды», - деді Сергей Перов.

Кульчиков 2016-2018 жылдар аралығында клубтардың нақты қажеттіліктерін біле тұра, қасақана шығындар көлемінен бірнеше есе артық сомаларға қаржыландыру туралы тапсырыстарды, Шәмшиева мен Ардавичустің қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы жалған есептерін қабылдаған.

«Артық бөлінген ақшаны шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасау, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу және тағы басқа жалған актілерге қол қою жолымен жымқырған», - делінген ақпаратта.

Мысалы, демеушілер жыл сайын әлемдік кәсіби стандарттарға сай келетін 200-ден астам брендтік велосипедті тегін ұсынады. Соған қарамастан 2018 жылы қажеттілік болмаса да, Алматы қаласында автошина сатумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен келісімшарт жасалған. Бұған қоса, алты велосипед, оған қосалқы бөлшектер сатып алуға 219 мың еуро сомасында жалған келісімшарт рәсімдеген. Ал бұл қымбат велосипедтер жеткізілмеген, қаражат жымқырылған және де бұндай деректер аз емес.

«Бөлінген ақша олардың отбасы мүшелері мен спортқа еш қатысы жоқ басқа адамдардың ел ішіндегі және шет елге ұшуларын төлеуге жұмсалған. Бұл шығындардың өзі жүз миллион теңгеден артық соманы құрайды. Бүгінде анықталған залал сомасы екі миллиард теңгеден асады», - деп хабарлайды агенттік.

Қазір Кульчиков пен Шәмшиева Нұр-Сұлтан қаласының тергеу абақтысында отыр. Сот шешімімен олар екі ай қамауда болады. Ал Ардавичусқа Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланды. Оған қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Іс бойынша күдіктілердің Алматы мен Нұр-Сұлтандағы қымбат мүліктері, автокөліктері, элиталық пәтерлері, жер учаскелері анықталды.  Басқа да тұлғалардың осы іске қатысы тексеріліп, тергеу жалғасуда. Әрбір тұлғаның кінәсін алдағы уақытта сот анықтайды.




Наверх