Қоғам

Алтынбек Қайсағалиев: Елордадағы 2609 үйге 488 ұйым қызмет көрсетеді

22 қараша, 18:46118

Бүгін «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалында қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев елордадағы тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдардың басшыларымен арнайы жиын өткізді. Басты мәселе – аулаларды қардан тазалау жұмысының сапасы. Жиында бас қаладағы аудан әкімдерінің орынбасарлары, жауапты мекеме басшылары осы жұмысты түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Қазіргі уақытта бас қалада 2609 көпқабатты тұрғын үй бар. Онда 1593 аула орналасқан. Оларға 488 ұйым қызмет көрсетеді. Бұл қызмет көрсететін ұйымдар мен пәтер иелерінің кооперативін (ПИК) қоса есептегендегі көрсеткіш. Қысқы уақытта қалалық әкімдік пен коммуналды кәсіпорындар күнделікті тазалық жұмыстарын үш ауысымда жүргізеді. Әр ауысымға бас-аяғы 650 арнайыланған техника мен 800-ден астам жұмысшы жұмылдырылады. Қар жауған уақыттан бүгінге дейін қаладан 240 мың текше метр қар шығарылды. 10 қарашаға қараған түні 23 мм қар жауды», - дейді Алтынбек Қайсағалиев.

Ол осы күндері қар аралас жаңбыр жаууының салдарынан аулаларда, ондағы жүргіншілер жолында көктайғақ орнап, жұртшылық жүруіне айтарлықтай қиындық келгенін жеткізді. Күн салқындап, қар жауған уақыттан бері елорда әкімдігіне қала тұрғындарынан әсіресе аулаларды қардан тазарту жұмысына қатысты арыз-шағым көптеп түсіп жатқанын қозғады. Ол өз сөзінде тазалық жүмыстары тәулік бойы жүргізілгенмен кей компаниялар өз міндетіне жүрдім-бардым қарап отырғанын ерекше қозғады.

«Қазіргі уақытта тұрғын үй қорында 134 үйде қызмет көрсететін ұйым жоқ. Бұл ол үйлердің техникалық жағдайының нашарлауына әкеледі. Жыл басынан бері 244 қызмет көрсететін ұйымның жұмысы тексерілді. Өткен жылмен салыстырғанда шағым көлемі 30 пайызға азайды. Бүгінге дейін 422 тексеру іс-шрасы жүргізіліп, анықталған бұзушылықтар бойынша 429 ұйғарым берілді. 1 қарашадан бері 139 шағым түсті. Шағымның басым бөлігі квартал ішін қардан тазалауға қатысты. Оның 88-і үй төбелеріндегі сүңгілердің қауіп тудыруына байланысты түскен», – дейді қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышев.

Осыдан кейін елорданың Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Саматұлы аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

«Алматы ауданында 755 көппәтерлі тұрғын үй бар. Онда 420 аула орналасқан. Аулаларды қардан уақытылы әрі сапалы тазартып тұру үшін 20 бригада құрылды. Аудан 9 кварталға бөлінген. Әр бригадада 1 жүк тиегіш пен 2 самосвал және 4 адам бар. Бұдан бөлек, аулаларда уақытша қар жинайтын 220 орын белгіленді. Яғни, ПИК өз күшімен қарды сол орындарға жинайды, ал аудан әкімдігі оларды сыртқа шығарады. Тұрғын үйден бес метр қашықтыққа дейінгі аумақты қардан тазалау қызмет көрсететін мекеменің мойнында. Ауданда жалпы саны 650 аула тазалаушы бар. Бірақ талдау жұмыстарының нәтижесінде бұл аздық ететіні белгілі болды. Сол себепті қызмет көрсететін ұйымдарға қысқы уақытта қосымша жұмысшылар тарту кеңес етілді», - дейді Мақсат Саматұлы.

Ол сонымен қатар аудан әкімдігі тазалық жұмыстарына мониторинг тұрақты жүргізіліп тұратынын айтып, аудандағы 755 үйдің шатырының бәрі мұз сүңгісінен тазартылғанын қозғап өтті. Сол сияқты қар жауғалы бері жұмысына бей-жай қараған 28 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті.Аудан әкімінің орынбасары қала тұрғындарының арыз-шағымы көбіне iKomek109 қызметіне түсетінін айта келіп, қараша айының басынан бері 516 қоңырау түскенін мәлім етті. Қазір оның 450-і бойынша тиісті жұмыстар атқарылыпты. Қалған 66 қоңырау бойынша жақын уақытта тиісті шаралар қабылданады.

«Қазір жұмысы нашар ПИК: «Студенческий», «Түркістан», «Виктория С.М.», «Астана субсервис». Бірақ біз айтқан ескертпелер қазір орындалды. Олар уақытылы тазалық жұмыстарын атқармағаны үшін ескерту алып отыр», - дейді Алматы ауданы әкімінің орынбасары.

Осыдан кейін Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Досмағанбетов аумақтағы жұмыстарға тоқталып өтті.

«Байқоңыр ауданында 443 көпқабатты орналасқан. Онда 234 аула бар. Оларға 112 ұйым қызмет көрсетеді. Аула тазалайтын 250 адам бар. Әкімдік тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, тазалық жұмысын тиісті деңгейде атқармаған ұйымдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Ал өз кезегінде Есіл ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Қайыржанов аумақтағы жұмыстарға тоқталып өтті.

«Есіл ауданында 607 тұрғын үй бар. Жалпы аумағы – 5 млн 500 мың шаршы метр. Жалпы саны 74 мың пәтер орналасқан. Оларға 150 ұйым қызмет көрсетеді», – дейді Әнуар Қайыржанов.

Ол аудан бойынша түскен арыз-шағымдар толығымен, уақытылы орындалып жатқанын айтып өтті.

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Теміржан Едігенов мінберге шығып, жағдаймен түсіндіріп өтті.

«Сарыарқа ауданының аула ішіндегі тазалық жұмыстарын 9 ұйым жүргізеді. Олар 15 млн шаршы метрден астам аумақты қардан тазалайды. 41 техника жұмылдырылды. Оның ішіндегі 21-і – жүк көлігі, жүк тиейтін – 18, трактор – 2. Жалпы саны 132 адам жұмыс істейді. Аулаларды тазалау күн сайын 7 сағатқа созылады. Сарыарқа ауданында 938 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларға 140 ұйым қызмет көрсетеді. Оның ішінде 82 ПИК, 36 ЖШС, 14 ЖК, 5 өндірістік кооператив, 2 қоғамдық бірлестік, 1 тұрғын үй-құрылыс кооперативі бар», - дейді Теміржан Едігенов.

Ол өз сөзінде қар жауған күндері әр ауланың тазалық жұмыстарына қосымша жұмыс күші тартылатынын мәлім етті.




Наверх