Мәдениет

Актриса Айнұр Бермұхамбетова «Ай-Нұр әлемі» атты концерт-спектаклін қойды

05 наурыз, 12:43496
Автор: Elorda Aqparat
Фото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметінен Фото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметінен

Көктемнің алғашқы күндерінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актрисасы, дубляж шебері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Бермұхамбетова «Ай-Нұр әлемі» атты концерт-спектаклін көрерменіне ұсынды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Кеш барысында екі сағат бойы жанды дауыспен әртүрлі жанрда небір күрделі әндерді шырқады. Шағын монологтар мен поэзия оқыды, рөлдерден үзінділер орындады. Қазақ өнеріне өмірін арнаған тарландардың экранда бейнелерін шығарып, әнмен тағзым етті.

«Ай-Нұр әлемі» дүлдүл актрисаны, бұлбұл әншіні, ғажап көркем сөз шеберін, дубляждың майталман маманын, ұлағатты ұстазды өнерсүйер қауыммен қауыштырды. Сахна мен экранда талай рөлді жарқырата сомдап жүрген хас шебер тағы бір тамсандырды, тағы бір таңқалдырды. Кеш барысында әннің әр сөзін, әр нотасын жүректен жүрекке жеткізу әнші-актрисаға тән қасиет. Театр сахнасында жасаған әр образы өнер тарихына таңба болып қалары сөзсіз. Өнерлі отбасы Нұркен Өтеуілов пен Айнұр өнер әлемінде бір-біріне сүйеу болып екі ұл тәрбиелеп отыр. Анасының кешінде кіші ұлдары Ақарыс Әшімхан гитарамен ән салып көрермендер ықыласына бөленді. Группаластар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Қ.Қыстықбаев, С.Қамиев, А.Иманбаева, Н.Өтеуілов, А.Бермұхамбетовалар шырқаған «Қыз Жібек» операсынан ариялары мен әзілдер де қошеметке ие болды. Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев, Амангелді Сембин, Мұрат Әбзелбаев сынды ұлы ұстаздардың талантты шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде өнер үшін қызмет етіп жүр.       

Фото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметіненФото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметінен

Фото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметіненФото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметінен

Кеш соңында ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың атынан алғыс хат жолданды.

Сол сияқты кештің басты қолдаушысы Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Н.Сыдықовтың атынан да арнайы алғыс хат ұсынылды.

Арнайы құттықтаулардан кейін, театр директоры – өнертану ғылымдарының PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлы Маемиров:

«Қадірменді қауым! Менің ұғымымда бүгін қаламыздың мәдени өмірінде ерекше күн. Себебі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Мәдениет басқармасының қолдауымен бүгінгі «Ай-Нұр әлемі» деген қойылым өтті. Елордамызда үлкен қарашаңырақ Қаллеки театрының ұжымы жүз пайыз Сіздердің алдарыңызда тірідей, жанды дауыста өнер көрсетті. Табиғи түрде керемет қойылым жасады. Бұл кеш біздің театрдың потенциалын көрсететін қойылым болды. Осы залда театрымыздың көркемдік жетекшісі, профессор Т.Теменов ағамыз жоғарыдан қадағалап отыр. Т.Мейрамов бастаған үлкен шеберлері отыр. Бүгінгі әсерлі, әуезді әсем кешті Қаллеки театры ұжымы атынан кешегі Алғыс айту күніне, алдағы 8 наурыз Аналарға арналған тартуымыз ретінде қабыл алыңыздар.Сіздердей көрермендеріміз аман болыңыздар дейміз! Қазақтың әрбір шаңырағын бүгінгі күндегідей ән мен жыр тербесін!» - деді.

Фото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметіненФото Қ.Қуанышбаев театрының баспасөз қызметінен




Наверх