Руханият

Абайға жақындай түссек, интеллектті ұлт боламыз – Сақ Қайрат Өмірбайұлы

17 қаңтар, 20:20351
Автор: Elorda Aqparat
Дереккөз: Ұлттық музейдің баспасөз қызметі Дереккөз: Ұлттық музейдің баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – келер ұрпаққа және қонақтарға қазақ халқының көрнекті перзенті, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен әлем аренасына насихатталу жолдарын талқылау.

«Абай: «Адам болу үшін ғылымға деген махаббат болу керек. Сонда ғана Алланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық жүзеге асады» деген. Сондықтан біз жастарды тәрбиелеп, олардың ғылым-білімге деген махаббатын оятуымыз керек», – деді философия ғылымдарының кандидаты, доцент, абайтанушы Омар Жәлел.

Өз мақаласында Президент Абайдың сөздерінің маңыздылығы туралы көпшілікпен ой бөлісіп, сонымен қатар «Абай сияқты ұлтты сүюге» шақырады.

«Абайды тануға алғаш боп атсалысқандар Алаштың ардақты азаматтары болатын. Міржақып Дулатұлы өзінің «Абай» деген еңбегінде: «Абайдың қазасынан ұзаған сайын, оның рухымен жақындай түсеміз» деген. XX ғасырдың басында Абайды түсінген, таныған қазақ саусақпен санарлық еді, қазір XXI ғасырда Абайдың қадірін, қаситетін білетін қазақтың саны мыңдап саналады. Бұл – қазақтың өскені. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмай, Елбасымыз өзінің мақаласында айтып өткендей, бұл жылды ақыл-ойымызды арттырып, ой-санамызды өзгертуге арнауымыз керек. Абайды толық тануымыз үшін Абай оқыған барлық кітаптың тізімін жасап, оқып шықсақ, Абайды түсінуге бір қадам ілгері басар едік. Әр үйдің төрінде домбыра, Абайдың туындысы, «Абай жолы» роман-эпопеясы тұрып, Абайға жақындай түссек, біз өркениетке жақындаймыз, интеллектті ұлт боламыз», – деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Іс-шараға  сондай-ақ Л. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан құрылған «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Жанбота Карипбаев, ЕҰУ жанынан ашылған «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институты директоры Ерлан Сайлаубай, Қол жазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының орынбасары Қайыржан Күзембаев, мәдениет қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер унивреситетінің оқытушысы Толғанбай Сембайұлы, Абай өлеңдерінің зерттеушісі Құмарбек Қалқатайұлы, ақын, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы Серікзат Дүйсенғазин, Абайдың күй және үш ішекті домбра зерттеушісі Рүстем Нүркенов, Нұр-Сұлтан қаласы «Руханият» КММ бөлім басшысы Еркебұлан Ерболатұлы, Нұр-Сұлтан қаласы «Руханият» КММ жоба менеджері Фархат Қаналы және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанттары, магистранттары мен оқытушылары қатысты.

Сонымен қатар Ұлттық музей қорындағы Абайдың құтысы, Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналып жасалған опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Абай шығармаларын насихаттаушы Мыржықбай Кенжеғали Тұрсынбекұлына сыйға берілген сағат пен арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.




Наверх