Қоғам

Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай елордада 300-ден астам шара өтеді

21 қаңтар, 10:46112

Бас қалада Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтудің тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес, елордада бас ақынның мерейтойына арналған 300-ден астам іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«2020 жылы бекітілген қалалық жоспарға сәйкес, елродамызда әртүрлі деңгейде 300-ден астам шара өтеді. Мектепке дейінгі мекемелерден бастап мектептерде, орта арнаулы оқу орындарында және жоғары оқу орындарында, мекемелерде, театрларда Абай оқулары, поэзия кештері, кітап көрмелері, Абай жолы қойылымдары, тарихи танымдық саяхаттар, жас ақындардың поэзиялық кештері, Абай әндері кеші, ақындар айтысы, тәрбие сағаттары және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар қаланың ірі сауда орындарында, саябақтарға, аялдамаларда және адамдар көп шоғырланатын орындарда Абайдың қара сөздері мен өлеңдері аудио форматта таратылып, қаланың көрікті жерлеріндегі тақтайшаларға ұлы тұлғалардың Абай туралы айтқан қанатты сөздері орналастырылады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев елорда әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңесте.

Сондай-ақ, басқарма басшысы Абайдың мерейтойына орай өтетін маңызды шаралардың бірі қазан айына жоспарланған «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтетінін айтты.

«Бұл шараға елімізден бөлек, Абайтану саласына еңбек сіңірген ғалымдар, оның ішінде Германияның Гете институтынан, Түркиядан, Моңғолиядан, Қытайдан, Америкадан және Канададан, Татарстан мен Әзірбайжан сынды өзге де мемлекеттерден Абайдың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеп жүрген зиялылар қатысады деп жоспарланған», - деді ол.




Наверх