Мәдениет

А.Мұхамедиұлы: Ұлттық музей 5 жылда мәдениет пен ғылымның киелі ордасына айналды

18 желтоқсан, 19:56603
Автор: Elorda Aqparat
Фото Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен Фото Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен

Бүгін ҚР Ұлттық музейінің 5 жылдығына арналған «Қазақстан музейлері: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халықаралық форум өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Конференцияның негізгі мақсаты – Қазақстан музейлерінің қазіргі әлемнің өзгермелі жағдайларына бейімделуі мен музейлер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру. Бағдарламада «Алыс және жақын шетелдердің музей ісін дамытудағы тәжірибелері», «Қазақстан музейлері: мәселелер мен шешу жолдары» тақырыптарында панелдік отырыстар ұйымдастырылды.

Фото Ұлттық музейдің баспасөз қызметіненФото Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы:

«ҚР Ұлттық музейі 5 жыл ішінде елеулі жетістіктермен алға жылжып келеді. 5 жылдық қызметтің нәтижесінде біз мәдениет пен өнер, ғылымның киелі ордасына айналып үлгердік. Қазіргі кезде музей залдары әр көрерменнің көзайымы деуге болады. Осы мерзім ішінде өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі 300-ге жуық көрме  ұйымдастырылды. Музейде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі Қазақстан» орталығы құрылып, үлкен жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Ұлттық музей ғылыми орталық ретінде танылып, жыл сайын музей қызметкерлері халықаралық және республикалық археологиялық экспедицияларға қатысады. Ресей, Германия, Корея, Жапония, Қытай елдерінің ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатылды», – деп, Ұлттық музейде жүзеге асырылған тың жобаларға тоқталып өтті.   

Халықаралық форумның алға қойған негізгі міндеті – музейлер мен көрме кеңістіктерін цифрлық форматта дамыту саласындағы үздік тәжірибелерді көрсету, қазіргі заманға сай музей менеджментін дамыту, музей заттары мен коллекцияларын сақтау проблемаларын шешу, музейлерді дамыту контексіндегі мультимедиялық жобалардың рөлін арттыру, республикалық және өңірлік музейлер арасындағы шығармашылық белсенділік пен музей саласындағы медиажүйенің маңыздылығы мен басқа да өзекті мәселелерді талқылау.

Өз кезегінде сөз алған Мемлекет және қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Мырзатай Жолдасбеков Ұлттық музей қызметкерлерін 5 жылдық мерейтоймен құттықтады.

«Бұл музейді қалыптастыру оңай болған жоқ. Алғаш концепциясын дайындау қажет болған кезде мен комиссияның төрағасы болдым. Елімізде музейтанушы, музей мамандары тапшы болды. Бірақ көпшіліктің арқасында, ардақты азаматтардың арқасында концепцияны бекіттік. Қазіргі кезде Ұлттық музей жолға қойылып, Қазақстанның бетке ұстар тарихи-ғылыми орталығына айналды. Сол үшін қуаныштымын. Ұлттық музей ашылған кезде Президенттік мәдениет орталығында тұрған тарихи экспонаттар және ондағы барлық ғылыми қызметкерлер осында көшіп келді. Бүгінде барлығы осы музейде жұмыс істеп жүр деп ойлаймын, оларға ағалық алғысымды білдіргім келеді», – деді ол.

Форум аясында «Қазақ Алтайының қазынасы» көрмесі ашылды. Көрмеде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында археолог-ғалым З.Самашевтың жетекшілігімен 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық экспедиция барысында «Елеке Сазы» қорғанынан табылған байырғы сақ мәдениетінің бірегей алтын бұйымдары ұсынылды. Сондай-ақ жетінші «Алтын адамның» т.ғ.д. профессор Зейнолла Самашев жасаған ғылыми реконструкциясы алғаш рет таныстырылды.

Сонымен қатар форум барысында «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасының қорытынды баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Мемлекет және қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Мырзатай Жолдасбеков, Т.ғ.д., археолог Зейнолла Самашев, Ислам мәдениеті музейінің директоры Ильнур Низамиев (Татарстан), Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Файзиева, Солтүстік Македония Ұлттық археологиялық музейінің директоры Горан Санев, Анадолы өркениеттері музейінің директоры Юсуф Кирач, Малайзия Музейлер департаментінің саяси және стратегиялық жоспарлау бөлімінің кураторы Мастура бинти Мохд Сах, Афины Эпиграфиялық музейі директорының орынбасары Иоанна Вениери және мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері, музей басшылары және қызметкерлері, Қазақстандағы ИКОМ мүшелері, ЖОО-ның ғалымдары және мәдениет саласы қызметкерлері қатысты. 




Наверх