Қоғам

Астанада қанша адам үй кезегінде тұр?

02 қараша, 09:501035

Бас қала төңірегінен саяжай учаскесін алуға бола ма? Баспаналы болуда мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қандай жеңілдіктер қарастырылады? Осы және басқа да Тұрғын үй тақырыбына қатысты сауалдарға «Елорда тынысы» радиохабарында қонақта болған Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов жауап берді, деп хабарлайды Елорда инфо.

Руслан Ахметовтің айтуынша, бас қалада тұрғын үй кезегінде 47 мың адам тұр. Алматы қаласымен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 2,5-3 есеге жоғары екенін айтқан басқарма басшысы елордадағы кезекке тұрушылар саны жыл сайын 5 мың адамға ұлғаятынын тілге тиек етті.

- 2015-2017 жылдары аралығында кезекте тұрғандардың 5 мыңы, ал жыл басынан бері 700-ден астамы баспаналы болды. Олардың 260-ы пәтерлеріне өз кезегі келген, ал 500-ге жуығы «Нұрлы жер» мемлекеттік Тұрғын үй бағдарламасы арқылы қол жеткізді. Жыл соңына дейін тұрғындар тағы да 100 пәтерге қоныстанады деген жоспар бар. Сол сияқты жоспарға сай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бойынша 600 пәтерге құжат қабылданатын болады.

Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы айтар болсам, тұрғындардың осы бағдарлама арқылы ипотекалық несиемен пәтер алуға мүмкіндіктері бар. Жалпы, тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанамен қамтамасыз ету тұрғысында мүгедек жандар мен жетімдер үйі тәрбиеленушілеріне, ардагерлерге, көп балалы отбасыларға және зейнеткерлерге басымдық беріледі.

Айта кету керек, Ұлы Отан соғысы ардагерлері арасында Астана бойынша баспаналы болмаған бірде-біреуі қалмады, - дейді Р.Ахметов. – Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілері 18 жасқа дейін үй кезегіне тұруға құқылы. Оларды тіркетуге балалар үйінің директорлары мен қамқоршыларына міндеттеледі. Егер кезекке тұрған балалар үйінің тәрбиеленушілері кәмелеттік жасқа толмаған болса, құжаттарға қол қою құқығы автоматты түрде директор немесе қамқоршыға беріледі. Жалпы, бұл жағдайды қамқоршылар бақылап отыруы қажет.

Тұрғын үй басқармасы басшысының мәліметіне сүйенсек, қаладағы саяжайлар мен апатты жағдайдағы үйлерді ысырудың бірінші кезеңі бойынша 228 үй - апатты деп танылған. Оның 117-і күреліп тасталса, жоспарға сәйкес биыл қалған 111 апатты үй ысырылады деп жоспарланып отырған көрінеді.

Тікелей эфирдегі радиохабар барысында тыңдармандардың телефон байланысы арқылы және әлеуметтік желілерде қойған бірқатар сауалдарға жауап берген Руслан Ахметов ескі үйлер күрелген соң саяжай алқаптарының орнына Бас жоспарға сәйкес, саябақтар мен гүл бақтары слынатынын жеткізді. Сол сияқты Астанада саяжай учаскесін алуға рұқсат берілмейтінін де айтып өтті.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх