Қоғам

Түркілердің латынға көшу тарихы

19 қыркүйек, 11:062999

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы халқымыздың елдік санасына серпіліс жасап, бас-аяғы үш-төрт айдың ішінде әртүрлі қоғамдық пікірлерді қалыптастырып үлгерді. Соның ішінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері БАҚ беттерінде үздіксіз талқыланып келе жатқан латынға көшу мәселесі бар. Бұл – ұлтымыздың тарихи жадында сақталған өзекті тақырып, соңғы кезде құлаққа да үйреншікті болып қалды. Күні кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қазақ тілінің латынға көшуі туралы парламенттік тыңдауы өтті, көп кешікпей тарихи таңдау жасалмақ. Ендеше, латынға көшудің тарихи тамырлары туралы ойларымызды ортаға салмақпыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын-дағы БАҚ материалдарын парақ­тасаңыз, 1990-1996 жылдары кирилл жазуы негізіндегі қазақ әліпбиін ауыстыру туралы төрт түрлі пікір болғанын көресіз. Олар: 1) А.Байтұрсынов жасаған төте жазуға немесе араб графикасына көшу; 2) латын негізіндегі қазақ әліпбиіне көшу; 3) бүгінгі пайдаланып жүрген кирилл жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінде қала беру немесе ондағы тоғыз төл дыбысымыздың таңбаларынан құтылып, таза кирилл жазуына көшу; 4) қазақ халқының ұлттық жазуына, яғни көне руна жазуына көшу. Руна жазуы демекші, 70-жылдары Әзербайжанда «Көне түркі және көне жапон тілінің туыстығы» туралы диссертация да қорғалыпты. Бұл пікірлер баспасөзде ашық талқыланып, ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінде 1996 жылдың 21 ақпанында латын негізіндегі қазақ әліпбиіне көшу керек пе, жоқ па деген сауал төңірегінде пікір алмасуда ғалымдардың көпшілігі көшу керектігін айтқан.

Латынға көшуге байланысты Ақселеу Сейдімбек 90-жылдары-ақ «компьютерді тиімді пайдалану үшін де, ұйықтап жүрген қазақтарға сілкініс беру үшін де көшу қажеттігі – заман талабы» екенін нақты мысалдармен келтірген екен. Бірақ өткен ғасыр аяғындағы өтпелі кезеңнің қиыншылықтары: одақтың күйреуі, экономикалық дағдарыс, әлеуметтік жағдайдың күрт құлдырауы, елдегі полиэтникалық ахуал латынға көшуге мүмкіндік берген жоқ.

Бірақ еліміз егемендік алғаннан кейін алыс-жақын шетелдермен тікелей байланыс орната бастадық. Солардың бірі латынға алғаш көшкен мемлекет – Түркия Республикасы, Тұрғыт Өзал 1991 жылдың 25 қыркүйегінде Президентімізді Түркияға арнайы шақыртады. Ресми сапар кезінде сондағы қазақтардың да латынға көшу мәселесіне алаңдайтыны байқалады. Шын мәнісінде, қазіргі 300 млн-дай түркі жұртын жақындастырып, олардың өзара емін-еркін түсінісуіне жол ашатын бірден-бір қатынас құралы осы латын әліпбиіне көшу екені анық. Олай дейтініміз егемендіктен бүгінге дейінгі мерзімде алты түркі мемлекетінің (Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия) қатысуымен болған бес басқосу – соның айқын дәлелі. Өкінішке қарай, түркілік ғалымдар бастау-бұлағын көне Римнен алатын латын жазуындағы 26 әріпке негізделген ортақ әліпбидің 34 таңбалық үлгісін жасағанымен, бүгінге дейін ортақ бір мәмілеге келе алмай отыр. Оқымыстылар оның негізгі себебін бұл әріптердің компьютерді пайдалану тұрғысынан қарастырылмауымен және түрік әліпбилерінде бұл әріптердің тұтас пайдаланылмауымен түсіндіреді. Мысалы, сол әріптердің қазақта алтауы (C, C (ноқаты бар), F, H, X, V), түрікте бесеуі (Ә, X, Q, N, W,) қолданылмаған екен. Тағы бір себебін түркі мемлекеттерінің ішінде Қазақстан мен Қырғызстанның осы күнге дейін латынға көшуді кейінге қалдыра беруімен де түсіндіруге болады. Ал ұлты басым әзербайжандар, өзбектер мен түрікмендер шапшаң қимылдап, латынға бірден көшіп алған еді. Латынға көшудің тарихын жиі қозғайтын стамбулдық профессор Әбдіуақап Қара «қазақшада – 42, өзбекшеде – 38, қырғызшада – 41, түрікменшеде 36 әріп бар. 1928 жылдан бері латын жазуын пайдаланып келе жатқан Түркияның алфавитінің өзінде кемшіліктер бар» дейді.

Латынға көшудің мезгілі бізге енді жетті. Есесіне бұл мәселе ширек ғасырлар бойы қоғамда талқыланып, әбден пісіп-жетілді. Әсіресе, ғылымдағы ғұмырын тілді зерттеуге арнаған Әбдуәли Қайдар бастаған ғалымдарымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан бізге латынға көшу жеңілдеу болады деп үміттенеміз. Биыл Президентіміздің тікелей араласуымен, біз 2025 жылға дейін латынға көшсек, көп жылдар бойы санамызға әбден сіңіп, орнығып алған кирилл жазуындағы 42 әріптің түбегейлі өзгеріске ұшырауы сөзсіз. Бізде де «әріптік жарылыс» болмақ. Бұл – заңды құбылыс.

Тарихымызға мойын бұрсақ, өткен ғасырдың басында большевиктер түркі тілдес мұсылман халықтарын үш түрлі (араб, латын, кирилл) әліпбиге көшуге мәжбүр етті. Мамандардың айтуынша, 1920-40 жылдары 72 жазуы қалыптасқан тілдің 50-і латынға көшкен. Солардың басында әзербайжандар мен түріктер тұрғаны белгілі. Жалпы, түркі әлемінде арабшаның орнына латыншаны енгізу мәселесін алғаш рет ХІХ ғасырдың 60-жылдары әзербайжан ғалымы Мырза-Фатали Ахундов көтергенін білеміз, алайда оның ұсынысы Ресей, Түркия, Иран сияқты мемлекеттер тарапынан қолдау таппайды. Бұған қосымша Нәзір Төреқұловтың еңбектерінде «бұл пікірді түрік-ислам дүниесінде белгілі Жалал Нури бей (Стамбул), Мырза Фатали, доктор Нариман сықылды кісілер шығарғаны, жалпы бұл идеяның алғашқы түрік жазушысы және драматург Мырза Фатали Ахундовқа тиесілі екені, сондай-ақ оның түркі халықтарын бірінші болып ресейлік және шетелдік үздік шығармалармен, әсіресе, Мольердің туындыларымен таныстырғаны» айтыл-ған.

Одан кейін бұл мәселе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы «жәдидшілдік», мұсылмандық қозғалы-сында қайта жанданады. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, сол соғыстың аясында Ресейде орын алған үздіксіз революциялар кедергі келтіреді. Осы ретте айта кетейік, сол кездегі Ресей империясындағы 30 млн-ға жуық түркі тілдес мұсылман халықтарының тең жартысы Түркістан өлкесінде шоғырланды.

Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, латынға көшу мәселесін большевиктер партиясы қолға алады. Әрине, күштеу әдістерімен құрылған жас әрі көпұлтты кеңес мем-лекетінің басқару аппаратының көздегені бар-тын. Кеңес одағы құрылған 1922 жылы одақтас республикалардың ішінен әзербайжандар алға шығып, латынға көшудің негіздерін жасайды. Әзербайжанда басталған бұл үрдісті 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылардың бүкілодақтық бірінші съезі жылдамдатады. Сөйтіп, 1928 жылдың күзінде іске кіріскен әзербайжандар 1929 жылдың қаңтарынан бастап латын әліпбиін қолданысқа енгізеді.

Тәуелсіздік жылдарында жарық көрген зерттеулер бойынша 20-жылдары латын әліпбиінің үш нұсқасы (Мұқтар Мұрзин, Халел Досмұхамедов, Нәзір Төреқұлов) жасалған. Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ, «әріп мәселесін алдымен қорғаған әзербайжандықтар өздерін жаңашыл, өзгелерді ескішіл көретінін біздің латыншылдарымыз да ойлайды». Кезінде осы латын қарпінің бір нұсқасын жасауға арнайы тапсырма алған Х.Досмұхамедовтің мақаласында «латын қаріптерін білетін адам біздің жобамызбен қазақша оқи алады. Әзербайжандыкін үйренбей тұрып оқу мүмкін емес. Латынның 14 қарпі (a, b, d, g, k, l, m, n, o, p, r, s, t, z) біздің осы күнгі қаріптерімізге тұп-тура келеді. Сондықтан өзгертілмейінше қабылданатыны» айтылған.

Қазақ арабшылдары мен латыншылдары арасындағы тартыс соңғыларының жеңісімен аяқталып, Қазақстанда латын әліпбиі 1928 жылдан бастап мектептерге енгізіле бастайды және екі тіл қатар қолданылады. Зерттеулер бойынша 1929 жылға дейін «латыншылдардың 70-ке жуық қоғамдары мен ұйымдары құрылып, олардың мүшелерінің саны 4026 адамға жеткен» және «1928 жылы қазақ тілінде 22 оқулық атауы (жалпы данасы – 732.000) болған, бірақ бұлар араб тілінде жазылғандықтан, қажетті жаңа оқулықтарды жазатын Алаш қайраткерлері латынға көшу кезінде жаппай тергеу-сот істеріне тартылуына байланысты бұл жұмыстар аяқсыз қалған. Десек те, латын графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогында 1928-1942 жылдары 3609 кітаптың тізімі берілген және олардың түпнұсқасы (de-visu) қаралған екен. Бұл мәліметтер, жалпы алғанда, латын жазуының қазаққа жат еместігін айқындайды. Профессор Нәбижан Мұқаметханұлы да «латын жазуының қазаққа бейтаныс еместігін, бұл әріп Қытай елінде 1961 жылдан 1983 жылға дейін қолданыста болғанын» алға тартып жүр.

Тұжырымдасақ, қазіргі әлемде 6 мыңға жуық тіл болса, электронды желілер соның 12-сін қолданады екен, барлық web-сайттардың 80 пайызы ағылшын тілін пайдаланады. Латынға көшу арқылы біз ағылшынша әлемдік ғылым мен техниканың жаңалықтарына қанық боламыз, әріптерге көзіміз де, құлағымыз да үйренеді. Қазіргі заманның талабы бойынша кез келген адам күнделікті қызметінде көп қолданатын кәсіби сөздерді латын қарпінде ағылшынша игеруі тиіс, онсыз алға жылжымаймыз, бәсекеге қабілеттілігімізді әлсіретіп аламыз. Қазіргі заман талабы күнделікті ісіңізді алға жылжытатын қандай тіл, сол еңбек тілін білуге, жетік меңгеруге итермелейді, екпіні күшті жаһандану үдерісі алдағы он жылдықта кейбір мамандықтарды жоюға, ал кәсіби мамандардың өзін іріктеуге алып келеді. Сондықтан латынға көшу арқылы өркениетке ұмтылу бізге барлық жағынан өте қолайлы болмақ.

Күлпаш ІЛИЯСОВА,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми

қызметкері, т.ғ.к, доцент




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх