Тарих

Алаш идеясы: Алашорда және Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан

10 мамыр, 15:469453

Кешегі Алаш идеясы-Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан.  Кезінде Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов,Әлихан Бөкейханов «Басқадан кем болмас үшін біз білімді,бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға күш керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» - деген болатын. Осы тарихи үндестік  Қазақ елі мен қоғамның жарқын болашағына негіз болатыны сөзсіз.

Кешегі арыстар арманы бүгінде ақиқатқа айналды. Алаштың алыптары қазақ елінің тәуелсіз ел болу жолында өмірін қиды. Алаш партиясының негізін қалаған, одан кейін Алашорда үкіметін құрған тұлға-Әлихан Бөкейхан. Сонымен  қатар ХХ-ғасыр басында Алаш идеясын қолдаған даналар, Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Халел  Ғаббасов, Жақып Ақбаев. Олардың арқасында қазіргі таңда бейбітшілік өмір кешіп жатырмыз. Алаш үкіметі екі жылға жуық өмір сүрсе де қазақ елінің тәуелсіздігін орнату бағытында өлшеусіз үлес қосты.

«Тарих толқынында» атты еңбегінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Алаш қозғалысына, оның мақсатына терең баға беріп, ерекше ілтипат білдіргенін жақсы білеміз.

Еліміздің тәуелсіздігіне биыл 25 жыл толып мерейіміз өсіп отыр. Осы бір аз ғана мерзім ішінде еліміз ғасырға тататын жолдан өтіп бүгінде әлем танитын беделді мемлекетке айналып отыр. Біздің мемлекетіміз аз уақыт ішінде барлық салада қарыштап өскен.Мен Тәуелсіз Қазақстанның  азаматшасымын. Менен, өзінің азаматынан, елім көп нәрсені күтеді. Сондықтан бойымдағы бар күш жүгерімді, білімімді, алға деген құлшынысымды тек қана елімнің жарқын болашағы үшін жауапкершілікпен жұмсаймын. Азамат атану деген сөз- бұл үлкен жауапкершіліктің жүктелуі. Ұстаздарымыз біздерді «азамат» санап , болашағымызға үлкен үміт артып, бойымыздан қажымас қайрат күтеді.

Елі үшін, жері үшін, туған халқы үшін атқа қонып, қолына найза ұстап өткен батыр бабалар алдында бүгінгі ұрпақ қарыздар. Олардың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған кең байтақ қазақ жері- өз ұрпақтарына қалдырған мұрасы, тапсырған аманаты. Олай дейтінім, бабалар аманатына адал болу, оны сақтау- әрбір қазақ азаматына ортақ абырой, ортақ міндет.

Тарихқа көз жіберсек, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» оқиғасы, «Елім-ай» әні сол кездегі елі, жерінен айырылған қандастарымыздың жаралы жүрегінен шыққан мұңды зары еді.

Ұлы Отан соғысында қаншама бауырларымыз біздің болашағымыз үшін қасық қаны қалғанша күресіп, жанын пида етті. Олардың алдында бір ғана мақсат- жауды жеңу, елді жау табанынан қорғап қалып, елге жеңіспен оралу.

1986 жылдың 16-17 желтоқсан оқиғасы ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы, қасіретті күн еді. Бұл қасіретті күн Қайрат, Қайыркелді, Түгелбай, Сәбира, Ербол,Ләззат сында жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік күні еді. Кіндік қаны тамған жері үшін күрескен батырларымыз, тарихтан ойып тұрып орын алуға лайықты деп санаймын.

Қазақ үшін жан беріп жан алысқан қаншама қазақ зиялылары елінің бостандығы үшін соңғы демі біткенше күресті. Оларға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді оқығандарды қосуға болады. Егерде оларда  Алаш партиясын құру идеясы , автаномия жариялауға талпыныс болмаса, жоғарыдан автономия бермеуі де мүмкін еді. Қазіргі Ресейде мидай араласқан халықтардың бірі болып қалар ма едік?! Алаш зиялыларының игі істеріне басымды иемін.

Патриоттық ұғымы еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілікпен ғана шектеліп қоймайды, ол қазақ халқына тән барлық құндылықтарды құрметтеу болып табылады. Құндылықтарға мемлекетіміздің рәміздерін жатқызуға болады. Оларға- ту, елтаңба, әнұранымыз жатады. Қазақстан Республикамыздың рәміздері, дербес еліміздің киелі қазынасы. Туымыз арқылы еліміздің көк аспандай шексіз тәуелсіз, жарқын болашағы бар екендігі айқындалады. Елтаңбамыз да қазақ жерінің қандай ұланасыр байтақ, көрікті және берік екендігін көрсетеді. Әнұранымыздың әр шумағындағы сөзі мен әні әр қазақ азаматының жүрегін елжіретіп, патриоттық рух сыйлайды. Осындай құндылықтарымыз- асыл мұрамыз. Оларды құрметтеп, насихаттау перзенттік парызым деп есептеймін.

Қазіргі таңда еліміз озды, жеріміз жаңғырды, ана тіліміз өз мәртебесін алды. Бұған өзінің бірден-бір үлесін қосқан Ұлтымыздың  Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Халқымыздың ауызбіршілігі, еліміздің өсіп өркендеуі, тарих пен шежірелеріміздің дәріптелуі- Елбасымыздың арқасы. Елімізді біртұтас мемлекет етіп, жұдырықтай жұмылдыртты. Келешегімізді жасаушы да, жалғастырушы да жастар екендігін зор көрегенділікпен айтқан.

Бабалар жолын жалғастыру үшін жастарға, ең алдымен, білім мен ізденіс керек. Біз, бүгінгі мектеп шәкірті- ертеңгі елдің айнасымыз. Мектеп қабырғасынан алған біліміміздің тиянақты да сапалы болуы – ертеңгі еліміздің іргетасының берік қалануының айғағы.

Мен халықаралық журналист,тележүргізуші мамандығын таңдаймын. Бұл мамандық менің ойымша өте қиын да қызықты мамандық. Біздің егеменді елімізде бұл сала әлі өз талап деңгейінде емес. Журналист шындықты бетке айта білетін, сөзбен өзіне тәнті ете алатын   болуы керек. Мен, атам Төлеген Тәжибаев секілді журналист,тележүргізуші болғым келеді. Өз мамандығымның хас шебері болып, елімнің одан әрі өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді.

Мен Қытай елінде білім алып келдім. Қытай тілін меңгеруге деген құлшынысым мен қызуғушылығым болған соң, сол елге барып,  тіл үйрендім. Дүние жүзінің түпкір-түпкірінен келген студенттермен таныстым. Әр қайсысының ұстанымдары  мен наным-сенімдерін көріп білдім. Оларға өз елімдегі салт-дәстүрді айтып, қазақ тілін біршама үйреттім. Біздің елге, тілге тамсанып отырғандарын көргенде, бір марқайып қалдым.  Өзге елде жүргенде, өз елімді , жерімді одан әрі сүйіп, мақтан тұттым. Қайтып оралуымды аңсап, тезірек Отаныма жетуге асық болдым. Қанша жерден дамыған ел болса да өз жеріме жететін ештеңе жоқ. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деген мақалмен толықтай келісе отырып, қазақ тілі ,орыс тілі ,ағылшын тілі, қытай тілін меңгергеніме қуанамын. Бұл тілдермен ғана шектеліп қоймай, әрі қарай да білімімді шыңдап,  Қазақ елінің даңқын асқақтатсам деген үлкен арманым мен мақсатым бар.

Қасымдағы сыныптастарымның армандары да болашаққа қанат қаққалы тұр. Біз- бүгінгі күннің балғын  ұландары, ертеңгі күннің елі үшін еңбек ететін азаматтарымыз. Мен олардың әрқайсысының ойлаған арманына жетіп, өз еліне адал қызмет етіп, Қазақстанның атын әлемге паш ететіне кәміл сенемін.

Мен сенемін елімнің нұрлы да шуақты күндерінің боларына, білімді де өнегелі ұландарының жетістіктеріне, бүкіл әлемнің «Қазақстан , Қазақстан» деп таңдай соғарына!

Астана қаласы

                                                        №76 мектеп-лицейдің

                                                        11 «а» сынып оқушысы

Асыл ТӨЛЕГЕНОВА

                                                      

 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх