Қоғам

8 наурызда кімдерге сыйлық беруге болмайды: департамент басшылығы ескерту жасады

05 наурыз, 12:181191
Автор: Elorda Aqparat

Елорда мектебінде жемқорлық фактісі анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлық қызметінің Call орталығының жұмысын атап өткім келеді. Азаматтар 1424 номері арқылы жемқорлық фактілері туралы хабарлай алады. Осы номерге түсетін барлық хабарлама бойынша міндетті түрде тиісті шаралар жүргізіледі. Мысалы, жақында ғана елорданың №68 мектебінде заңсыз ақша жинау туралы ақпарат түсті», - деді Жылқышиева Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, дереккөз мәліметі бойынша, ата-аналар комитеті 8 наурыз мерекесіне мұғалімдерге сыйлыққа және қуыршақ театрына билеттерге ақша жинаумен айналысқан. Бұл жағдайда оқушылардың тілегі ескерілмеген.

«Аталған ақпарат бойынша білім басқармасымен бірлескен жұмыс жүргізілді. Оның нәтижесінде мектеп басшылығы шаралар қабылдады. Ақша жинау тоқтатылды. Алдағы мерекелер қарсаңында мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне қандай да бір материалдық құндылықтар сыйлауға болмайтынын еске салғым келеді», - деді Жылқышиева.

Оның айтуынша, заң бойынша лауазымды тұлғаға бағасы 2 айлық есептік көрсеткіштен (5302 теңге) аз тұратын сыйлық бергені үшін 200 АЕК (530 200 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бағасы 2 АЕК-тен асатын сыйлық үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Ал мемлекеттік қызметкер сыйлық алса, оған 600 АЕК (1 млн 590 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Қымбат Елтайқызы




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх