Қылмыс және оқиғалар, Өңірлер жаңалығы

«50 000 теңге салсаңыз, 500 000 теңге ұтып аласыз». Түркістанда интернет алаяқ қолға түсті

17 наурыз, 22:02172
Автор: Elorda Aqparat

Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желі арқылы жұртты алдап, алаяқтық жолмен ақша аудартып отырған студентті ұстады, деп хабарлайды Елорда Инфо Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу инстаграм арқылы «ИнстаБен» атты ойынға қатысуға шақырған. Ойынның шартын түсіндіре отырып, сеніміне кіріп, «50 000 теңге салсаңыз, 500 000 теңге ұтып алуға мүмкіндігіңіз бар» деп қызықтырған. Сөйтіп 8 707 343 51 24 нөміріне «Qiwi» арқылы ақшаны аудартып алып, алдап кеткен.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру жұмыстары кезінде нөмірдің кімге тиесілі екені анықталып, алаяқтың жеке-басы белгілі болды.

Күдікті Ақтөбе қаласының тұрғыны боп шықты. Студент Алматы қаласындағы ЖОО-ның бірінде IT мамандығы бойынша білім алады. Қазір оның осы сияқты басқа да қылмыстарға қаншалықты қатысы бар екені тексеріліп жатыр. Оны сотқа дейінгі тергеу амалдары анықтайды.

Түркістан полицейлері жұрттың арбауына сенбеуге шақырады. Кімде-кім 8 707 343 51 24 нөміріне Qiwi арқылы ақша салып алданған болса, Түркістан облысының Полиция департаментіне хабарласқаны жөн.




Наверх