Билiк және саясат

5 жылда Қазақстанға 130-дан аса адам экстрадицияланды – Е.Тұрғымбаев

15 қараша, 20:4171
Автор: Elorda Aqparat
Дереккөз: ҚР ІІМ баспасөз қызметі Дереккөз: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Ерлан Тұрғымбаев Интерпол – Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының президенті Ким Чон Янмен кездесті, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуды, сондай-ақ жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша белсенді өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Қазақстанның Интерполға кіруі және ІІМ құрылымында Ұлттық орталық бюро құру осы халықаралық ұйым шеңберінде шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік берді. ҰОБ арқылы іздеуді жүзеге асыруға, басқа мемлекеттердің аумағында жасырынып жүрген қылмыскерлердің орналасқан жерін анықтауға нақты мүмкіндік туды.

«Соңғы 5 жылда Қазақстанның Интерполы арқылы елімізге 130-дан аса адам экстрадицияланды», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр Интерполдың Халықаралық деректер базасын ІІМ ақпараттық деректер базаларымен интеграциялау және Қазақстан полициясы қызметкерлерінің оларды күнделікті қызметте қолдану тәжірибесі бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына назар аударды.

Сонымен қатар Қазақстан халықаралық террористік ұйымдардың әрекетіне қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ олардың әрекеттеріне қатысы бар адамдарды іздестіру мақсатында Интерполдың көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жобасына қатысады.

Өз кезегінде Ким Чон Ян Қазақстан Интерполының трансұлттық қылмысқа қарсы күрестегі үлесін айта келе, Ерлан Тұрғымбаевқа Интерполдың тиімді ынтымақтастыққа бағытталған бастамаларына белсенді қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Естеріңізге салсақ, 1993 жылы ІІМ-нің құрылымында Интерполдың Ұлттық орталық бюросы құрылған болатын. Халықаралық қылмыстық полиция ұйымына бүгінде 194 мемлекет кіреді. Негізгі міндет – қатысушы елдердің ұлттық құқыққорғау органдарының жалпы қылмысқа және терроризмге қарсы күрес саласындағы күш-жігерін біріктіру.

Айта кетсек, Интерполдың штаб-пәтері Францияның Лион қаласында орналасқан.




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх