Елорда резиденттері

Эксклюзив

5 жылда елорда да, мен де күрт өзгердім

02 шiлде, 16:44783
Автор: Elorda Aqparat
фото авторы Сұлтан Сейітов фото авторы Сұлтан Сейітов

Еліміздің әр түкпірінен келген азаматтардың тағдыры астанада тоғысып жатыр. Әрбірі елорданың гүлденуіне өзінше үлесін қосуда. Солардың бірі құрылыс саласындағы жас маман Асхат Омаров.

Армандар Астанаға жетелейді

2014 жылдың шілдесінде Семейден бас қалаға қоныс аудардым. Сол жылдары қалада көптеген нысандар салынып жатқан болатын. Бірақ бірнеше құрылыс компанияларына барып, түйіндемемді жібергеніммен тез арада жұмыс табыла қоймады. Сөйтіп жүргенде таныстарым BI компаниясына барып көруге кеңес берді. Шешінген судан тайынбас дегендей, ақыры елордаға жұмыс істеуге келген екенмін, көрейін деп шештім. Сөйтіп бұған дейін құрылыс саласында жұмыс істеген тәжірибем болғандықтан, прораб болып қызметке орналастым. Негізі құрылысшылық таңдаған мамандығым. Бұл кәсіптің қыры-мен сырын Семейдегі құрылыс колледжінде үйреніп, кейін Өскеменде оқуымды жалғастырған едім. Мұнда алғашқы нысанды сәтті аяқтаған соң, Камал 1 тұрғын үй кешеніне жіберді. Негізі жобалау кезеңінен бастап үй толық салынып біткенше шамамен 2 жыл уақыт кетеді. Кейін 2016 жылы Новосити кешені енді басталып жатқанда осында ауыстырды. Бұл жердегі 15 үйдің құрылысына қатыстым. Кеше ғана жазық дала болып жатқан аумақ қазір үлкен кешенге айналды. Бұрын бұл жерді көпшілік қаланың шеті деп қабылдайтын еді, қазір енді мүлдем басқаша. Құрылыс нысандарының бой көтеруімен бірге менің де қызметім өсті. Әуелде прораб болып жұмыс істедім, кейін учаске басшысы, енді жоба жетекшісінің орынбасары болып қызмет етіп жүрмін.  

Жұмыс күнінде бірізділік сақталады

Жұмыс күнім күнделікті 7-45 -те басталады. Компанияда қызметкерлердің таңғы жаттығу жасау дәстүрі қалыптасқан. Сосын әрбір маманның күнделікті жасайтын жұмысы бөлінеді, оларға қай шаруаға жауап беретінін түсіндіреміз. Сонымен қатар тапсырылған жұмыстың орындалуы мен оның сапасын қадағалаймыз. Үйді толықтай тапсырғанша күнделікті жұмысымыз осылайша бірізділікпен қайталанып отырады. Мұнда әрбір маман өз міндетіне аса жауаптылықпен қарайды. Себебі тиімді, нәтижелі еңбек ету жолға қойылған. Оған қоса арнайы мамандарды шақырып, үнемі біліктілікті арттыру курстары мен тренингтер ұйымдастырылады. Жапондардың кайдзен тәсілін қызметке енгізу де өз жемісін беріп келеді. Мұның барлығы түптеп келгенде компанияның мамандарды өсіру арқылы ғана өркендеуге болады деген қағиданы ұстанатынын көрсетеді. Мәселен қазір бізде 8 мыңдай адам еңбек етеді. Яғни ұжымымыз үлкен, бірақ бізде жұмыс жасайтын әрбір маман компания идеялары мен ұстанымдарын жітік біледі, соны басшылыққа алады. Жалпы бізде артықшылықтар мен беріліп отырған мүмкіндіктер көп деп санаймын. Қаншама қызметкерлер жеңілдікпен баспаналы болды, шетелде отбасымен демалып қайтты, сыйақы, бонустар бір бөлек. Солардың ішінде ерекше айтып өткім келетіні компаниядағы корпоративтік мәдениет пен жұмысқа деген қарым –қатынас.

Жұмыс формасын кимесем көбі танымай қалады

Жұмыста арнайы фирмалық киіммен жүреміз. Оның үлгісі де, түсі де өзіме қатты ұнайды. Тіпті таныстарым жұмыс киімінсіз көріп жатса кейде танымай қалады. «Сен де формасыз жүресің екенсің ғой» деп әзілдейді. Еліміздің бас қаласындағы зәулім де әсем ғимараттардың құрылысына қатысқанымды және көз алдымда әсем астана салып жатқанымызды ойлағанда кеудемді қуаныш кернейді. Бұл ғимараттарда әр құрылысшының алақанының табы қалды. Қаншама адамның ерен еңбегінің арқасында астана тұрғызылды.

Бізді жұмыс табыстырды

Жұбайыммен осы жұмыста жүріп таныстық. Есімі Гүлмира. Ол маған дейін компанияға қызметке келген екен. Бастапқыда жұмыс барысында кездейсоқ жолығып қалатынбыз. Кейін танысып, білісіп, арамызда сезім пайда болды. Қазір Илана есімді қызымызды тәрбиелеп отырмыз.

Мұнда келгелі баспана алдым, отбасын құрдым, әке атандым. Маман ретінде де қалыптасып, алға нық қадам басып келемін деп ойлаймын. Яғни өмірімдегі басты жеңістер мен жетістіктер астанамен байланысты екен. Осыдан бес жыл бұрынғы, арман жетегінде Семейден енді келген кезім мен қазіргі жағдайымның айырмашылығы жермен көктей. Оны өзім де сеземін. Кезінде пәтер жалдап, бірге тұрған қатарластарымның бәрі бүгінде баспаналы, жағдайлары жақсы. Мақсатыңды анықтап, талап етілген жұмысты адал орындасаң бәріне де қол жеткізуге болатынын ұғындым.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх