Қоғам

ТӨЛЕ БИДІҢ ДАНАЛЫҚ ДӘРІСТЕРІ

12 қыркүйек, 10:216869

«Елінің береке – бітімін, құдіреті мен қасиетін асқар етсем деп» толғанып армандаған, қазақ мемлекеті тарихындағы атақты саяси қайраткер, Тәуке хан (1680-1718) тұсында ұйымдасқан Билер кеңесінің мүшесі, «Жеті Жарғы» заңдарын жасаушылардың көрнекті өкілі, Ұлы жүздің төбе биі, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте айбын-айбатымен жеңіске жұмылдырушы, отырықшылыққа үндеушілердің алғашқысы Төле биге: Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке Асқар тау Қазығұрттай білімді еді. Бірі – күн, бірі – туған айдай болып Заманға сәйкесімен келіп еді – деп баға берілген «Төле бидің тарихы» дейтін дастанда. Майталмандық, ұйымдас­тырушылық, білімдарлық, ойшылдық - әділдіктің тірегіндей, ізгіліктің жүрегіндей Төле бидің болмысын айқындайды. Атақты шешен-ділмардың өмірбаяндық деректерін сөйлетер болсақ, Төле Әлібекұлы (1663-1756) қазіргі Жамбыл облысы, Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүние табалдырығын аттаған. Тегі де затты. Мысалы, Дулаттан – Жаныс, Жаныстан – Жарылқамыс, Жарылқамыстан – Жанту, бұдан – Жайылмыс би, осыдан – «Тоғыз ұлды Құдайберді би». Соның бір тармағы – Әлібек. Төле араб, парсы тілдерін жақсы білген. Өз елінің, өзге халықтардың, әсіресе, Шығыстың аңыз-әңгімелерін, қисса-дастандарын еркін меңгерген. Ән-күй, ақындық өнерді құрметтеген. 15 жасынан бастап ел билеу ісіне ынтасы ауған. Ардақты істерімен, асыл қасиеттерімен, асқан әділдігімен, кемеңгерлік ғибрат-кеңестерімен, «даналық шешімдерімен» қазақ елін көркейтуге бар қажыр-қайратын жұмсаған ғұлама заманында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» атанған. Мұның себебі былайша: «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезінде ел ауғанда Төле үйін жықпай, қасиетті жұртын қимапты. Сонда жоңғарлық әскербасы Төле биден көшпей қалудың сырын құмартып, қиыла сұрапты. – Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш ұя салып еді, ол жер бетін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі туғанда қызғыштай қорғаған құс еді. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып-сарнатып кете алмадым, – дейді дана туған Төле би. «Бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын» Төленің ғажайып болмысын жүйрік таныған қалмақ қолбасшысы: – Шын әулиенің өзі екен – деп, өзіне де, еліне де көз алартпапты. Қазақ елінің еркіндігі мен егемендігін ерекше көксеген абыз көршілес халықтармен, атап айтқанда, Бұхар, Қоқан, Жоңғар, Ресей елдерімен ынтымақта, бірлікте болуды көздеген. Ұлы жүз ханы Жолбарыс 1743 жылы қайтыс болады. Сонан соң Ташкентте Төле би билік құрады. Ел басқару тізгіні ақыл-ойға кемел, жөн-жобаға білгір, дана жанға берілгені қандай жақсы. Бұл ретте Платонның «мемлекеттік билік пен философия бір арнада ұласпаса, мемлекеттер жамандықтан құтыла алмайды» деген пікірі бар. Сондықтан да билік пен даналықтың ұштасуы – ел көсегесінің көгеруі ғой. «Талантты адам – мемлекет байлығы» (Конфуций). Әдет-ғұрып ережелерін көкірегіне керемет тоқыған Төле би ел ішіндегі қисынсыз істерге тиісті жазасын да әділдікпен қолданып отырған. Бұ да ақылдың, ойдың, танымның тереңдігі болса керек. Бірде ол қанжыға-қайыс жымқырған ұрыға ат-шапан айып салады. Сонда: «Қанжыға тон сақтайды, тон жан сақтайды» деп қанатты ой толғап айтыпты. Тұсау ұрланса, ат бастатқан тоғыз айып кеседі. Бұл орайда «Тұсау ат сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды» деп, оған түсініктеме берген. Сәйгүлік – ел мен жерді қорғайды. Ол дәуірде ат ұрлаған өлім жазасына кесілген. Осылайша, қазақ қоғамын ретке келтірген. Әділ жаза – халықтың қамал қорғаны. Расында, жауыздықтың сонда ғана көзі жойылады. Төле би – өз тұсындағы хандардың, баһадүрлердің, билердің ұстазы, ақылшысы. Мысалы, Шақшақұлы Жәнібек: – Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала болып ерлік құрайын ба? Үлгі алып билік құрайын ба? Еліңде кәрің болса, жазулы тұрған хатың, жайлаған келіннің алдында төбе болса, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, – депті. Сонда Төле би бұлбұлша сайрапты: «Өгізді өрге салма, қанатың талар, наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпаныңа сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салма, жаугершілік туғанда жағдайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң, мылтық жи, жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі боларсың. Әйел алсаң көріктіге қызықпа, тектіні ал. Мақтаншақ жігіт жисаң, ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі жұт болар. Ақылдың түбі құт болар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш! Ел шетіне жау келсе, қабырғалы биге күш! Қарап отырғанша, бір нәрсеге жарап отыр. Кәсіп болмай, нәсіп болмас! Менен ақыл сұрасаң, айтарым осы». Кеудесі теңіздей тулаған, тыңдаушының жүрегін баураған Төле би лебізінде еркіндік те, кеңдік те, біліктілік те, оралымдық та, тапқырлық та, сыншылық та, ұшқырлық та бар. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» Тәуке ханның ұйымдастыруымен «Жеті Жарғы» заңына ұласты. Қазақ қоғамының іргесінің бекуіне, қанатының қатаюына, есейіп нығаюына ғаламат әсер етті. «Төле би тарихы» дастанында бұл былайша тармақталып баяндалған: Жер дауы, баяндайын, біріншісі, Ру, қоныспенен меншікті ісі. Иеленген жеріне жанжал болса, Біреуге басымдық қып озбыр кісі. Үй іші мен баланы тәрбиелеу – Болған жосын заңының екіншісі. Ұрлық-қарлық, барымта – үшінші заң, Баян етер бәрін де білген кісі. Төртінші боп саналған мынау заңы Бір халық пен басқа ру болса дауы. Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл Алтыншы, жетінші – құн дауы, жесір дауы. Алты алашқа билік айтқан Төле би осынау әділ заңдарға жүгінген һәм оларды құрметтеген. Әсіресе, үй іші берекесіне мықтап көңіл бөлген. Үйдің көркі – әйел заты. Ендеше, «Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел деген. Ел сыйлайтын ерді ақылдылықпен адам етіп тәрбиелетін әйел, кең жайылған дастарқанымен ердің атын шығаратын да әйел. ...Ырыс, бақыт, қызыр да әйелде» деген ұлағатты сөздері, көрікті ойлары есті ұрпағын да қызықтырады. Өзі де асып туған ізетті, рақымды, ақылды, мейірімді Данагүлді ұлына айттырып алады. Бірде Төле алыс сапардан қайтып келе жатып, шөлде қырық қарақшыға кездеседі. Қарақшылар жұрдай қылып, шөлге қалдырып кеткілері келеді. Өзінің кім екенін сездірмеген Төле би: – Менің малым көп, мен бір бай адаммын. Жүз түйем бар, жүз жылқым, қатын, бала-шағам бар. Жасым алпыс­тан асты. Маған жанымнан мал артық па? Өлсем артымда қалмай ма? Ауылға барып мал әкеліп берем дегенге сенбессіңдер. Оның ебін өзім айтам. Ақылыңа сыйса, тыңда. Мен ауылыма хат жазайын. Кенже ұлыма құда түсіп біреудің қызын әпермек едім. Соған қырық құнан атан, жиырма буыршын, сегіз ақ бас атаным бар еді. Соны берсін. Оң босағамда көмген алтыным, сол босағамда күмісім бар еді. Өзімнен басқа адам білмеуші еді. Төле бидің тұспалдап, ишараттап жеткізген ойларын келіні Данагүл былайша дұрыс шешіпті: – Атам қырық қарақшының қолына тұтқын болып түскен екен. Қырық құнан атан берсін дегені – қырық мықты жауынгер жігіт берсін дегені. Жиырма буыршын берсін дегені – жиырма палуан берсін деген. Сегіз ақ бас атан берсін дегені – сегіз ақсақал берсін дегені. Оң босағада алтыны мен едім, сол босағадағы күмісі баласы еді. Алтынымды түгел берсін дегені – мені алып келсін дегені. Екі қарақшы Төле бидің ауылына барады. 2-3 күн қонақ болады. Тиісті малды алдына салып береді. Төле би келіні Данагүл еріп шығады. Ал алпыс жігіт пен сегіз қария соңдарынан жасырынып жүріп отырады. Сонымен қырық қарақшыны тырп еткізбей қапияда колға түсіреді. Содан ұлтының рухани көсемі Төле би жалынды сөз сөйлейді: – Ғұмыр біреу, кезек екеу деген. Сендерге өлім керек пе, өмір керек пе? Тілімді алсаңдар, ақылымды айтып ара түсейін. Бәріңнің елге пайдаларың жоқ. Айдалада не қатының, не балаң жоқ, қаңғырып өмір сүресіңдер. Зорлық түбі – қорлық деген. Бұларыңнан не пайда? Таза, адал еңбек істесеңдер, қарның тояды, біреуді жылатып, тартып алғанның, берекесі болмайды. Төле бидің өсиеттей өнегелі сөзіне, шешімпаздық тапқырлығына бойы еріген, ойы сергіген қарақшылардың жетекшісі: – Айналайын, ататай, айтқаныңыздың бәрі рас. Онан қашқан, мұнан қашқан қырық руданбыз. Ел тонадық, мал ұрладық, керуенге қырғидай тидік. Біз де адамның баласымыз, Өзіңіз секілді әкеден тудық. Біздер жаман жолға түстік. Әкеміз қарақшы болған жоқ, шешеміз зұлым болған жоқ. Қайран, Төле би сөзінің құдіреті-ай! Көреген көшбасшының арқасында қырық жігіт ес жиып, етек жауып, басына бас, малына мал қосылып ел қатарлы өмір кешіпті, мұраттарына жетіпті. Мәселенің, оқиғаның, құбылыстың мәнісін терең, тұтас қамтып, таразылап тану, түйінін табу, түзулікке, дұрыстыққа, ар біліміне жүгіну – Төле би ой-толғаныстарының негізгі шарты. Ұлттық сөз өнері тарихында билердің бірегейі, ақыл-ойдың телегейі Төле Әлібекұлының есімі алтын әріппен жазылған.

Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

 




Наверх