13 мамыр 2019, 09:01Шебер: Ұлт аспаптарын жасаушылардың басын қосатын орталық керек Ұлттық аспаптар, қолөнер, ұлттық үлгідегі жиһаздар мен тұрмыста қолданылатын оюланған, кестеленген әртүрлі бұйымдарға күн санап қызығушылық артып келеді. Нарықтың заңдылығына сәйкес бұрын Қытайдан жеткізілетін мұндай бұйымдарды қазір еліміздегі шеберлер өздері-ақ жасап шығарып жүр. Себебі сұраныс бар. Осындай ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, асқан ыждаһаттылықпен аспаптар жасап жүрген астаналық ағайындылар Айбат және Көгеймен жолығудың сәті түсті. Көгей қазір жетіген аспабын жасайтын еліміздегі ең жас мықты шебер болып саналады. Бірнеше жыл бойы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрі шеберханасында аспаптарды жөндеп, күйге келтірумен айналысқан. Қазір ағалы-інілі шеберлер елордада өз шеберханасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.