«Ведьмак» сериалына түскен қазақ қызы: Елге пайдамды тигізу мақсатында Отаныма оралдым

09 наурыз, 09:07137
Фото интернеттен алынды Фото интернеттен алынды

Елорда Инфо тілшісі 2019 жылдың 20 желтоқсанында премьерасы болған американдық-польшалық «Ведьмак» телесериалының түсіріліміне қатысқан астаналық Айгерім Әлімғожаевамен кастингтер мен алдағы жоспарлары тұрғысында сұхбат құрды.

Айгерім ӘлімғожаеваАктриса, Astana Hub халықаралық ІТ стартаптар технопаркінің маманы

Былтыр тамызда Венгриядан Қазақстанға қайтып оралған Айгерім қараша айынан бері Astana Hub халықаралық ІТ стартаптар технопаркінде ҚР корпаративтік инновациялық даму бойынша халықаралық серіктестермен әріптестік байланысты реттеу жөніндегі маман болып қызмет атқарады.

– Сіз қатысқан алғашқы кастинг қалай болды?

– Менің алғашқы кастингім Алматыда оқып жүргенімде «Қазақфильм» киностудиясында өтті. Кастинг Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильміне жүріп жатты. Бірақ сценарийді оқып шығып, онда  ашық сахналардың болатынын білгеннен соң бірден бас тарттым. Сол уақытта мен «Қазақфильм» АҚ-тың базасында тіркелдім. Алайда Венгрияға оқуға кетіп қалғандықтан, бірде-бір жобаға қатыса алмадым. 2017 жылы Венгр Үкіметінен грантқа ие болып, онда 2 жыл тұрғанмын. Киноға түскісі келіп, оның қыр-сырын өз көзімен көргісі келетіндер көп. Кастингтерге қатысу үшін Венгриядағы актерлерді іріктейтін киноиндустриядағы ірі агенттіктердің біріне жүгіндім.

– Американдық-польшалық «Ведьмак» сериалының кино алаңына қалай тап болдыңыз?

– Бірнеше күн бойы өткен кастингтен кейін маған өткенім туралы хабарласты. Содан соң кинодағы сомдайтын образымды анықтау үшін шақырды. Ондағы костюмерлер көпшілік көріністерге ондаған адам қатыссақ та, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, костюм мен образды асықпай, сағаттап таңдады. Одан кейін бас костюмер келіп, жақтырмаған кейбір образды қайтадан ауыстырды. Бізге сол уақытта біраз уақыт күтуге тура келді. Дәл сол кезде мен киноның қызықты әрі қиын индустрия екенін, оның түбінде шығармашылық жұмыс жатқанын түсіндім.

– Түсірілім барысы туралы айтып беріңізші...

– Түсірілім былтырғы сәуір айында Се́нтендре деген қала сыртындағы кішкентай қалашықта өтті. Олар сол жерде осы кино жоба үшін қалашық салыпты. Таңғы сағат 5.00-ден кешкі 18.00-ге дейін түсірілім алаңында жүрдік. Таң атпай бізді сол жерге апарғанда олардың құрған декорациядан, атмосферадан ерекше әсерленетінмін. Әрқайсымызды киіндіріп, бетімізге, киім мен аяқ киімдерімізге бояуларды жағып, кір-қожалақ адамға ұқсатып қоятын. Мен көпшілікті түсірген сахналарға қатыстым. Жетінші эпизодтың сценариі бойынша мен балалармен бірге қуыршақ театрының қойылымына шаттанған сәтті сомдадым.

– Түсірілім алаңында сіз үшін ең қиын жағдай не болды?

– Мен қатысқан кино жобалардағы режиссерлар қазымыр адам ба деп ойладым. Оларға ұнамайынша бір эпизодты 20 рет қайталап түсіріп, соған жарты күнді кетірген кездеріміз болды. Бұл жағдай мені шаршатып, жалықтырып жіберетін. Бірақ бір жағынан осылай жұмысқа егжей-тегжейлі қарағанның арқасында өнімнің сапалы болуына пайдасы тиген шығар. Түсірілім алаңына басты кейіпкерлерді жібермес бұрын бізді, яғни көпшіліктің рөлдерін сомдайтындарды бірнеше рет тексеріп, қатты қадағалайтын.

– Шетелдегі кастингтер қалай өтеді? Оған қаншалықты дайындық қажет?

– Ол былай өтеді. Алдымен сені әртүрлі бағытта фотоға түсіреді, одан кейін қолыңды. Агенттіктегілермен жақсы тіл табысұанымның арқасында менің жолым болды. Ондағылар маған әлі де хабарласып тұрады. Егер мен Венгрияға қайтып барғым келіп қалса, олар маған виза алып беруге де дайын екендіктерін айтты. Әр кастингтен мен жайбарақат өттім. Аса толқыған жоқпын. Сондықтан да болар, аса қатты дайындалмадым. Дегенмен жүздеген үміткердің ішінен сені таңдап тұрса еріксіз қуанады екенсің.

– Сериалдар мен жарнамалық роликтердегі түсірілімдерден қандай тәжірибе жинадыңыз? 

– Ең бірінші түсірілімге барғанда алаңда нағыз кино жұлдыздармен, белгілі режиссерлермен бірге жұмыс істеймін, киноның процесін өз көзіммен көремін деген ой болған. Дегенмен 10 сағат бойы аяқтан тік тұрып, үйге барып, ұйықтап демалғың келген кезде кино аса қызықты болмай кетеді. Бірақ сырттай түсірілім тобының жанкештілігін көріп, олардың жақсы көңіл-күймен бір-бірімен қалжыңдасқанын, жүздерінен шаршағанның белгісін де байқайсың. Олардың өз мотивациясының бар екені түсінікті. Дей тұрғанмен мені олардың өз жұмыстарына соншалықты берілгендігі, еңбекқорлық қасиеттері тәнті етті.

– Түсірілім күніндегі төлемақы туралы айтып бересіз бе?

– Әркезде әрқалай болды. Белгіленген сағат бар. мәселен, 10 сағатқа дейін басқаша болса, одан әрі жол шығынын бәрін есептеп, сол ақының үстіне қосып беретін. Тамақты олар өз мойнына алды.

– Мұның сіздің кино жобадағы ең алғашқы қатысуыңыз емес. Тағы қай фильмге түстіңіз?

– Бұрын американдық «Treadstone» экшен-телесериалына түскенмін. Онда мен ата-ананың рөлін сомдадым. Сол сияқты тағы бір ата-ананың рөлінде ойнаған Оңтүстік Кореядағы өте танымал актриса Хан Хё-джумен бір алаңда жұмыс істеу бақыты бұйырды. Содан кейін халықаралық өнім, яғни Англияның танымал актері Люк Робертс ойнаған «Ransom» сериалына түстім. Соңғы түсірілім – «Heineken»-ге арналған рождестволық жарнама болды. Түсірілім үшін Будапешттің бір көшесіне толықтай жасанды қар жаудырып, бір қиялысты рождестволық декорациямен безендірді. Ол мен үшін ерекше есте қалды. Өйткені оның түсірілімі 18 сағатқа созылды. Ұсыныстар көп болды. Бірақ менің негізгі бағытым оқу мен мамандық бойынша жұмыс істеу болғандықтан, көптеген түсірілімнен бас тартуыма тура келді. Соның бірі – «Mercedes Benz»-ке арналған жарнамалық ролик. Бұл әр кинокартинаға 2-3 реттен түстім. Рөлдер негізінен көпшілік сомдайтын сахналар болды.

– Сіз актерлік жолды таңдап, сол бағытта мәнсабыңызды құра алар ма едіңіз?

– Мен үнемі көпшіліктің рөлінде жүрдім. Басты рөлдерді алмадым. Актриса ретінде өзімді әзірге сезіне қойған жоқпын. Егер ондай ұсыныстар келіп түссе, мен оның маған қажет пе, жоқпа екенін асықпай ойланамын. Көпшіліктің рөліндегілер мен жарнамалық роликке түсетіндердің табысы аздау. Мен қазір қаржылық тұрақтылықты реттеу жағын көбірек ойлайтындықтан, кино саласына әзірге қатты беріліп кіріскен жоқпын.  

– Кастингке қатысушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен агенттіктердің тізімін жасап, барлығына тіркелу қажет. Фотосуреттердің портфолиосын жасау қажет. Егер бағын сынаушы өзін киноның адамы екенін сезінсе, онда ұялмай барын салып, өзінің қабілетін көрсетуі тиіс. Егер 5 адам ғана отырған бөлмеде өзіңді көрсете алмасаң, үлкен түсірілім алаңында өзіңді қалай көрсетпексің? Соны естен шығармау керек.

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Мен Қазақстанға өз бизнесімді ашу үшін оралдым. Өзімнің бизнес-идеяларым бар. Бірақ мен елде болмаған 2 жыл ішінде мұнда көп жағдай өзгеріп кетіпті. Сондықтан менің идеяларым нарықта сұранысқа қаншалықты ие? Осы тұрғысында біраз талдау жасауым керек. Маған Венгрияда өзім жұмыс істейтін компанияда қалуым туралы ұсыныс жасады. Алайда мен өз Отаныма пайдамды тигізейін деп елге оралдым.

– Сұхбатыңызға рақмет!





Наверх