Уақыт өте келе жылы аялдамалардан бас тартуымыз керек

18 қараша, 19:58423

«Аstаnа ТV» телеарнасы мен «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының бірлескен жобасы «Elorda Live» бағдарламасының бүгінгі эфирінде Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов абаттандыру және инфрақұрылым жайында сұхбат берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Берік ЖәкеновЕсіл ауданының әкімі

– Берік Оралұлы, сіздің ауданыңыздың аумағында нашар жарықтандырылған проблемалы учаскелер бар ма? Ол жағдай қалай шешіліп жатыр?

– Әлбетте, ондай учаскелер бар. Олардың көпшілігі қаланың балансына берілмеген. Яғни толық аяқталып бітпеген жобалар. Мәселен, қалаға Қорғалжын жақтан кіретін тұс. Жол бойында 930 жарық нүктелері бар, оның 30 пайызының жарығы жанбайды. Біз қазір мердігер ұйыммен жұмыс істеп жатырмыз, жақын уақытта оны балансқа алған соң, жарық мәселесін шешетін боламыз. Мәңгілік ел көшесінен жоғары, 38-көшеге қарай проблемалы учаске бар. Нысан балансқа берілмеген. Мердігерге ескерту жасалды. Кемшіліктер жойылатын болды. Жалпы, Есіл ауданында 22 мыңдай жарық нүкте болса, соның 11 900-і – көше жарығы, 9600-і саябақта және орамдар ішінде орналасқан. Жазғы кезеңде біз көп жұмыстар атқардық. Шамамен 1500 сары консоль көше шамшырақтарды жарық диодқа айырбастадық. Бұл не береді? Мәселен, бірдей пайдалы әрекет коэффициент кезінде ол электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Егер СКК 200-300 ват тұтынса, жарық диодтары одан екі есе кем тұтынады. Биыл Мәңгілік ел, Қабанбай батыр көшелерінің барлық шамшырақтарын ауыстырдық. Одан шам жарығының қанықтығы, эстетикалық сипаты арта түсті. Сырттан келген қонақтар қаланың үстімен ұшып бара жатып, астананың жарық шашқан түнгі шамдарын тамашалай алады. Сонымен қатар жарық диодты шамдарын өндірушілер бізге бес жылға кепілдік береді. Демек, біз көрсетілетін қызметтен үнемдейміз.

– Жарық диодты шамдарды қалай сатып аласыздар?

– Конкурстық тәсілмен сатып аламыз. Сонымен қатар елордада жарық диодты шамдарын жасайтын өз өндірісіміз де бар. Қала әкімі отандық бизнеске қолдау көрсету туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан келесі жылы біз жергілікті өндіріске жіті көңіл бөлетін боламыз. Жергілікті өнім сапасы жағынан ресейлік немесе батыстық өнімдерден еш кем емес. Келесі жылы 5 мыңдай шамшырақты айырбастауды жоспарладық. Тұран көшесінің 4 қатарын жарықтандырамыз. 

– Жарық диодты шамдардың пайдалану ұзақтығы қандай?

– Біз бұл шамдарды сатып аларда арнайы сынақтардан өткіздік. Шамды, ең бірінші, суда екі күн ұстадық. Сосын екі күн мұздатқыш камерасына салып қойдық, бәрі жанып тұрды. Сары консоль көше шамшырақтарын да осындай сынақтан өткіздік, олардың жартысынан көбі істен шықты.

– Бұл шамдарды қалай, қайтіп жоямыз?

– «Қалалық жарық» сервистік ұйымының аталған шамдарды жоюмен айналысатын мердігерлік мекемесі бар. Айта кетейін, СКК шамдарының бәрін жоймаймыз, олардың бір бөлігін қалпына келтіреміз. Содан соң оны қаланың сыртқы аймақтары – «Үркер», «Пригордный», «Тельман» тұрғын үй алаптарына орнатамыз. Мәселен, «Шұбар» тұрғын алабында көп көше жарықтандырылмаған. Онда 40-қа тарта көше бар, соған 75 СКК орнаттық. Үркерге 104 ССК орнаттық. «Пригордныйға» ССК-ның 50-шақтысын қойдық.

– Қала қалай абаттандырылатын болады? Егер тұрғындар өздерінің учаскелерін абаттандырғысы келсе, кімге өтініш айтып баруы керек?

– Ауданда 399 аула бар. Олардың 84 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, 37 ауланы абаттандыру қажет. Биыл 7 ауланы абаттандырдық: тартан төсеніш, воркаут жабдықтар, спорт алаңдары, т.с.с. Келесі жылы 10 ауланы абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде бір нәрсені нақтылай кеткен жөн, басқа аудандарда көлемі біздікіндей бюджетпен көп аулалар абаттандырылады. Неге? Өйткені біздің ауданның тұрғын үй кешендері жаңа, яғни аумағы кең, тұрғындар саны да көп. Сондықтан аулаларды абаттандыру қымбатқа түседі. Біз сайтқа келесі жылы қандай аулалар абаттандырылатынын жазып қоямыз. Сондай-ақ келесі жылы бюджетке қатысу жобасын іске қосамыз. Келесі жылдың жоспары әлі жасалған жоқ. Оған бөлінетін қаржының нақты есебі анықталмаған. Дегенмен бір айтарым – тұрғындар бағдарлама арқылы өз аулаларын абаттандыруға қатыса алады.

– Аулаларды абаттандыру ісіне қандай жаңа технологиялар енгізілді.

– Тұтас аудан туралы айтатын болсақ, біз биыл ауданды цифрландыруды қолға алдық. Уақыт бір орында тұрмайды, аудан өсіп жатыр. Бірақ әкім аппараты қызметкерлерінің саны көбейген жоқ. Цифрландыруға орай әлеуметтік желі арқылы менімен жас жігіттер хабарласты, біз конкурс арқылы оларды мердігерлікке алдық. Қазір олар ауданды цифрландырумен айналысуда. Жолдарды, алаңдарды цифрландыруда. Аудандағы ұзындығы 234 шақырым 230 көшені цифрландырды, тіпті ондағы жасыл желекті де... Енді абаттандыру мәселесіне келсек, біз абаттандыруда әр кез жаңа технология қолдануға тырысамыз. Биыл ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар қауымдастығымен ауқымды жұмыстар атқардық. Орталық саябақта ойын алаңын аштық. Онда арнайы құрылғылар арқылы мүгедектер арбасында отырған балалар дені сау балалар сияқты ойнап, қозғала алады.

– Қазір күн суытып барады. Далада автобусты көп күтіп қалатын кездеріміз көп. Сондықтан сұрағым, тағы қайда, қашан жылы аялдамалар салынады?

– Екі жылда 17 жылы аялдама орнаттық. Биыл 7 аялдама, келер жылы 10 аялдама орнатуды жоспарладық. Біз көп жағдайда инвесторлармен жұмыс істейміз. Олар аялдаманы инвестициялық тартымды жерлерге орналастыруға ұмтылады. Бұл мәселеге басқа қырынан қарасақ, мүмкін біз уақыт өте келе жылы аялдамалардан бас тартуымыз керек шығар?! Егер автобустар кесте бойынша жүрсе, жылы аялдамалардың қажеті жоқ. Егер адам 25-маршрут сағат 12.30-да аялдамаға келетінін білсе, ол аялдамаға нақ сол уақытында шығады. Оған мұндай жағдайда аялдамаға кірудің де қажеті жоқ. Сол үшін бізге қоғамдық көліктердің жүрісін бір жүйеге түсіру, жақсарту керек. Сонда жылы аялдамалар салу күн тәртібінен сызылып қалады.

– Күнтізбеде күз айы демесең, астанаға нағыз қыс келді. Кейінгі кезде қар қалың жауды. Қарды тазалау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Оған қанша адам және қанша техника жұмылдырылды?

– Қардың айлық жауу нормасы 28 мм, өткен демалыс күндері 23 мм қар түсті.  Әлбетте, бұлар қиындық туғызатыны болады. Мониторинг және санитарлық тазалау үшін аудан 11 секторға бөлінген, 4 тұрғын үй алабы бар. Мұнда 23 мердігерлік ұйым қызмет көрсетеді. 531 арнайы техника, 761 адам жұмыс істейді. Қар қалың түскен күндері олардың бәрі жұмысқа жұмылдырылды. Мен әлеуметтік желі арқылы, телефон арқылы жұртшылықтың арыз-шағымдарын естіп, хабардар болып отырдым. Еске сала кеткім келеді, бізде қарды тасып шығару нормативі 72 сағатқа дейін. Бірінші кезекте, магистральдық көшелерде, негізгі көшелерде, қоғамдық көліктерде қозғалысты қамтамасыз етіп, аялдамаларды қардан тазартып, әлеуметтік нысандар – емдеу мекемелері, мектептер, балабақшалар, т.б жолын аршып қоюымыз керек. Екінші кезекте – қарды шығару. Үшінші кезекте  – жолдарды, тротуарларды қатқақтардан тазарту. Сондай-ақ бизнеске қатысты бір ой айтсам, бізде санитарлық тазартумен айналысатын мердігерлік ұйымдар тек регламент бойынша жұмыс істейді. Олардың аудандық әкімдік бекіткен нақты жоспары бар. Біз сайтта өз жоспарымызды жариялаймыз, ол негізінен бизнеске арналған. Мынадай жағдай көп болады: жұмысшылар бір көшені тазалап болып, сосын оның қарын қала сыртына тасуға кіріседі. Ал бизнес ұйымдары өз нысандарының маңында үйілген қарды жаңа ғана тазаланған көшеге лақтырып тастайды. Сосын өздері «109»-ға қоңырау шалып, шағымданады.

– Осыны реттеудің заңдық жолдары бар ма?

– Санитарлық нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тарту жауапкершілігі қарастырылған. Біз полициямен бірге мұндайларды қадағалап отырамыз. Заң бұзғандарын жазалаймыз. Бұл көп жағдайда жеке адамның жауапкершілігіне қатысты. 

– Бизнес өзінің аумағын тазалауға ниетті ме? Әлде оларға айтып, ескертіп отыру керек пе?

– Әлбетте, олардың бәрі клиентке бейімделуге икемделген. Клиент қай жерде таза сол жерге барады ғой, сондықтан бизнес үшін мұны нарықтың өзі реттеуі тиіс.

– Ауданда жасыл желек аз. Оны жасыл желекке малындырып қоюдың қандай жоспары бар?

– Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл біз 17 мың ағаш отырғыздық. Өздеріңіз көрдіңіздер, биыл жаз қалыптағыдан өзгеше сипат танытты, қатты ыстықтар болды. Ол жасыл желекке теріс әсер етті. Ағымдағы жыл Ұлы дала көшесінде сенбілік өткіздік. Келесі жылы, бірінші кезекте, тез өсіп келе жатқан көшелерді көгалдандырамыз. Мәселен, жаңадан салынған Шыңғыс Айтматов көшесін. Мен қыркүйек айында Биологиялық технологиялар орталығында болдым, олар өсімдіктердің жерсінуімен, нақ біздің жағдайда өмір сүру проблемасымен айналысады. Осы бағытта жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Олар отырғызған көшеттердің 80-90 пайызы өседі. Біз орталық мамандарымен ауызша келістік, оларға тура әкімдіктің алдынан учаске беремін, сынақ ретінде олар сол жерге көшеттер отырғызады. Оны қаланы көгалдандырумен айналысатын мердігерлік ұйымдар күтетін болады. Біз оның нақты жағдайда қалай өсетінін көргіміз келеді.





Наверх