Стюардесса мен даяшының айырмашылығы жер мен көкте

02 шiлде, 08:25537
Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан

Елорда Инфо тілшісі Air Astana компаниясының бортсерігі Айнұр Кәртаевамен сұхбат құрды.

Айнұр Кәртаевастюардесса

Бортсерікке толуға болмайды

– Айнұр Абдоллақызы, неліктен бұл мамандықты таңдадыңыз? Несімен ұнайды? Негізгі мамандығыңыз қандай еді?

– Негізгі мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Университет бітірген соң еңбек жолымды Қарағанды облысындағы орта мектептертердің бірінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастап, онда 2 жыл қызмет еттім. Ол жұмыс та өте қызықты болды. Ал әлемге саяхат жасауға деген қызығушылығым бортсерік мамандығына келуіме себеп болды. Бұл жұмыс арқылы ел аралап, жер көресіз. Стюардесса қызметі маған осынысымен қатты ұнайды.

– Стюардесса болу үшін қандай талаптар қойылады? Бой мен салмақ қандай мөлшерде болуы керек? Неше тіл білу қажет? Боянуға рұқсат беріле ме?

– Жұмысқа қабылданарда сынақ тапсырған кезде бойдың ұзындығы қабырғадағы белгіленген өлшемдермен есептеледі. Ол – ұшақтағы сөрелердің биіктігі. Талап бойынша соған қолымыз емін-еркін жетуі тиіс. Менің бойым – 164 сантиметр.

Салмаққа келсек, оның нақты өлшемі жоқ. Бірақ әр адамның салмағы өзінің бойына сәйкес болуы керек. Мысалы, бойы ұзын адамдардың салмағы да ауырлау болуы мүмкін. Талап бойынша бастысы бортсерік тым толық болмауы қажет. Яғни оның барлық жұмысты істеуге икемді болуы ескеріледі. Бірақ бортсерік жұмысқа қабылданғаннан кейін толып кетсе, оның арықтауына тура келеді. Өйткені қызметтік киімнің үлкен мөлшері қарастырылмайды. Ең бастысы күліп жүру керек. Егер күле алмасаңыз, бортсерік болып жұмыс істей алмайсыз.

Міндетті түрде бояну қажет, әлбетте. Бірақ тойға барғандай қатты боянуға болмайды. Шаш жиналып тұруы керек.

Бортсерік негізінен қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуі міндет. Егер одан да көп тіл меңгерсе, тіпті жақсы. Мен осы 3 тілді білемін. Қазір қытай тілін үйреніп жүрмін. 

Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынанФото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан

Униформаға қатты мән беріледі

– Талап бойынша қандай киім кию керек? Мысалы, тізеден төмен болу керек деген талап бар ма? Биік өкшелі аяқ киім киюге рұқсат па? Жалпы, киімдеріңіз өздеріңізге жайлы ма?

– Талап бойынша Air Astana компаниясы ұсынған бірыңғай формалы киім киеміз. Белдемше міндетті түрде тізеден төмен болады. Қысқа киюге болмайды. Қыстың күндері шалбар киюге рұқсат беріледі. Киім үнемі үтіктеулі болып, формадағы барлық элементтердің болуы шарт. Мысалы, мойынорағыш, сағат деген сияқты. Ұшардың алдында менеджерлер және аға бортсерік мұның бәрін жіті қадағалап отырады. Жалпы, біздің униформамыз өзіме қатты ұнайды. Ең бастысы жайлы.

Аяқ киім туралы айтсақ, борттың сыртында басқа, ішінде одан бөлек аяқ киім болады. Биік өкше жайсыз болғандықтан, борттың ішінде компания ұсынған жайлы аяқ киімді киеміз. Ал сыртта биік өкше киюге рұқсат бар.

– Сізге қай елдің стюардессаларының киім формасы ұнайды?

– Маған көп елдің, соның ішінде Францияның авиакомпанияларының униформалары ұнайды. Олардың түсі ашық. Элементтері де тамаша. Дизайны да әдемі. 

Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынанФото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан

– Бұл жұмысқа қалай қабылданғаныңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Жұмысқа конкурс арқылы қабылдандым. Таңғы сағат 8.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасқан конкурс 4 кезеңнен тұрды. Алдымен теріде татуировканың болмауы тексерілді. Бойымызды өлшеді. Содан соң сұхбат құрдық. Сонда мені қабылдаған маман сұрақты қазақша қойып отырып, арасында орысша, тағы бірде ағылшынша қойды. Оған сол тілде мүдірмей жауап беру керек. Одан кейін қазақ және ағылшын тілдерінде тест тапсырдық. Ойын да ұйымдастырылды. Онда біздің командада жұмыс істей алатын қабілетімізді тексерді. Соңында 4 адам қатар отырып, түрлі сұрақ қойды.

Бортсерік болуға ниеттілер өте көп болды. Бойы ұзын, өте әдемі қыздарды көргенімде «мен өтпейтін шығармын» деп ойладым. 150-ге жуық үміткердің ішінен 20 қызды таңдады. Содан конкурс аяқталып, автобуспен үйге қайтып бара жатқанымда телефон шалып, менің жұмысқа қабылданғанымды хабарлады. Төбем көкке жеткендей болды. Менің бұл жұмысқа орналасқанымды, әсіресе сіңлім қатты қалаған еді. Ол қабылданғанымды естігенде менен бетер қуанып, жылап жіберді.

Стюардесса мен даяшының айырмашылығы...

– Стюардесса қаншалықты элиталы жұмыс болып саналады? Оның міндетіне не кіреді? Даяшыдан қандай айырмашылығы бар?

– Айырмашылығы тек біз ұшақта, яғни әуеде жұмыс істейміз. Ал олар жерде. Бірақ біздің даяшының қызметінен басқа да міндеттеріміз бар. Мәселен, біз борттағы қауіпсіздікті қадағалаймыз. Содан соң мейрамханадағыдай емес, ұшақта жолаушылардың ас мәзірін таңдауға мүмкіндігі жоқ. Баратын жеріне дейін қарны ашып қалмас үшін белгілі бір тағамдар ғана қарастырылады. Ас мәзірі ұшып баратын арақашықтыққа да байланысты. Ол әр 3 ай сайын ауыстырылып отырады. Ел ішіндегі рейстерде жолаушыларға жеңіл тағамдар, егер алыс аймаққа ұзақ уақыт ұшатын болса, ыстық тамақтың екі түрі мен шай, газдалған, газдалмаған су, шырын, шарап сияқты сусындар ұсынылады. 

Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынанФото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан

– Бортсерік болып қызмет етіп жүргеніңізге қанша жыл болды? Осы уақыт ішінде неше елге бардыңыз?

– 5 жыл болды. Шынымды айтсам, неше елге барғанымды санамаппын. Air Astana қай елдерге қатынаса, сол мемлекеттердің барлығына дерлік бардым. Негізінен Еуропа мен Азия елдеріне барып жүрмін. Мысалы, бүгін таңертең Германияның Франкфурт қаласынан келдім. Алдағы уақытта АҚШ-қа барғым келеді.

Ең алғаш рет Стамбұлға ұшып бардым

– Ең алғаш рет әуеге көтерілгеніңізде қандай әсерде болдыңыз? Қорыққан жоқсыз ба? Қай бағытқа ұшып едіңіздер?

– Жақсы әсер болды. Қорыққан жоқпын. Стамбұл қаласына 6 сағатта ұшып бардық. Бірақ ең бірінші ұшқан кезде жұмысымызды, біліктілігімізді инструктор қадағалайды. Сондықтан болар, барар жолда аздаған уайым, қобалжу болды. Ал қайтар жолда арқамнан ауыр жүк түскендей болып, өзімді жеңіл сезіндім.

– Ұшақта суды қайдан аласыздар?

– Арнайы суға арналған ыдыс болады. Оған ұшар алдында жеткілікті мөлшерде су құйылып, барған жақтың әуежайында ол тағы да толтырылады. Суды содан аламыз.

Жолаушылар қобалжыса, қызықты фильм көруі керек

– Жолаушылардың қобалжуын басу үшін қандай кеңес бересіздер?

– Жолаушылар қобалжыса, оларға ұшақ ішіндегі теледидардан қызықты фильм көруге кеңес береміз. Егер қатты қобалжып тұрса, терезеден алшақ отыруларын сұраймыз. Көбіне жолаушымен әңгімелескен кезде де олар қобалжығанын ұмытып кетеді. Сол үшін кейде жай ғана әңгімелесеміз.

– Егер жолаушылардың бірі дөрекілік танытса, оған қандай шара қолданасыздар? Оны қалай сабасына түсіресіздер? Ондай жағдай болды ма?

– Жалпы, жолаушылар ұшардың алдында тәртіп бұзбау сияқты белгілі бір ережелерді сақтауға келісімін беріп, арнайы құжатқа қол қояды. Егер борттың ішінде дөрекілік танытып, тәртіп бұзса, оның ісімен полиция айналысады. Заңға сәйкес шара қолданылады. Жұмыс барысында менде ондай жағдай болған жоқ. Болмай-ақ қойса екен деп тілеймін.

– Ұшып келе жатқан жолаушылар эконом класстан бизнес классқа ауыса ала ма? Оның қандай жолдары бар?

– Мен бұл іспен айналыспағандықтан, дұрыс білмеймін. Тіпті әр жаққа баратын рейстердегі билет құнының қанша екенінен де бейхабармын. Апгрейд жайлы біздің билет сататын әріптестеріміз жақсы біледі.

Үй жануарларын бірге алып жүретіндер бар

– Жалпы,  әуе кемесімен көбіне қандай топтағы адамдар жүреді? Кілең ауқатты адамдар ғана ма?

– Жоқ. Әртүрлі топтағы адамдар ұшады. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, спортшылар, кәсіпкерлер, әртістер, сонымен қатар қарапайым адамдар да бар. Бірінші рет ұшқалы тұрған жолаушылар көп кездеседі. Олар өздері бізді сөзге тартып, жағдайын айтып, жөн сұрайды. Егер кіргеннен жолаушының қобалжығанын байқасақ, оған бірден жол жүру тәртібін түсіндіреміз.

– Танымал адамдармен естелік суретке көп түсесіздер ме? Олардың ішінде кім ерекше есіңізде қалды?

– Отандық және шетелдік жұлдыздармен бірге жиі ұшамыз. Бірақ танымал адамдарды көргенде аса таң қалмаймыз. Барлық жолаушыға бірдей құрметпен қараймыз. Реті болғанда, жолаушыға ешқандай кедергі келтірмесем ғана естелік суретке түсуге ұсыныс білдіремін. Жалпы, танымал адамдармен суретке сирек түсемін. Олардың ішінде Тұрсынбек Қабатов пен Саясат Нұрбеков ерекше есімде қалды. Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынанФото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан

 

– Ұшқыштың кабинасына кіріп көрсем дейтін жолаушылар бола ма? Оларға рұқсат бересіздер ме?

– Иә, көбі балаларын кіргізгісі келеді. Бірақ оларға мүлде рұқсат етпейміз.

– Жас аналарға нәрестелерін қарауға көмектесесіздер ме?

– Көмектесеміз. Жас аналар дәретханаға баратын кезде «баланы қарай тұрыңызшы» деп өздері де өтініш білдіріп жатады.

Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынанФото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан

– Өздерімен үй жануарларын бірге алып жүретін жолаушылар көп пе?

– Бар. Бірақ олар ит-мысықтарын арнайы тор жәшігіне салып алып жүреді. Ұшақта үй жануарларын сол ыдыстан шығаруға, тамақтандыруға болмайды. Бірақ «мысығым жылап тұр, біраз қолымда ұстай тұрайыншы» деп өтініш айтатын жолаушылар болады. Алайда біз олай етуге мүлде рұқсат бермейміз.

Әуеде әлеуметтік желіге кіруге мүмкіндік бар

– Әуеде телефон байланысы бола ма?

– Boing 767 ұшағында ақылы уай-фай қарастырылған. Сол арқылы ватсап желісіне, электронды поштаға кіруге болады.

– Шетелдерге барған кезде кері қайтатын уақыт арасы бірнеше сағат немесе бірнеше күн болса, ол уақыт аралығында немен айналысасыздар? Мысалы, пойызда жол серіктері вагонды тазалайды. Ал сіздер ше?

– Әр жаққа барғандағы аялдайтын уақыт әрқалай. Мысалы, ел ішіндегі рейстерде ұзақ аялдамай, бірден кері қайтамыз. Ал шетелдерге барған уақытта 1-2 күн аялдайтын кез болады. Мәселен, Банкгокқа барсақ, 1-2 күннен соң бірақ қайтамыз. Өйткені онда 7-8 сағат ұшып барады. Ал Мәскеуде ұзақ аялдамаймыз. Ұшақ әуежайға қонған кезде оның тазалығымен арнайы қызмет көрсететін клинингтік топтар айналысады. Біз ол жұмысқа араласпаймыз. Егер аялдайтын уақыт ұзақ болса, қаланы аралап шығуға рұқсат беріледі. Уақытты құр жібермей, біз де қаланың көрікті жерлерін көріп, серуендеп қайтуға тырысамыз.

– Шетелде 1-2 күн аялдағанда қандай отельге жайғасасыздар?

– Әртүрлі. Көбіне 4 жұлдызды отельдерге тоқтаймыз.

Елордада боран болса, Қарағандыға қонамыз

– Басыңыздан өткен қызық оқиғамен бөліссеңіз. Мысалы, ұшақ ішінде жүкті әйелдің толғағының қысуы, босанып қалуы сияқты жағдайлар болды ма?

– Қызықты сәттер өте көп. Жұмысымыздың өзі қызықты ғой. Әріптестеріміздің көңіл күйі үнемі көтеріңкі болады. Бірақ жүкті әйелдің босанып қалуы сияқты оқиға болған жоқ. Ондайды әріптестерімнен де естімеппін. Жалпы, жүктіліктің айы-күніне байланысты әйел адамдар тек дәрігердің рұқсат қағазымен ғана ұша алады.

Бірде ер адамның қатты ауырып келгені есімде қалды. Біз оған қолдан келгенше көмек бердік. Борттағы дәрігерлер де көмектесті.

– Бортта медицина мамандары қызмет көрсете ме?

– Жоқ. Жолаушылардың ішінде дәрігерлер болса, көмектеседі. Жалпы, бізді алғашқы дәрігерлік көмек беруге оқытады.

– Ұшақ уақытынан кешігіп, ауыр жағдайда қонған сәттер болды ма?

– Иә, ауа райының қолайсыздығына байланысты ондай сәттер болды. Қатты жел тұрған кездерде ұшақ қосымша әуежайларға қонады. Мысалы, Қарағандыдағы әуежай – елорданың қосымша әуежайы саналады. Егер астанада қатты жел немесе боран болса, ұшақ сол Қарағанды қаласының әуежайына қонады.

– Ондай жағдайда жолаушылар шу шығармай ма?

– Егер бортта екінші ұшаққа ауысып отырып, басқа қалаға ұшуды жоспарлап келе жатқан жолаушылар болса, өзінің рейсіне кешігіп қаламын ба деп алаңдаушылық білдіреді.

Зейнет жасына дейін стюардесса болуға мүмкіндік бар

– Қыздар неше жасқа дейін стюардесса болып істей алады?

– Қыз-келіншектердің стюардесса болып зейнет жасына шыққанша істеуге мүмкіндігі бар.

– Сіздерде ең жасы үлкен бортсерік нешеде?

– Әріптестерімнің ең үлкені – 40 жастан асқан кісі.

– Сіз неше жасыңызға дейін стюардесса болмақ ниеттесіз? Одан әрі немен айналыспақ ойыңыз бар?

– Менің жоспарым көп. Жалпы, Air Astana компаниясында жұмыс істеу маған қатты ұнайды. Онда бортсерік қызметінен бөлек, кеңседе де жұмыс жеткілікті. Түрлі жоба бар. Бірақ әзірге жұмыс ауыстыратын ойым жоқ. Оны алдағы уақыт көрсетер. 

Фото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынанФото Айнұр Кәртаеваның мұрағатынан

– Бұл қызметіңізге ата-анаңыздың көзқарасы қалай? Сіз әуеге көтерілген сайын тақымдарын қысып, алаңдап отыратын шығар?

– Қаншалықты алаңдайтынын білмеймін. Маған ондай ойларын білдірмейді. Алайда әкем теледидардан ұшақтардың құлағанын естісе, хабарласып, басқа жұмысқа ауысуымды сұрайды. Бірақ ата-анам бұл жұмысыма үзілді-кесілді қарсы емес.

Ұшақ 18 мың метр биіктікте ұшады

– Ұшақ қандай биіктікте ұшады?

– Менің білуімше, ұшақ шамамен 18 мың метрден аса биіктікте ұшады. Әр кезде әрқалай болуы мүмкін.

– Қандай арманыңыз бар?

– Арманым көп. Бірақ ол туралы айта бермеймін. Бастысы болашақта елге пайдасы тиетін әлеуметтік жобаны жүзеге асырғым келеді.

– Хоббиіңіз..?

– Бос уақытымда жүгіремін. Тоқыма тоқимын. Кітап оқимын. Әсіресе, классикалық, психологиялық кітаптарды, іскерлік және заманауи әдебиетті оқығанды жақсы көремін. Көп уақыт бола бермейді, дегенмен анда-санда күнделік жазып, жұмыстағы қызықты оқиғаларды түртіп қоямын.

– Сіз барған елдердегі қай қала ерекше ұнады? Несімен?

– Лондон мен Амстердам қатты ұнады. Лондон тарихтан сыр шертіп тұрады екен. Ал Амстердам тазалығымен ерекше есімде қалды. Бірде Амстердамның қасындағы бір ауылға бардық. Онда сиырлар, доңыздар толып жүрсе де, көшенің бәрі тап-таза. Бірде-бір тезек жоқ. Соны көріп, еріксіз таң-тамаша болдық.

– Ал елордамыз ше..? Қай жері ұнайды?

– Елордадағы күннің батып бара жатқан әдемі сәтін қарағанды ерекше ұнатамын. Содан соң бас қаладағы Триатлон паркі ұнайды.

– Әңгімеңізге рақмет.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх