25 жасында зауыт ашқан қазақ жігіті

12 маусым, 09:411337
Сурет интернеттен алынды Сурет интернеттен алынды

Елорда Инфо тілшісі «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, жас кәсіпкер, «Ару-Тас» зауытының директоры Бекжан Әлімқұловпен сұхбат құрды.

Бекжан Әлімқұловжас кәсіпкер

Селфи таяқшасын Қазақстанға алғаш болып әкелген

– Бекжан Мұхидинұлы, кәсіппен неше жасыңыздан бастап айналысып келесіз? Қалай, неден бастадыңыз?

– Мен Шымкенттің тумасымын. Бала кезімізде жазғы демалыс уақытын босқа өткізбей, ата-апаларымыздың қасында көмекші болып жүретінбіз. Менің апам – өмір бойы сауда-саттықта болған кісі. Базарда да саудамен айналысты. Кейіннен асхана ашты. 5-6-сыныптан бастап мен апама көмектестім. Саудада жүргенінде кассасын реттесіп, асханада даяшы болдым. Жалпы, мені үйдегілер сол кезден бастап еңбекке баулыды. 7-8-сыныптарда біраз «дәрежем» өсіп, Шымкентте газельдерде кондуктор болып істедім. 10-сыныптан кейін темірді алып-сатумен айналыстым. «Б/у» темірлерді қабылдап, оны темір базарында сататынмын. Саудам жақсы жүрді. Күнделікті табысым 40 мың теңгеден кем болмайтын. Ең көп дегенде бір күн ішінде 382 мың теңгеге дейін табыс тапқаным есімде. Содан 11-сыныпқа баратын кезімде Шымкенттегі ең мықты деген дүкенге барып, өзіме брендті киімдер сатып алғаным ерекше есімде қалыпты. Сол кезде өз еңбегімнің арқасында киімімді өзімнің ала алатын жағдайға жеткенім мен үшін үлкен жетістік болып көрінді. Университет бітірген соң 3 жыл ұлттық компанияларда қызмет істедім. Сол кездерде шетелдермен жұмыс жүргізе бастадық. Мысалы, Қытайдан селфи жасайтын таяқшаны ең бірінші болып Қазақстанға біз алып келдік. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында қызмет етіп жүрген кезімде Испания, Франция, АҚШ, Ресей сияқты шетелдік инвесторлармен келіссөздер, кездесулер жүргізіп жүрдік. Бірде Оңтүстік Кореяның инвесторлары астанада бетондық өнім шығаратын зауыт ашуды ұсынды. Содан біз олармен келісіп, барлық шығынды есептеп, 2013 жылы зауыт құрылысын бастап, 2014 жылы оны іске қостық. Алайда алғашқы жылы жұмыс жөнді жүрмеді. Салған қаншама қаржымыздың қайтарымы болмай, біраз қиын кездер болды. Соның келесі жылында «ҚТЖ»-дан жұмыстан шығып, сол компанияға директор болып бардым. Содан екінші жылдан бастап компания аяққа тұра бастады. Биыл, міне, оның жұмыс істеп тұрғанына 5 жыл болды. Кез келген кәсіпорын 3 жыл жұмыс істесе, әрі қарай өмір сүреді деп жатады. Бүгінде сол кәсіпті дөңгелетіп отырмыз.

Елорда көшелерінің 150 мың шаршы метріне "Ару-Тас" тасы төселген

– Қандай өнім шығарасыздар? Қайда тасымалданады?

– Төсеніш тастар, дуал, қоршау қалауға арналған түрлі пішіндегі блоктар, кірпіштер, іргетастың қаптамалары сияқты өнімдеріміз бар. Жалпы, 16 түрлі өнім өндіреміз. Жылына 100 миллионнан аса өнім шығарамыз. Тек елорданың аумағына тасымалданады. Анда-санда Қарағандыдан да келіп алатындар бар. Алайда біздің өнімдерді алыс аймақтардан тасымалдауға тиімсіз. Өйткені салмағы ауыр. Бір төсеніштің өзі 3,5 келі тартады.

Елордада 150 мыңнан аса шаршы метр орында біздің зауыттан шыққан тас төселіп жатыр. Сіздің де біздің тастарды таптап жүргеніңізге сенімдімін. Жалпы, Ислам дінінде мешіт салу, жол салу – сауапты іс қой. Біз де сол сауапты іс жасауға атсалысып жүрміз деп ойлаймын. Бұл жұмысымыз өзімізге қатты ұнайды.

– Бәрекелді. Негізгі мамандығыңыз қандай? Қайда оқыдыңыз?

– Мектеп бітіргеннен соң Алматыдағы Сүлеймен Демирель университетінде ақпараттық жүйелер факультетінде оқыдым. Онда да 1-2 курстан бастап жұмыс істей бастадым. Бірақ бағдарламашы болмайтынымды түсінгеннен соң елордаға келіп, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде заңгерлік мамандығы бойынша білім алдым. Оқу бітірген соң «ҚТЖ» сияқты ірі компанияларда 3 жыл заңгер болып қызмет істедім. Немістермен бірлескен компанияда құқық жөніндегі директор болдым. Осы жерден жеке бизнеске кеттім.

25 жасында зауыт ашқан

– Зауытты ашқанда неше жаста едіңіз? Қазір нешедесіз?

– 25-те болғанмын. Бұйырса алдағы қарашада 30-ға толамын.

– Кәсіпорынды жеке қаржыға аштыңыз ба? Әлде инвестор тарттыңыз ба?

– Әлбетте, инвестор тарттық. 4 жылдың ішінде инвестордың құйған қаржысын қайтарып, өткен жылдың қазан айында компанияны өз атыма шығардым. Биылдан бастап компания толықтай өз меншігім деп айтуға болады.

– Тамаша. Қазір зауытта қанша адам жұмыспен қамтылған?

– Әзірге 14 адам жұмыс істеп жатыр. Бірақ жұмыс қызған уақытта жұмысшылар санын 30-ға дейін көбейтеміз. Ол жұмыстың қарқынына байланысты. Негізінен жаз айларында, жылы уақытта ғана, ауа райы минус 15 градус болғанша жұмыс істейміз. Яғни қараша айында жұмысты тоқтатамыз. Кәсіпорынды жуып-шайып, зауытты консервациялаймыз. Бізде көбіне ауылдың балалары істейді. Олар қыстың күндері үйлеріне барып, отын-суларын ыңғайлап, малға қарап, күн жылынғанда қайтып келеді. 100 мыңнан 250 мың теңгеге дейін жалақы алады. Зауыт толық автоматтандырылған. Онда жүк көлік жүргізушісі, тракторшы, тиегіш жүргізушісі, дайын өнімді жинаушы, есепші, оператор сияқты мамандар қызмет етеді. Қазір қосымша 2-3 адам жөндеу жүргізу жұмысымен айналысып жатыр. Жұмысшылардың жағдайын барынша жасадық. Өндіріс орнында оларды тегін жатақханамен, тегін тамақпен қамтамасыз етеміз. Енді зауыттың жанынан жұмысшыларға арнап монша да тұрғызып жатырмыз.

– Шикізатты қай жақтан аласыздар?

– Тас, құм сияқты қажетті материалдардың барлығын елорданың айналасынан аламыз. Тек цемент қана Шығыс Қазақстаннан әкелінеді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» қандай мүмкіндік береді? 

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Өндіруші компания ретінде 5 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Алдағы уақытта жол құрылысын жүргізетін, үлкен магистральді жолдар мен көпір салумен айналысатын компания болуды көздеп жүрміз. Қосалқы мердігерлік ұйым ретінде конкурстарға қатысып жатырмыз. Егер қосымша тапсырыстарға ие болсақ, жұмысшыларымыздың санын арттырамыз. Жалпы, кез келген компания адамдардан құралады ғой. Жыл сайын қыс уақытында жұмысшыларды ауылдарына қайтарғым келмейді. Алдағы уақытта қыстың күндері қар тазалайтын жұмыстарды алсақ деген ойымыз бар. Оған жағдайымыз жетеді. Жүк көлігі, трактор сияқты қажетті техникаларымыз бар.

– Мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланасыздар ма? Еліміздегі жастар кәсіп бастаймын десе, қандай мүмкіндік бар?

– Бизнес бастаймын десе, жастарға барлық мүмкіндік бар. Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік туралы үйрене алады. Одан бөлек, интернеттен де барлық қажетті ақпаратты көріп-білуге болады.

Осы жылы мен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Іскерлік байланыс» бағыты бойынша Германияға барып келдім. Ондағы біз сияқты өндірушілердің кәсіпорындарын көрдім. Олар біздегідей технологияларды қолданғанмен, артықшылықтары да бар екен. Мысалы, біз өнімді біркелкі түсте шығарсақ, олар бір тастың үстін бірнеше түспен бояйды екен. Бірақ олар жап-жаңа тас төсенішті арнайы қондырғыға салып, ескі қылып шығарады. Содан соң оны төсеген кезде тарихи қаланың көрнісін байқайсыз.

Немістер кәсіпті ұрпағына қалдыру үшін ашады

– Германиядағы тәжірибе алмасуда не түйдіңіз?

– Немістердің «не нәрседе де қаржыны басында бір рет аямайық, есесіне онымыз болашақта үлкен үнемділік әкеледі» деген философиясын байқадым. Содан кейін біз де зауыттағы 245 мың теңгеге 10 күн сайын ауыстырып отыратын бір бөлшекті неміс технологиясымен жасалған қымбат құралға ауыстырдық. Оның құны 1 миллион 400 мың теңге тұрады. Алайда ол бүкіл жазға шыдас береді деседі. Ал ол бөлшекті әр ауыстырған сайын тек қаржы ғана емес, біршама уақыт та, жұмысшылардың берекесі де кетеді. Енді қымбат бөлшекпен жаз бойы ауыстырмастан жұмыс істейміз деп жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ Германияда жүргенімде немістердің бизнеске қатысты мынандай ойы ұнады. Мысалы, біз кәсіппен өз жағдайымызды жасап, тұрмысымызды түзеу үшін айналысамыз ғой. Ал немістердің көпшілігі бизнесті болашақта өзінің ұрпағына мұраға қалдыру үшін бастайды екен. Ондағы кәсіпорындардың көбі – отбасылық бизнес. Бұрын аталары құрған кәсіпорындарды қазір немерелері басқарып жүр. Мысалы, әртүрлі үлкен қысыммен су шашатын, жуатын машиналарды шығаратын әйгілі «Karcher» компаниясын Адольф Керхер 1935 жылы ашқан. Содан ол 20 жылдан кейін қайтыс болып, компанияны әрі қарай әйелі басқарған. 1989 жылы ол кісі де дүние салған соң компания балаларына қалған. Қазіргі уақытта балаларының өзі қартайыпты. Германияға жасаған сапарымызда сол компанияға да бардық. Осы компанияның өткен жылғы айналымы 2,5 миллиард Еуроны құраған екен. Бір ғана отбасының компаниясы осындай айналым жасауы таңғаларлық жағдай. Біз де осылай жасауға талпынуымыз керек.

Өндіруші – ел экономикасының драйвері 

– Олай жасау үшін не істеу керек?

– Алып-сату бизнесіне қатты құмар болмауымыз керек деп ойлаймын. Өйткені ондай кәсіптің ел экономикасының драйверіне айналатынына күмәнім бар. Біз өндіруші болуымыз керек деп санаймын. Ең бастысы өндірістің көзін тауып, Қазақстанда өндіріп, оны шетелге сату керек. Сонда шығысың теңгемен болып, кірісің доллармен болады. Міне, осындай кәсіптің ел экономикасының драйверіне айналатыны даусыз.

– Жас кәсіпкер ретінде мемлекетке қандай пайда тигізіп жатырмын деп есептейсіз?

– Осы уақытқа дейін 5 жылдың ішінде мемлекетке 40 миллион теңгеден аса салық төлеппін. Бұл үшін қуаныштымын, әрине. Өзімнің мемлекетке қандай да бір пайдамның тиіп жатқанын сезіну – бір ғанибет екен.

– Хоббиіңіз..?

– Хоббиім – спортпен айналысу, кітап оқу және саяхат жасау. Қолым қалт еткенде джиу-джитсумен айналысамын. Бірақ әзірге ешқандай жетістігім жоқ. Жай әуесқойлық. Ал саяхатқа келсек, былтыр Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып, тау-тасты кезіп, саяхаттап қайттым. Еліміздің табиғаты тамаша ғой, шіркін. Болашақта елдегі туризм мен инфрақұрылым дамыса деймін. Өйткені кейін күндердің күнінде мұнайымыз таусылса, бізді алып шығатын ауыл шаруашылығы мен туризм саласы деп ойлаймын. Ал биылғы 5-6 айдың ішінде 6 елде болдым. Осы айда да шетелге баруды жоспарлап отырмын.

– Неше тіл білесіз?

– 4 тілде, яғни қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде сөйлеймін. Енді арабша үйренгім келіп жүр.

– Қай бизнесменді пір тұтасыз?

– Әлемнің біршама еліндегі көп кәсіпкерді ұнатамын. Мысалы, Генри Форд. Ол – өте мықты өндіруші болған. Кітаптары да өте қызықты. Оны барлық өндірушілер оқуы керек деп ойлаймын. Сол сияқты Стив Джобс, Джек Ма сынды бизнес және сервис саласындағы басқа да бірқатар тұлғаны үлгі тұтамын. Көбінің аттарын ұмытып тұрмын.

– Тренингтерге қатысасыз ба?

– Өте сирек қатысамын. Одан да кітап оқығанды жақсы көремін. Тренингтен гөрі кітап оқыған тиімдірек секілді. Омар Жәлелұлының айтқандары ұнады. Сол кісінің тренингіне қатысар едім. Ал жас бизнес-тренерьлердің көбі – өзімнің таныстарым. Олармен былай да жолығып, сұхбат құрып тұрамыз.

Алдымен қазақша, одан кейін ағылшынша...

– Қандай кітаптар ұнайды?

– Біртуар тұлғалардың өмірбаяны туралы және тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Қойшығара Салғараұлының моңғолдардың қайдан шыққаны туралы тарихи кітабын оқыдым. Енді оның түріктер туралы кітабын оқып жатырмын. Ерлан Сыдықовтың Шәкәрім туралы кітабын, Зейнеп Ахметованың кітаптарын оқыдым. Сол сияқты аты жаңадан шығып жатқан авторларға да қызығушылықпен қараймын. Көбінесе ағылшынша кітаптарды оқуға тырысамын. Қазіргі уақытта мен орысша оқып, орысша ақпарат алғым келмейді. Алдымен қазақша ақпарат алсам деймін. Ал кәсіпкерлікке қатысты, өзін-өзі дамыту туралы оқулықтарды ағылшынша оқығым келеді. Өйткені олар расымен де озық. Жастарға да соны айтқым келеді. Бірақ қазіргі жасөспірімдер вайнерлерді, блогерлерді көбірек қызықтайтын сияқты. Әрине, вайнерлерге ешқандай қарсылығым жоқ. Олар да маркетингтерін жасап, жарнамаларын жақсы жасап жатыр ғой. Дегенмен өскелең ұрпақ олардың бір минуттық бейнежазбаларын емес, одан да Омар Жәлелұлы, Зейнеп Ахметова сияқты айтары бар адамдардың не деп жатқанын тыңдап, кітаптарын іздеп жүріп оқыса екен деймін.

– Өзіңіз бизнес тақырыбында кітап жазып жатқан жоқсыз ба?

– Жоқ, бізге кітап жазу қайда әлі? Әзірге ондай ойымда да жоқ.

– Алға қойған арман-мақсатыңыз не?

– Америкадағы мықты университеттердің бірінде оқып келсем деймін. Білімімді жетілдіріп келген соң компаниямызды одан әрі күшейтіп, оны болашақта балама мұраға қалдырсам деп армандаймын. Бірақ кім болсақ та, мейлі мәнсап иесі, мейлі қара жұмысшы болайық, ең бастысы абыройсыз болудан Құдай сақтасын!

– Отбасыңыз туралы аз-кем...

– Отбасылымын. Үйленгеніме 6 жыл болды. Бір ұл, бір қызым бар.

– Әңгімеңізге рақмет. Істеріңіз берекелі болсын!

Сұхбаттасқан Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх