Коронавирус туралы не білеміз – дәрігермен сұхбат

19 наурыз, 11:15134

Ғаламтор кеңістігінде «коронавирус инфекциясынан қалай сақтану керек» немесе «оны үй жағдайында қалай емдеу қажет» деген көптеген кеңес пен болжам тарап жүр. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның жетекші инфекционист маманы Динагүл Баешева коронавирус жайлы жиі кездесетін бірнеше деректі жоққа шығарды. Осылайша, мәліметтің қайсы жалған, қайсы шын екені белгілі болды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Динагүл Баешеваинфекционист маман

- Қазір құрамында спирті бар сұйықтықтарды немесе алкоголь сусындарын ішу керек дейді. Бұған не айтасыз?

- Біз құрамында спирті бар антисептиктерді пайдалану қажет деп айттық, яғни спирт сөзі айтылды. Адамдар алкоголь немесе сумен араласқан спирт ішсек ауырмаймыз деп ойлайды. Оларды ішудің керегі жоқ. Себебі бұл вирус асқазанда емес, жоғары тыныс алу жолдарында болады. Құрамында спирті бар антисептиктер вирусты жояды, дегенмен ішу қажет емес. Алкогольді ішкен кезде бауыр вирусқа қарсы тұрып, иммундық жүйені күшейтудің орнына спиртті ағзадан шығарумен әлек болады.

- Коронавирус жазда жоғалады деген әңгіме де айтылып жүр?

- Адам ағзасына түскен коронавирус өзіне қолайлы орта тауып алады. Ол 36 градуста, дымқыл әрі жылы жерде жылдам көбейе береді. Сондықтан біздің мақсатымыз – осы вирусты адам ағзасына түсірмеу. Ал жазғы маусымдағы жағдай әлі толық зерттелмеген. Адамдар өзара байланысып, вирус тарататын болса, ол әрине көбейе береді. Сондықтан барынша араласпау керек.

- Коронавирусты қайта жұқтыру қаупі бар ма?

Бұл сұраққа инфекционист маман Динагүл Баешева Қытайда қайталап ауыру жағдайлары тіркелген деп жауап қатты. Ал Ресейдің биология ғылымдарының докторы, профессор Александр Чепурнов БАҚ-та «Қытай пациенттерді коронавирусты жеңген адамдардың қан іріткісімен сәтті емдеп жатыр» дейді. Осындай әдіспен ауыр халде жатқан науқастар да аман қалды деген ақпарат бар.

Сұхбаттасқан Қымбат Елтайқызы





Наверх