Қазақстаннан қазақ иіс шығып тұруы керек

17 желтоқсан, 11:34241

Тәуелсіздік жолы ешқашан оңай болмаған. Біздің халқымыздың азаттық жолындағы арман-мұраты үш ғасырға жуық  отаршылдықты  көрсе де санадан өшкен емес. Қайта ұлт болмысында оттай алаулап жанып тұрды. Ұлы мереке күні биік мінбеден талай елдік мәселені қозғап жүрген азамат, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлымен кездесіп, тарих пен бүгінгі күнді сабақтастырып, әңгіме қозғаған едік.

Мұрат БақтиярұлыҚР Парламент Сенатының депутаты

– Аға, биыл азат мемлекет болғанымызға 28 жыл толып отыр. Жаңа ғасырдың табалдырығын тәуелсіз ел болып аттадық. Бұған қуана отырып, өткенге ой жіберуге тура келеді. Біз егемендікке қалай жеттік?

– Иә, биыл тәуелсіздігіміздің 28 жылдығын қарсы алып отырмыз. Жалпы, тәуелсіздік деген ұғымды әркім әртүрлі түсінеді, әртүрлі айтады. Біз отарлықтың қамытын ұзақ киген халықпыз. Көп дүниеге салыстырма арқылы ой жіберуге болады. Мәселен, Ұлыбритания, Франция секілді азулы мемлекеттер Африка елдерін жаншып, шауып отарлады. Ал Ресей патшалығы олай істеген жоқ, олар мысықтілеумен келіп, әуелі өздерінің бекіністерін салып, ең шұрайлы жерлерге шаруаларын қоныстандырып, жергілікті халықты шөл және шөлейтті аймақтарға ығыстырды. Сондай-ақ жер-жерден орыс-түземдік мектептерін ашып, оған жұрт арасында беделі бар, ауқатты адамдардың балаларын оқуға тартып, халқымыздың мінезіндегі ең бір осал тұстарын басып көріп, елді рушылдыққа, топшылдыққа бөліп, арасына жік салды. Қысқасы, XVII ғасырдың аяғынан бастап XIX ғасырдың 30-40-жылдарына дейін біз толыққанды Ресей империясының құрамына ендік. XX ғасырдың басында билікке коммунистер келгенде де сол империяның қарамағында болғандықтан, жаңа өкіметтің құрамына да соның құрамдас бөлігі болып ендік. Бірақ бұл кезде Ресейдің жоғары оқу орындарында оқыған көзі ашық, саналы азаматтары осы өліара тұста жаңа биліктен автономия сұрау немесе Ресейден бөліну туралы мәселе көтерді. Олар кеңес өкіметінің Ресей патшалық империясының айырмашылығы жоқ екенін түсінді. Алайда Алаш ардақтыларының арманы орындалмады. Өйткені олардың бәрі отызыншы жылдары қуғын-сүргінге түсіп, атылып кетті.

Шын мәнінде, Кеңес Одағы үлкен империя болды. Оның жақсы жақтары болғанымен, бәрібір империялық саясат үстемдік құрды. Бірақ ол саясат астыртын жүргізілді. Олар « Кеңес халқы» деген ұғымды  биік қойып, Одақ құрамындағы барлық халық бір тілде, яғни орыс тілінде сөйлеу дегенді алға шығарды. Бұл 20-жылдардан бастап 80-жылдарға дейін үздіксіз жүргізілді. Әсіресе, оны біздің елдің жүріп өткен жолынан анық көресіз: қазақ мектептері жабылып, орыс мектептерінің жаппай ашылуы, қала берді, оған интеллигенцияны тартып, насихаттады. Сол жымысқы саясат қазақты Ресейге өз еркімен қосылды дегенді айтқызды. Тарихта бір халық екінші халыққа өз еркімен ешқашан қосылмайды. Ресей империясына қарсы елімізде қаншама ұлт-азаттық көтеріліс болды. Ол көтерілістер кейін ғана анықталып, оған ұлттық сипат берілді. Бірақ бізге кеңес идеологтары оны бұратана халықтың көтерілісі немесе жікшілдер деп құлағымызға құйды. Шындығында олай емес, көтерілісшілер отаршылдыққа қарсы күресті.

Әлем тарихында ұзақ үстемдік құрған империя болған емес. Жер бетін тітіренткен небір империялар болды. Мысалы, Рми империясын алайық. Оның дақпырты Еуропадан Азияға жетіп жатты. Бірақ оның дәурені де ұзаққа бармады. Дәл сондай көп мысалды келтіруге болады. Он бес одақтас республиканы біріктірген кеңес империясы да жетпіс үш жыл өмір сүрді.

Біз тәуелсіздікті 1991 жылы алдық. Бірақ азаттық аспаннан түскен жоқ. Оған түрткі болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы деп білемін. Кеңес билігінің тұсында Қазақ елі өзінің басшысын сайлай алмайтын дәрежеге жетті. Оны Мәскеу шешіп отырды. Қазақстанды ұзақ жылдар абыроймен басқарған азаматтың орнына елімізді картадан білетін адам әкеп қоюы халықтың ашу-ызасын тудырды. 16-17 желтоқсанда Алматыда ғана емес, республиканың облыс орталықтарында біздің жастарымыз алаңға шығып, оған келіспейтіндерін білдірді.Сондықтан Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының күйреуінің алғышартын жасады.

– Бірақ бұл оқиғаға толық баға берілді деп ойлайсыз ба?

– Мен 2011 жылы Парламент Сенаты қабырғасында Желтоқсан оқиғасына байланысты баға беру туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл оқиғаға саяси баға берілді, бірақ өкінішке қарай, өз дәрежесінде осы кезге дейін құқықтық баға берілген жоқ. Бұл оқиғаның басында ұйымдастырушы бар деп айта алмаймын. Бұл халықтың саналы түрде жиналуы деп ұғамын. Егер халық бірігіп, бір уәжге тоқтайтын болса – билікке қарсы күш екенін түсінді. Бұл оқиғаны біреулер ұлт-азаттық қозғалыс деді, біреулер бір топ жастардың бүлікшілдігі деді, әрқандай пікірлер бар. Сондықтан да бұған құқықтық бағаны заңдық тұрғыдан Парламент арқылы беруіміз керек. Түбі беріледі деп есептеймін.

– Біз қайраткер дегенде көз алдымызға Алаш азаматтары самсап тұра қалады. Солардың ұлт үшін атқарған еңбегі мен ерлігін айтып тамсанамыз. Ұлттық саяси элита қалыптасты деп ойлайсыз ба?

– Қазір мемлекет немесе қоғам қайраткері деген ұғымды көп айтамыз. Алдымен қайраткер деген сөздің мәнін біліп алуымыз керек. Лауазымды қызмет атқарғанның бәрі қайраткер емес. Мемлекеттік қызметкерлердің ішінде де нағыз қайраткерлер бар. Ұлтқа, қоғамға, мемлекетке жұмыс істеп жүрген азаматтар жеткілікті.

Біз көбінесе мемлекеттік басқару органдарында қызмет істеп жүрген азаматтарды саяси элита өкілдері деп түсінеміз. Америка, Еуропаның тәжірибесіне қарасақ, шындығында, саяси элита көп жағдайда мемлекеттің дамуы мен реформалардың жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Бізде саяси элита біршама бар. Толық бар деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, саяси элитаның саны аз. Жоғары жақтан қабылданатын шешімдердің дұрыс-бұрысын айтып, тіпті қажет болса, сол шешімнің қабылданбауына әсерін тигізетін азаматтар жоқтың қасы. Бір жағынан, саяси элита бәсекелестікпен қалыптасады. Оған шамалы уақыт керек болар.

– Тәуелсіздіктің бір тұғыры – тіл. Сіз мемлекеттік тіл мәселесін жиі көтеріп жүрсіз. Орта мектептегі пәндерді қазақ тілінде оқыту керек дедіңіз. Еліміз дербестік алғалы екі заң ғана мемлекеттік тілде дайындалды дедіңіз. Енді осы мәселелер шешілмей, қордалана бере ме? Мұны шешуге не кедергі?

– Бұл енді әдбен ақжемі шыққан жауыр тақырып. Енді Парламенттің мүшесі ретінде, жалпы, біз «Тіл туралы» заң қабылданғанымызға отыз жыл болды. Бұған кінәлі өзіміз. Ұлттық мүде, ұлттық рух, ұлттық мақтаныш деген сезімдер бізде әлі аз. Екіншіден, бұған биліктің де кінәсі бар. Өйткені өзін-өзі сыйлайтын мемлекет, өзін ұлтпыз деп танитын мемлекет те барлық ресми қағаздар, онда қабылданатын заңдар, қала берді, мемлекетаралық қатынастардың бәрі – сол елдің  аты аталатын тілде жүргізілу керек. Бұл біз ойлап тапқан нәрсе емес, барлық елде солай. Қысқасы, біздегі саяси элита, Үкімет, Парламент, бизнес мемлекеттік тілде сөйлемеймінше, бұл мәселе жауыр күйінде қала береді.

Латын әліпбиін енгізудегі басты мақсаттардың негізі – мемлекеттік тілді мығымдаудың бір жолы. Мен латын әліпбиіне қатысты ұлттық комиссиясының мүшесімін. Осында мәселе көтердім. Бір мемлекетте екі алфавит болмау керек. Латын әліпбиі әзірше қазақ тіліне енгізіледі. Бізде ресми тіл бар. Бұл – бір ұлтты қақ жару деген сөз. «Тіл туралы» заңға өзгеріс енгізу қажет. Қазір тіл үйренем дегенге мүмкіндік көп.

Қазақ тілі – бай тіл. Мәселен, бір жылқыға қатысты образды атаудың өзі 200-300 түрге бөлінеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің ішінде мемлекеттік іс жүргізу деген бар. Соған соншама образды тіл қажет пе? Тіліміздің бояуы мен образын әдеби тілде қалдырып, комиссия арқылы тілімізді сұрыптап, ресми құжаттарға қолданатын бір затты таңдап алуымыз қажет. Бұл шетелдік тәжірибеде бар. Бір сөзбен айтқанда, тілімізді стандарттау жағын мамандармен ақылдасуымыз керек.

Жалпы алғанда, еліміздегі балабақшалар тұтасымен мемлекеттік тілге көшу қажет. Басқа тілде оқытамын десе, мемлекет оған субсидия бермеу керек. Бұл – Малайзияның тәжірибесі. Біраз уақыт өткеннен кейін бастауыш сыныптар толықтай мемлекеттік тілде оқытылса деймін. Сонда балабақша мен бастауышта қазақ тілінің қайнарынан қанып ішкен жеткіншектер ана тілімізді ешқашан ұмытпайды.

– Азамат ретінде, қазақтың абыройлы бір перзенті ретінде сізді қоғамда не толғандырады?

– Мен өзім тәуелсіз елде өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Әрине, бәрі тақтайдай тегіс болып жатқан жоқ, ой-шұңқыр көп. Кедергілер де жетеді. Қоғамда кездесіп жатқан әртүрлі жағдайлар бар. Бірақ әлемдік мемлекеттермен салыстырма түрде қарағанда бізде жетіспей жатқан нәрсе ұлттық құндылықтарымыз деп білемін. Қазақстаннан қазақи иіс шығып тұруы керек. Бұл – үлкенді сыйлау, ананы құрметтеу, әділ билік болатын болса, оған басын ию, тыңдау, заңға бағыну. Ең бастысы – еңбек ету. Және сол еңбектің тиісті бағалануы аз. Мені ең алдымен еңбек мәселесі толғандырады. Ұлттық құндылықтарды қадірлеу, ажырасу мәселесі де ойландырады. Бұрынғы ұлттық дәстүрлі қоғамда ажырасу болмаған. Қазір отбасының құндылығы жайында айтпаймыз. Отбасылық құндылық – мемлекеттің тірегі. Ажырасудың себебін іздеп жатқан мамандар аз. Содан кейін қоғамда кейбір шенеуніктер мен қалталы азаматтарымыздың өздерін дөрекі ұстауы – байлықты бірінші орынға қоюы, халық арасында кері реакция тудырады. Ағылшындар мен немістердің дәулеті тұлғалары бай болған сайын кішіпейіл келеді. Бізде басқаша. Дін мәселесі де мазалайды. Обал-сауап, ұят, нысаптың қадірін білмей барамыз. Айналып келгенде, өркениетке жетудің жолы – білім, ғылым, ақпарат. Адам біліммен бірге тәрбиені алып жүрсе, ол мемлекеттің болашағы кемел.





Наверх