Қайрат Лама Шариф: Тәуелсіз елдің туын биік ұстайық!

16 желтоқсан, 09:01231
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Биыл тәу етер тәуелсіздікке 28 жыл толады. Тәңірдің өзі тарту еткен еркіндік әр қазаққа қандай бақыт әперді? Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін не істеу керек? Осындай сауалдарды көп жылдар шетелдерде қызмет атқарған танымал дипломат, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Қайрат Лама Шарифке қойдық. 

Қайрат Лама ШарифЕрекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Қайрат Лама Шарифке

Кеудемізді шаттық кернейтін күн

- Қайрат Қайырбекұлы,  Қазақ Елі биыл азаттығының 28 жылдығын атап өтеді. Сіздіңше Тәуелсіздік күні қандай мереке? Шаттанатын күн бе, аза тұтатын күн бе, әлде, жәй ресми мереке ме?

- Бұл кеудені шаттық сезімі кернейтін күн! 28 жыл бұрын қолымыз жеткен Тәуелсіздік әр қазақтың басына қонған бақыт дер едім. Мәселен, егемендік маған не берді дегенге келейік. Тәуелсіздікке дейін өзімді тек арабтанушы маман болып өмір бойы жұмыс істеймін деп ойладым. Кеңес дәуірінде дипломат боламын еген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ол кезде қиялы арман ғана болатын. 90-жылдардың басында Еліміз еркіндік алып, елшіліктер ашыла бастады. 28 жыл ішінде дипломатиялық қызметімде 3-ші хатшыдан Елші дәрежесіне дейін өз еңбегіммен көтерілдім. Қазақстан өзін әлемге бейбітсүйгіш, достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтын ел ретінде мойындатты. Сол себептен, Тәуелсіздік күні мерекесін асыға күтемін. Бұл күн келер Тәуелсіздік күніне дейін елімізді қалай көркейтеміз деген ұлтжанды азаматтың бірімін.

- Неге біз 28 жылда саяси тәуелсіздік алсақ та, рухани тәуелсіздік ала алмай отырмыз? Әлі күнге дейін кеңестік санадан тәуелсіз санаға өте алмай келуіміздің себебі неде? Мемлекетшілдік, Тәуелсіздік деген ұғымдарды санамызға сіңіре алмадық. Қазақстанда сананы отарсыздандыру процесі қашан жүргізіледі?

- Өз басым «Біз рухани жағынан кенжелеп қалдық» деген пікірмен келіспеймін. Адамның рухани жан-дүниесі заңдармен, талаптармен шектелмейді. Рухани дамуымызға ештеңе кедергі бола алмайды. Ал екі қазақтың бірі екіншісіне орысша шүлдірлеп сөйлеп отырса, Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілді үйренуге немқұрайлық танытса, ол рухани таяздығының көрінісі. Рухани азықты әр адам өзі іздеп табады. Біреу Құраннан, екінші біреу Батырлар жырынан, үшінші біреу Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен іздейді. Рух та, иман да әр адамның жүрегінде. Тәуелсіздік таңы атқаннан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа буын ұрпақты рухани жетілдіру үшін «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Дала елі» секілді көптеген игі бастамалар көтерді. Рухани қазық дегеніміз осы.

- Қазақстанда Ленин атындағы 352 көше бар. Кеңестен қалған атау, таңбадан тазалауды өзге ұлттардан неге үйренбейміз? Мысалы, Украинадағы Лениннің ескерткіштерінің барлығы құлатылды. Ал біздегі компартия, қызыл әскер құрметіне қойылған елді мекен атаулары әлі сол қалпында тұр. Осы мәселені шешетін кез келді емес пе?

- Бұл мәселе егемендік алған күннен бастап тұрақты түрде шешімін тауып келеді. Мәселен, өзім туып-өскен Ертіс ауылында Ленин атындағы көшеге – Астана, Карл Маркс атындағы көшеге – Бөгенбай батыр, Герцен көшесіне – Желтоқсан, Калинин көшесіне – Иса Байзақов есімдері берілді. Бұл үрдіс тәуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпірінде өріс алуда.

Тәуелсіз елді білімді азаматтар құрады

- Желтоқсанның Тәуелсіздік үшін қандай маңызы бар? Сіз Желтоқсанға қатыстыңыз ба? Желтоқсан ұлттық-азаттық көтерілісі туралы қандай да бір тың деректер, мағлұматтар келтіре аласыз ба?

- Кейбір халықтар, елдер азаттығына қол жеткізу үшін жылдар, ғасырлар бойы күреседі. Бір ғасыр бұрын Алаш арыстары азаттығымыз үшін жанын шүберекке түйіп, арпалысты. Сол күресте қаншама зиялыларымыз құрбан болды. Одан беріде тәуелсіздікті армандаған ақын-жазушыларымыз да қуғын-сүргінге ұшырады. Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі болған кезде мен Йеменде аудармашы болып, жұмыс істеп жүргенмін. Желтоқсанның қазақ жастарына, халқымызға әкелген қасіретін естіп-біліп, қабырғамыз қайысты. Алайда, ұлттық намысты ту еткен қаһармандар тоталитарлық жүйенің шынжырын быт-шыт қылып үзді. Желтоқсанның Тәуелсіздік үшін маңызы аса зор. Оның айғағы Елбасымыз 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні деп жариялады. Ұлық мейрамды осы күнді атап өтуіміздің өзі азаттығымызды әперген Желтоқсан екенін айғақтап тұр. Көшелерге Желтоқсан атауы берілуде, желтоқсаншыларға деген құрмет те бар. Меніңше, Желтоқсанға лайықты баға берілді.  

- Жуырда ғана бар қазақ 80 жылдығын атап өткен заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың «Тәуелсіздікке жеткенге дейін оны көксеумен өтсе, тәуелсіздіктен кейінгі ғұмыр оны баянды етуді басты мұрат етеді» деген аталы сөзі бар. Тәуелсіздікті әрқайсымыздың жүрегімізде орнықтыру үшін, әр қазақ тәуелсіздікке адал қызмет етіп, оны баянды қылу үшін не істеуіміз керек?

- Біздің алдымыздағы ең басты мақсат – бабадан атаға, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ең киелі, қастерлі ұғымды ұлықтап, көк байрағымызды биік ұстау. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін, ұлттық санамыз бен намысыз жоғары тұруы шарт. Бұрын атеистер адамды адам еткен маймыл деген теорияны миымызға енгізумен арпалысты. Кейін оны жұмсартып: «Адамды адам еткен еңбек» дедік. Бірақ Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз осыдан 11 ғасыр бұрын: «Адамды адам еткен - ақыл» деген ұлағатты сөзді қалдырды. Тәуелсіз болу үшін, ең алдымен терең білім керек. Әр қазақ баласы көп шет тілдерін меңгергені абзал. Қазақ көп тілді үйренуге аса қабілетті халық. Дипломат, елші ретінде жас ұрпаққа айтар кеңесім, көп тілді меңгеріңдер. Мысалы, ағылшын тілін жетік білсеңдер, айдай әлемдегі жаңалықтарды оқып отырасыңдар. Сол арқылы өзінді, еліңді дамытасың. Біздің ұрпағымыз әлемнің жетекші тілдерінде еркін сөйлесе екен деп армандаймын! Бірақ:

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!» деп Қадыр Мырза Әлі ұлттық ақынымыз өсиет сөз қалдырғандай, ең әуелі ана тіліңде сөйлеп, құрмет көрсет. Елбасымыз өзі айтқандай, латынға көшуді құптап, дәріптесек, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің ішінде боламыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Еліміздің ертеңі жарқын болсын!

Әңгімеңізге рақмет!





Наверх