Қайрат Лама Шариф: Абай мен Әл-Фарабидің мерейтойы әлемдік деңгейде тойланады

06 желтоқсан, 11:08416
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

2020 жылы айтулы екі дата – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде атап өтіледі. Мысалы, алдағы жылы 9 мемлекетте Абай атамыздың еңселі ескерткіштері бой көтереді. Сирияның астанасы Дамаскідегі әл-Фарабидің тарихи-мәдени Орталығы (құрылысы аяқталса да соғыстың салдарынан 8 жыл тұрып қалған) салтанатты түрде ашылады. Қазақ халқының адамзатқа ортақ ұлы тұлғаларының есімін, рухани мұрасын ұлықтау үшін жүзеге асырылатын халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар туралы бізге Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф кеңінен әңгімелеп берді.

Қайрат Лама Шариф СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі

Абайдың өлеңдері мен қара сөздері 10 тілге аударылады

- Қайрат Қайырбекұлы, алдағы жылы еліміз ұлт мақтаныштары – «Адамзаттың екінші ұстазы» атанған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын, халқымыздың бас ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлайды. Жақында ғаламтордағы жаңалықтардан Жапонияда, Болгарияда, Литвада, Латвияда, Мысырда, Индонезияда әл-Фараби орталықтары ашылады деген ақжолтай хабарды оқыдым. Ұлы даланың даңқты тұлғаларын ұлықтауға қатысты 2020 жылы шетелдерде қандай үлкенді-кішілі іс-шаралар өтеді?

- Өздеріңізге мәлім, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2020 жылы екі ірі дата: әл-Фарабидің 1150, Абай атамыздың 175 жылдығын атап өтуге ерекше тоқталды. Осыған орай, барлық министрліктер, әкімдіктер, мекемелерден құрылған мемлекеттік комиссия өз жұмысын бастап, бүгінге дейін ҚР Мемлекеттік хатшының төрағалығымен екі отырысын өткізді. Осы жиындарда әрбір мекеме өзінің іс-жоспарын белгілеп, тапсырды. Сыртқы істер министрлігі өзінің шетелдердегі 60-тан аса елшіліктермен бірлесіп, екі үлкен мерейтойға қатысты іс-шаралар жоспарын жасап, соны қазір түрлі мекемелермен үйлестіруде.

Ең әуелі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына қатысты өтетін іс-шараларға тоқталайын. Абайдың есімін шетелде ұлықтауға қатысты айтар болсам, 9 мемлекетте (Германия, Аустрия, Италия, Болгария, Ресей, Грузия, Үндістан, Моңғолия, Латвия) Абай ескерткіштерін тұрғызуды жоспарладық. Екіншіден, Вена, Вильнюс, Тбилиси, Амман және Улан-Батор қалаларының көшелерінің біріне Абайдың атын беру мәселесін шетелдегі елшіліктеріміз қала әкімшіліктерімен пысықтау үстінде. Үшінші үлкен шараның бірі – осы екі айтулы датаны есте қалдыру үшін қос тұлғаның мерейтойына арналған шетелдік мерекелік пошта маркаларын шығару. Бұл істі «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асыруға кірістік.

Халықаралық шаралардың бәрінің түпкі мақсаты – Абай Құнанбайұлының дүниежүзілік әдебиетте алатын орнын тағы бір айқындау. Осы орайда, елшіліктердің жанынан Абай орталықтарын ашу мәселесін көтердік. Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының шетелдік серіктес университеттерінде, кітапханаларда және басқа да мекемелерде Абайды зерттеу орталықтары құрылады. Қазақстанның елшіліктері 2020 жылғы Наурыз мейрамында Абайдың 175 жылдығына арналған шетелде оқитын қазақстандық студенттер, қазақ диаспорасының өкілдерінің қатысуымен әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізеді. Мәселен, «#Мен Абайды оқимын» деген челленджді 60-қа жуық елдерге таратып, әлеуметтік желілер арқылы Абай өлеңдерін әлемге насихаттаймыз. Сондай-ақ, Наурыз мейрамында «Ұлы Абай халықтың жүрегінде» атты ақын шығармашылығы негізінде диктант жазуды, сол сайыстың жеңімпаздарын халықаралық деңгейде марапаттауды да жоспарға енгіздік. Мемлекет басшысының ұйғарымымен шілде айының алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленгені мәлім. Келер жылы 5 шілдеде барлық елшіліктердің, қазақстандық студенттердің, қазақ диспорасының қатысуымен Абай туындыларына арналған «Абай домбырасы-pаrty» акциясы ұйымдастырылады.

- Мерейтой қарсаңында қолға алынатын шаруаның бірі – Абай атамыздың шығармаларын басқа тілдерге аудару. Мысалы, «Абай жолы» роман-эпопеясы әлем халықтарының қанша тіліне аударылған? Жалпы алғанда, Абай Құнанбайұлының шығармалары БҰҰ-ның 6 ресми тілінен басқа қай тілдерге аударылды?

- Өкінішке орай, «Абай жолы» туындысы көп тілдерге аударылмаған. Әрі кеткенде 10 тілден асады. Өзім араб тілінің маманымын. Бірде Мәскеуде «Прогресс» баспасынан 1970 жылы жарық көрген Абай өлеңдерінің аудармасын оқыдым. Суданның бір жазушысы сөзбе-сөз аударған болуы керек, бірақ сапасы өте төмен. Мүлдем оқылмайды. Біздің мақсатымыз – Абай шығармаларын сол елдің ақындары өз түсінігімен аударса деген ниет. Абай өлеңдері мен қара сөздерін БҰҰ-ның 6 ресми тіліне аудару мәселесін Ұлттық аударма бюросымен бірге қарастырып жатырмыз. Одан өзге тағы 4 тіл қосылып, барлығы 10 тілге аударылады. Түркі академиясы ақын шығармаларын түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт тілдеріне аударуды қолға алды. Мәскеудегі Қазақстан елшілігі Ресей елінде мекен етіп жатқан, қолданыс аясы кең 10 тілде Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдерін іждаһатты жолмен, танымал ақын-жазушылар мен аудармашылардың қатысуымен жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сапарын Семейден бастағанда Абаймен қатар әкесі Құнанбайдың да ел тарихындағы еңбегін құрметтеу қажеттігін айтты.

 Осыған орай, 175 жылдықтағы үлкен шаралардың бірі – «Құнанбай» көркем фильмі шетелдік кинотеатрларда, телеарналарда көрсетіледі. Қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерінде шыққан көркем фильм басқа тілдерге субтитрлер арқылы аударылады.

Әл-Фарабидің мәдени-тарихи Орталығын екі тарап бірлесіп басқарады

- Қазір елді елеңдетіп отырған мәселенің бірі – Дамаск қаласында тұрғызылған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың тарихи-мәдени Орталығының тағдыры. Біздің білуімізше, әл-Фараби Орталығының құрылысы 2011 жылы аяқталған. Жуырда біздің газеттегі сұхбатында сенатор Әлімжан Құртаев ағамыз: «Бұл ғимарат қазір не Сирияның, не Қазақстанның меншігінде емес. Меншіксіз тұрған жайы бар. Осы ғимаратқа қатысты заңды шешім шығаруымыз керек» деп еді. Мұндай заңды шешім шығаруға не кедергі болуда, ол қашан шығарылады?

- Өздеріңізге мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Сирия Араб Республикасына ресми сапармен барғанда әл-Фараби бабамыздың кесенесінің жанынан тарихи-мәдени Орталық тұрғызу туралы бастама көтерді. Бұл ғимарат 2011 жылы салынып біткенімен, Сирияда соғыс басталып, біз 8 жылға жуық осы нысанның хал-күйінен хабарсыз болдық. Биыл қыркүйек айында ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов бастаған қазақстандық делегация Сирияға барып, әл-Фараби Орталығының ахуалы дұрыс екенін көзбен көрді. Одан соң арнайы комиссиямен Дамаск қаласында болып, әл-Фараби кесенесі мен Орталықтың қазіргі жағдайы, ашу мүмкіндіктері жөнінде Сирия тарапымен келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесі шығар, келер жылы ғимарат салтанатты түрде ашылады. Заңды шешімге қатысты айтарым, 2007 жылы бастама көтеріліп, кешеннің құрылысы басталған соң Қазақстанның Мәдениет министрлігі мен Сирия Араб Республикасының Мәдениет министрлігі арасында үкіметаралық келісімге қол қойылды. Сол келісімнің 6-ыншы тармағына сәйкес, құрылыс аяқталғаннан кейін тағы бір жаңа келісім жасалады деген мәміле болған. Осы жолы Дамаск провинциясының губернаторымен, Сирияның Білім министрімен және Сыртқы істер министрлігінде болған кездесулерде осы мәселені көтердік. Сирия тарапы Ұлы Бабамызға деген қазақ халқының айрықша құрметіне зор ризашылық білдіріп, бұл Орталықты екі тарап бірлесіп басқарса деген ұсыныс айтты. Қазіргі кезде 6-ыншы тармақты орындау үшін, жаңа келісім жобасы жасалуда, осы жобада барлық тетіктер қарастырылады. Иншалла, көп ұзамай әл-Фараби Орталығы салтанатты жағдайда ашылады.

- Қайрат Қайырбекұлы, жыл басында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Сенат депутаты Әлімжан Құртаев мерейтой алдында бірқатар маңызды мәселелерді шешуді ұсынған еді. Солардың бірі – «әл-Фараби ізімен» атты халықаралық экспедиция ұйымдастыру. Бұл ұсыныс іске асырыла ма? әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналған тағы қандай ауқымды іс-шаралар өткізіледі?

- Иә, «әл-Фарабидің ізімен» атты халықаралық экспедиция 2020 жылдың ақпан айында  ұйымдастырылады. Аты айтып тұрғандай, экспедиция мүшелері Отырардан бастап Ташкент (Шаш), Самарқанд, Бұхара, Мерв, Нишапурге дейінгі барлық көне қалаларға барады. Ташкент, Ашхабад, Тегеран қалаларында үлкен халықаралық конференциялар өтеді. Өзбек, түркімен, иран ғалымдарымен бірлесіп, бабамыздың еңбектерінің құндылығы, өміршеңдігі туралы тақырыптарды қозғаймыз. Экспедицияға қазақстандық фарабитанушы ғалымдар, әртүрлі түсірілім топтары қатысады. Мерейтойдың ең ірі шарасы – 18 қарашада «философия күні» Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтеді. Ол жерде әл-Фарабидің Әлемдік өркениеттегі рөлі туралы сөз қозғалады. Тағы бір айтулы басқосу «Бірінші ұстаз» атанған Аристотелдің отаны Грекиядағы Саяси және әлеуметтік ғылымдар «Пантеон» университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Әл-Фараби бабамыз - 70 тілді, соның ішінде грек тілін де еркін сөйлеген полиглот энциклопедист ғалым болған. ҚазҰУ Мысырдың Әл-Азһар және Каир университеттерімен бірлесіп, әл-Фараби энциклопедиясын жасауды қолға алды. Қазақ және араб тілдерінде шығатын энциклопедия әлем халқына күзде таныстырылады. Бүгінге дейін жазған барлық трактаттары, қолжазбалары бір жерге жинақталады деп үміттенеміз. Қазірдің өзінде бұл іске елордамыздағы көптеген шетел елшіліктері ат салысуда. Олар өз елдеріндерінің әл-Фарабиге қатысы бар деректерді бізге жіберуде, біз оларды фарабитанушы ғалымдарға зерделеуге берудеміз.

2020 жылы 20 қазанда Біріккен Араб Әмірліктерінде дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі өтетіні белгілі. Көрменің тақырыбы «Ақыл-ойды біріктіріп, болашаққа бірге барайық!» деп аталады. Айтарлығы, көрменің тақырыбы әл-Фараби бабамыздың ой-арманымен өте ұқсас. Себебі, бақыт тақырыбын осыдан 11 ғасыр бұрын Әбу Насыр әл-Фараби көтерді. «Бақытқа апаратын жол», «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарасы» сияқты әйгілі трактаттары бар. Сол себептен, біз Дубайдағы көрмеде Қазақстан павильонында әл-Фараби орталығын ашып, пәлсапалық ойларын, нақыл сөздерін түрлі тәсілдермен халыққа жеткізгіміз келеді. 2020 жылы қараша айында Дубайда өтетін дүниежүзілік үкіметтер саммитінде де пленарлық отырысты ұлы бабамыздың мұрасына арнаймыз деген жоспарымыз бар. Біріккен Араб Әмірліктері  21-інші ғасырда Бақыт министрлігін ашқан бірінші ел болып саналады.

- Сонда Бақыт министрлігі немен айналысады? Бақыттың әлемдік деңгейдегі белгілі бір формуласы бар ма?

- Бақыт деген сөзге келсек, жер шарында қазақ халқы ғана Бақыт деген есімді ұлға да, қызға да қояды. Басқа елдерде Бақыт деген есім қызға ғана тән болып келеді. Бақытқа қатысты БҰҰ-ның мамандары жасаған 22 көрсеткіші бар. Мысалы, әр адамға білім алуға, денсаулығын тексертуге және баспана алуға жағдайы болса, осындай көрсеткіштер арқылы адамның қаншалықты бақытты не бақытсыз екенін шығаратын формула бар. Бақыт министрлігі осындай мақсаттарға жұмыс істейді. БАӘ-дегі Бақыт министрлігі негізі Үкіметтің құрамындағы бір бөлім. Дербес министрлік емес, әзірше портфельді министрліктер қатарына кіреді.

- Айтыңызшы, әл-Фараби бабамыздың нақты қанша еңбектері бар? Солардың қаншасы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылды?

- Бұл сауалыңызға ҚазҰУ-дағы әл-Фараби орталығы, Р.Сүлейменов атындағы  Шығыстану институты мен Философия, саясаттану және дінтану институтының фарабитану ғалымдары нақты жауап бере алады деп есептеймін. Ең бастысы - алдағы жылы ұлтымыздың мақтаныш етерлік ұлы тұлғаларының еңбектерін әлемдік деңгейде насихаттау. Мемлекет басшымыздың сөзімен айтқанда, «Біз үшін бұл мерейтойлардың маңызы ерекше. Тарихи даталарды ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абай мен ғұлама әл-Фарабидің тағылымдарын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғалардың ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу».

- Салиқалы сұхбатыңызға көп рақмет! Ел үшін, келешек ұрпақ үшін атқарып жатқан еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!





Наверх