Ханс-Пол Бюркнер: Жергілікті билік табиғатты ластағандарды мүсіркемеуі керек

16 шiлде, 12:06258
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Қазақстанда, соның ішінде Нұр-Сұлтанда урбандалу саясатының қандай тәжірибесін енгізу керек? Болашақтың қалалары кешенді инфрақұрылымнан қалай табыс табады? Осындай сауалдарға жауап іздеп, Елорда Инфо тілшісі The Boston Consulting Group-тың директорлар кеңесінің төрағасы Ханс-Пол Брюкнермен сұхбаттасты. Ол әлемдегі ең үздік үш университет: Рур, Йель және Оксфорд универсиеттерін тәмамдаған. 2003 жылы Consulting magazine-нің нұсқасы бойынша, әлемдегі ең мықты 25 экономист-кеңесшілердің қатарына кірген.

Ханс-Пол Бюркнер The Boston Consulting Group-тың директорлар кеңесінің төрағасы

         - Ханс-Пол мырза, экономиканы қарқынды дамытып, қоршаған ортаны сақтау үшін урбандалу саясатының қандай озық тәжірибесін Нұр-Сұлтанға қолдануға болады?

         - 2030 жылға қарай әлемдегі қалаларда 5,1 млрд. адам тұрады. Бұл дегеніміз Жер шары халқының 60 пайызы. Әрине, қазіргі кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, жер шарындағы қалалардың тұрғындарының 10 пайызы ғана қолайлы жағдайда өмір сүреді. Әсіресе, дамушы елдерде өткір мәселелер көп. Мысалы, Дели, Каир, Лагос, Карачи сияқты қалаларды айтуға болады. Теңдестірілген өсімді қамтамасыз ету үшін негізінен үш мәселені шешу керек.

         Біріншіден, қалалар өндірістік және экологиялық күрделі салаларды өңірлерге шығарып, өзінің экономикалық құрылымын қалпына келтіруі тиіс. Мысалы, шығармашылық және қызмет көрсету секторын алайық. Бұл жерде Нұр-Сұлтанға Лондонның тәжірибесі өте қолайлы. Ірі-ірі кәсіпорындар өңірлерге көшіріліп, елордада тек табиғатты ластамайтын секторлар шоғырланғаны абзал. Екіншіден, жергілікті билік органдары қоршаған ортаны ластайтындарды аяп, мүсіркемеуі керек. Керісінше, оларға салықты өсіріп, заңнаманы бұзғаны үшін салынатын айыппұлдарды көбейтсін. Алайда, қалдықсыз өмір сүру саясатын жүргізетін компанияларға нақты қаржылық ынталандыру шараларын ұсынсын. Бұл жерде Копенгагеннің тәжірибесі эталон болып табылады. Үшіншіден, ұлттық үкіметтер аумақтық жоспарлау және жұмыс күшін жоспарлау саясатын қайта қарағаны жөн. Бұл жерде «инфрақұрылымдағы адамдар» деген қағидат бірінші орында тұруы тиіс. Адамдар жұмысқа баруы үшін қыруар энергия жұмсайды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдарды айтып отырмын. Бұл жерде неміс қалаларының озық тәжірибесінен үлгі алыңыздар.

         - Қазір кешенді қала инфрақұрылымынан пайда табу деген ұғым пайда болды. Осыны мысалдармен тарқатып айтып берсеңіз.

         - Иә, оныңыз рас. Көптеген қалалар өзінің дамыған инфрақұрылымынан жақсы табыс табады. Ол үшін тиімді қоғамдық көлік, нақты адамдардың мәліметтерін басқаруға көңіл бөлінеді. Мысалы, кедей қаладан Азияның ең ірі экономикасының біріне айналған Сеулді алайық. «Ақылды» қалада шенеуніктер мен тұрғындар өте терең түсініседі. Арадағы қарым-қатынасқа, ынтымақтастыққа ең алдымен назар аударылады. Бұрын жергілікті билік тұрғындардың ой-пікірін білу үшін, сауалнама жүргізетін. Қазір заман басқа. Ғаламтор заттары, жасанды интеллект және өзге де сандық технологиялар бар. Осы технологияларды қолдана отырып, аз шығын жұмсап, қысқа мерзімде қала туралы нақты көріністі біле алады. Мысалы, «жасыл орындар» деген түсінік бар. Сингапурде халықтың саны өскен сайын, жасыл желек жамылған орындар көбейіп отырды. Нұр-Сұлтанға да осы тәжірибені қолдануға болады. Қазір қала жап-жасыл болып келеді. Әсіресе, жаңадан салынып жатқан Ботаникалық баққа көңілім толды. Осындай 10 шақты орындар салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Ендігі кезекте осы жасыл-желекті, таза ауаны ластайтын кәсіпорындарды, көліктерді анықтау мен жазалау шараларына ерекше көңіл бөлу керек. Әрбір қала үшін қоршаған ортаның тазалығы, оны сақтау мен қорғау ең бірінші орында тұрғанда ғана нақты, қарқынды даму туралы әңгіме айтуға болады.

-Әңгімеңізге рақмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх