Елбасымен ән салу – бір ғанибет

01 желтоқсан, 10:144282
Фото Амантай Жұмашевтің жеке мұрағатынан (2006 жылы түсірілген) Фото Амантай Жұмашевтің жеке мұрағатынан (2006 жылы түсірілген)

Елорда Инфо тілшісі Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасымен талай мәрте ән салып, тіпті бейресми түрде оның жеке концертмейстері атанып кеткен белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының бас хормейстері Амантай Жұмашевпен сұхбат құрды. 

Амантай ЖұмашевКомпозитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

– Амантай Жұмашұлы, сіз – Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолдау көрсеткен өнер адамдарының бірісіз. Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасақ. Елбасының назарына қалай іліктіңіз?

– Елбасының алдында өнер көрсетіп, қызмет ететіндіктен, бейресми жиындарда ол кісі мені іздейтін. Сіз соны сұрап отырсыз ғой. Ол былай басталды. 2004 жылдың 4 ақпаны күні Елбасының қатысуымен Бурабайда бір бас қосу өтті. Содан Нұрсұлтан Әбішұлының алдында еліміздің әр өңірі мен Ресейден келген бірқатар әртіс өнер көрсетті. Солардың арасында мен де болдым. Негізі мен о баста тізімде жоқ едім. Елімізге белгілі әншілердің бірі онда бара алмайтын болғандықтан, оның орнына бару маған бұйырды. Содан сырнайымды асынып бардым. Кешкісін концерт басталды. Әртістерге тек бір-бір әннен ғана айту керектігі тапсырылды. Бір уақытта кезек маған келді. Бір ән орындап болған соң Елбасы маған тағы бір ән айтуымды сұрады. Екінші әнім аяқталған соң үшіншісін орындадым. Одан кейін бір уақытта ол кісі «Баспадым жардың шетін құлай ма деп...» деп шырқай жөнелді. Мен де қосыла кеттім. Содан соң ол кісі тілегін айтып, сөз сөйлеп тұрып, мені көріп қалса, бір әнді шырқай жөнеледі. Мен баянмен сүйемелдей кетемін. Ән аяқталған соң сөзін жалғастырады. Үлкен кісіден бастап бәріміз аяқтан тік тұрмыз. Түн ортасы болды. Мені көріп қалса, тағы бір әнді бастайды. Мен баянмен сүйемелдеп, екінші дауыспен қосылып орындаймын. Ол кісінің жанына жағып тұрған сияқты. Екі көзі менде. Бір уақытта менен «Атың кім? Қайда істейсің?» деп сұрады. Қазақ театрында бас хормейстер екенімді айттым. «Әзірбайжан Мәмбетовте екенсің ғой» деді. Содан қай жақтан екенімді сұрап, мен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында туып-өскенімді айттым. «Осы әннің бәрін қайдан білесің?» деді. Оның бәрін бала күннен радиодан тыңдап өскенімді жеткіздім. Сөйтіп 2,5 сағаттай тік тұрыппыз. Бір кезде ана кісі сөйлеп тұрған уақытта лауазымды тұлғалардың бірі маған жақындап келіп: «Жасырындау жерге барып тұршы. Неше сағат болды аяқтан тік тұрғанымызға, әбден шаршаттың ғой», – деді. Бірақ мен шаршамадым. Әншейінде салмағы әжептәуір, 11 келілік баянды асынып ұзақ тұрғанда шаршайтынмын расымен. Елбасының қасында тұрғаннан соң ба, ешқандай шаршау жоқ. Содан жасырындау жерге барып тұрдым. Елбасы сөйлеп болған соң мені көрмегеннен кейін бе, шығып кетті. Мен екінші жақтан шығып бара жатыр едім, көмекшілері болса керек, қасыма дереу жетіп келіп, телефон нөмірімді жазып алды. Содан жексенбі күні елордаға келіп, дүйсенбі жұмыстан шығып келе жатсам, телефоным шырылдады. Тұтқаны көтерсем, «қайдасыз?» деді арғы жақтан. Жұмыстан келе жатқанымды айтып едім, баянымды алып, бір мейрамханаға жедел жетуім керектігін, ол жерде Мемлекет басшысы отырғанын айтты. Содан бері баяным көлігімде жүретін болды. Бірер мәрте кептелісте тұрып қалғанымда МАИ қызметкерлері келіп, жолымды ашып беріп, өз көліктеріне ілестіріп апарған кез де болды.

– Тұңғыш Президент туралы көп айтылып та, жазылып та жүр ғой. Дегенмен Елбасының ел біле бермейтін тағы қандай қырлары сізге мәлім?

– Ол кісі жұмыстан тыс уақытта барлық проблеманы ұмытады. Кейбір әнге жас жігітше билеп те кетеді. Әңгімені қалай айтады десеңізші! Ол кісінің әңгімесі адамды ұйытады. Кейбір адамды қалжыңмен қағытып, әзіл айтып, бәрін күлдіріп отырады. Мен кейбір лауазымды тұлғаның алдына барғанда аздап қобалжуым мүмкін. Бірақ Елбасының алдында еш қобалжымаймын. Неге десеңіз, ол кісінің өзінің атмосферасы сондай. Өнер адамдарына қатты сөз айтпайды. Оларды қолдап-қолпаштап отырады. Өте рухани адам. Әндердің сөзіне керемет мән береді. Кейде «Эх, дороги...» деген әнді шырқайды. Содан соң бір жағы қалжыңдап: «Амантай, енді қазақшасы» дейді де, «Баспадым жардың шетін құлай ма деп, Ішпедім арықтан су лай ма деп...» деген әнді орындап кетеді. Көрдіңіз бе, «мына әнді қазақша осылай айтар едім» дегендей қылып орындайды. Кейбір әнді шырқағанда көзіне жас тұнады. «Ахоу арман, Дүние жалған!» деп шырқай жөнелгенде жанындағы серіктері әбден біліп алған, қайырмасында «Халау ләйлім, халау ләйлім!» деп қосылып кетеді. Мен де құдды бір хорды басқарып тұрғандай, белгі беріп қалғанда олар қосылып, қайырмасы біткенде тоқтай қалады. Әрі қарай шумақтарын ана кісі өзі жалғап кетеді. Елбасымен бірге ән салу – ғанибет қой, шіркін!

Бірде басқа елдің басшысымен кездесуде болдық. Мені оған «жеке концертмейстерім» деп таныстырып, мерейімді бір тасытты. Әндер шырқалып жатты. Бір кезде шетелдік әріптесі: «Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақтың халық әндерінен бір ән орындап беріңізші» деп өтініш білдірді. Сонда Елбасы маған қарап: «Бір баланы» айтайық, сен жоғары дауысты ұста» деді. Сонда менің жоғары дауыста айтып, әнге бояу кіргізгенімді түсініп тұрады. Маңайындағы кейбір кісілер кейде «айтпа, қосылма» дегендей, мені басқысы келеді, бірақ оным ана кісінің өзіне ұнайтын сияқты. Содан әншілермен бірге баратын кездерде «Егер Нұрсұлтан Әбішұлы әнді қосылып шырқай жөнелсе, бәрің екінші, үшінші дауысқа ауысыңдар, ана кісі өзі орындайды» деп, бәріне алдын ала ескертіп қоямын. Кейде үлкен кісі маңайындағы адамдардан ән сұрағанда олар білмей жатады. Сонда Елбасы оларға: «Бір-бір ән жаттап алыңдар» деп тапсырады. Содан кабинеттеріне барып, кейбір шенеунікке ән үйреткен кезім де болды.

– Сізге Нұрсұлтан Әбішұлы ақ баян сыйлаған екен. Бұл қалай болды? Осыны тарқатып айтып беріңізші.

– Жалпы, Елбасымен жүргенде қай жерде ән салатынымды ұйымдастырушылардан алдын ала сұрап алатынмын. Егер қыстыңгүні далада ән салсақ, басқа баянды, ғимараттың ішінде болса, екінші баянды алып баратынмын. Содан 2006 жылдың 8 наурызында Бурабайға бардық. Ғимараттың ішінде ән айтатынымызды анықтап, екінші баянымды алып бардым. Әнімізді айттық, шара аяқталды. Бір кезде «Амантай, сыртқа шығыңыз» деді ұйымдастырушылар. «Баяным далаға келмейді» десем де, шықпасыма болмады. Үлкен кісілердің қасына бардым. Наурыз айында арқаның аязы қайта қоймаған, Бурабайда кәдімгідей қыс. Әлгі баяным қатты да қалды. Бір дыбысы шыңылдап, дұрыс шықпай қойды. Ақырындап ойнап, амалдадым. Онымды Елбасы байқап қалып: «Амантай, неге ақырын ойнап тұрсың?» деді. Мен ғимараттың ішінде ойнайтын баянымды алып келгенімді айттым. Сол сәтте Елбасы жан-жағына қарап: «Амантайға бір баян алып беру керек» деді. Содан жарты ай өтер-өтпес уақыттан кейін филармонияның сол кездегі директоры хабарласты. «Амантай, Германиядан бір кісілер саған су жаңа баян әкеліп тұр. Тезірек келші», – деді өзі де таң қалып. Барсам, әппақ баян. Осылайша, аяқ астынан олжалы болдым. Әппақ баяным қолыма тиген соң үйдегі қоңыр пианиноны да аққа бояттым.

– Елбасының жанында жүру сізге қандай жауапкершілік жүктеді?

– Алдымдағы хор, айналамдағы адамдар Елбасымен танысқаннан кейін маған басқаша көзқараспен қарай бастаған сияқтанды. «Мен сондаймын, мен мындаймын» деп өзімді әсте жоғары санамаймын, санаған да емеспін. Бірақ Елбасы менің бойымнан өнер көріп, қасына ерте бастағаннан кейін мен де соған сай болайын деп өзімді дұрыс ұстап, айтқан сөзіме де көбірек мән беріп, жинақы жүретін болдым. Елбасы туралы әңгіме айтылып жатса, ол кісінің жақсы қасиеттерін айта түскім келіп тұрады. Жалпы, ол кісі – керемет адам. Қасындағы кейбір менімен замандас адамдар маған қарата қалжыңдап, «Мына Амантай әндердің сөзін ұмытып, құтыра бастады» деп сөзбен қағытады. Енді мен орысша, украинша әндердің бәрінің мәтінін жатқа білуім мүмкін емес қой. Сонда Елбасы мені қорғаштап қояды. Өте қамқор адам. Мейірімді. Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығын, шапағатын көп көрдім ғой.

Кейбір әнді тыңдағанда әсерленіп, көзіне жас келеді. Сонда оның жүрегінің қаншалықты жұмсақ екенін, сезімтал екенін байқайсың.

– Қандай қызықты оқиғалар болды?

– Бірде үзеңгілес достарының бірімен бірге отырды. Сол кезде басқа өнерпаз жоқ, мен ғана барыппын. Содан Ілия Жақанов туралы әңгіме айтылды. Соның алдында ғана мен «Теміртау түні» әнін орындаған болатынмын. Бұл әнді Ілия Жақанов Елбасыға арнап жазған екен. Маған тағы да Ілия Жақановтың әнін орындауымды сұрады. «Самалы жұпар жазғы бір кеште...» деп бастап кеттім де, қайырмасын айтып жатқан уақытта ана кісілер бір шаруа жайлы әңгімелесіп кетті. Мен екінші шумағының сөздерін ұмытып қалыппын. Бірақ ана кісілердің әңгімелесіп отырғанын пайдаланып, «әнге аса мән бермейтін шығар» деген оймен 4 жолды өзім құрастырып жіберіп, қайырмасын білетіндіктен, әрі қарай сенімді түрде орындап шықтым. Өзімше тебіреніп тұрып әнді аяқтағанымда екеуі де қол шапалақтады. Елбасы: «Әй, Амантай, бұл жақсы ән, бірақ екінші шумағын да жаттап ал» деді. Сөйтсем, әңгімелесе отырып, мені де тыңдап отырған екен. Сол кезде маған «Мұның не? Кімді мазақ қылып тұрсың?» деп ұрысса, қайтер едім?! Сағым сынар еді ғой. Жоқ, ол кісінің кереметтігі сол, өнер адамына жекіп, дауыс көтеріп сөйлемейді. Мысалы, кейде әншілер Иманжүсіп Құтпанұлының әндерін немесе басқа да халық әндерін орындағанда кейбір жолдарын ұмытып кетсе, Елбасы өзі қосылып шырқап, «осындай да шумақтары бар, жаттап алыңдар» дейді. Кейбір әнші білмейтін әннің мәтінін Елбасы біліп отырады. Соған таң қаламын. Егер ән көңілінен шықса, тағы бір ән айтқызады.

Тағы бірде Оңтүстік өңірге сапарлап барғанында бірге бардым. Сарыағашта Нұрсұлтан Әбішұлымен кем дегенде 2-3 сағат ән салдық. Кешқұрым далада тұрғанбыз. Елбасы аспанға қарап: «Амантай, қарашы, жұлдыздар да ерекше жымыңдап тұр. Әлде көңіл күйіміз солай болып тұр ма?» деді. Мен сол сөзінен шабыттанып, Сүгірәлі Сапарәлиевтің «Жұлдызым» әнін бастап кеттім. Ол кісі іліп әкетіп, бастан-аяқ шырқады. Жалпы, Елбасы қазақтың халық әндерін, орысша, украинша, татарша әндерді тамылжытып орындағанда еріксіз таң қаласың.

– Теміржан Базарбаев «әнмен адамды тәрбиелеуге, әнмен адамды жындандыруға, әнмен адамды өлтіруге болады» деген екен...

– Дұрыс айтасыз. Бұл сөзді Теміржан Базарбаевтың айтқанын білмеппін. Бірақ бұл сөз менің де ойымды дөп басып отыр. Мен де бұрыннан осылай ойлаушы едім. Егер жаман әнді қосып, адамды бір бөлмеге қамап тастаса, мен үшін ең ауыр жаза – осы. Сол сияқты жақсы әнмен қатыгез адамның жүрегін жібітуге, кейбір адамның жанына шипа беруге болады деп ойлаймын. Музыканың құдыреті керемет қой, шіркін!

Жалпы, қазақтың тарихы қазақтың халық әнінде жатқанын да айтқан бұрынғылар. Ал Елбасымыздың әннің қадірін біліп, оны жүрекпен түйсінетіндігін, сезімталдығын көргенде еріксіз таңдай қағып, риза боласың. Ол осынысымен де халыққа жақын деп ойлаймын.

– Тұңғыш Президенттің тағы қандай қасиетін айтар едіңіз?

– Ол кісі домбыра мен гармошка аспабында жақсы ойнайды. Домбыраны алып, әнді төгілтіп айтады. Саятшылықты жақсы көреді. Әңгіме айтқанда адамды ұйытады. Тегін адам ел басқарсын ба?!

– Елбасымен таныстығыңыз өміріңізге қандай өзгеріс енгізді?

– Жалпы, Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ берген кездерім болды. Бірақ театрдан ешқайда кеткен жоқпын. Соған байланысты маған «Сен неге осында қалып қойдың? Неге басқа жаққа ауыспадың?» деп сұрақ қойылып жатады. Бірақ театрда істеудің қызығы да, шыжығы да мол. Қызығы сол, актерлармен жұмыс істеуді өзім жақсы көремін. Бір көрсеткен дүниеңді қағып алады. Актердың үнінде де, көзінде де бәрі байқалып тұрады. Дей тұрғанмен, менің жұмысымның олқылау жағы да бар. Мәселен, қойылым кездерінде, кейде афишаларда да тек актерлар мен режиссерларға басымдық беріліп, хормейстердің аты да аталмай, кейінгі орында елеусіз қалып қояды. Олар сахнаға да шықпайды. Жалпы, еңбегі көрінбей қалады. Ал Елбасымен жекелей танысқаннан кейін айналамдағы адамдардың маған деген көзқарасы да өзгеріп, менің де еңсем көтеріліп қалды. Бір жағынан маған үлкен міндеттер жүктеліп, жұмысыма деген жауапкершілігім де күшейді. Мысалы, бір кездері талай ірі концертті ұйымдастыру маған жүктелді. Бір жағы бұл мені екі есе еңбектенуге итермелесе, екінші жағынан шабыт беріп, өзімнің қырымды ашуыма, шамамның қандай деңгейге жете алатынын көруге мүмкіндік берді.

7 желтоқсан күні «Астана опера» театрында менің «Айтыс» атты шығармам орындалғалы жатыр. Бұл – мен үшін жетістік.

– Сұхбатыңызға рақмет.





Наверх