Бізді қазақ халқы жатсынған жоқ – қарақалпақ этносының өкілі

29 ақпан, 10:00193

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай Елорда Инфо тілшісі «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығының жетекшісі Тазабике Салиевамен сұхбат құрды.

Тазабике Салиева«Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығының жетекшісі

– Тазабике Әлиқызы, Қазақстанды мекен етіп жатқандарыңызға қанша уақыт болды? Алғаш рет келгенде сіздерді жергілікті жұрт қалай қабылдады?

– Қазақ халқы ешкімді бөліп-жарып қарамай, барлық ұлтты бауырына басады. Біздің Қазақстанға тұрақтағанымызға 20 жылдай болды. Астанаға 2001 жылы көшіп келдік. Мұнда бізді ешкім жатсынбай, жергілікті жұрт жылы қабылдады. Жалпы, астаналық болу – біз үшін үлкен бақыт.

– Жұбайыңыз қай салада қызмет етеді?

– Жұбайым екеуміз де осында мәдениет саласында еңбек етіп келеміз.

– Сіздің қазақ тілінде жақсы сөйлейтініңізді білеміз? Мемлекеттік тілді меңгеру қаншалықты қиын болды?

– Аса қиындық тудырған жоқ. Негізі, қазақ пен қарақалпақ – бір-біріне түрі де, тілі де, ділі де ұқсас әрі жақын халық қой. Біз отбасымызбен қазақ тілін жетік білеміз. Үлкен ұлымыз жоғары оқу орнында орыс тобында білім алады. Ал қыздарымыз қазақ мектебінде оқиды.

– Бәрекелді! Ал енді «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы туралы айтып өтсеңіз.

– 2016 жылы 9 желтоқсанда «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығын құрдық. Басында орталықта 10-15 адам ғана еңбек еткен. Қазір кеңейдік, құрамымызда 40 шақты адам бар. Нұр-Сұлтан қаласындағы кез келген мерекеден шет қалмаймыз. Елорданың мәдениетін дамытуға өзіндік үлесімізді қосып жүрміз деп ойлаймын. Мерекелік шаралардан бөлек, қайырымдылық концерттер өткізіп тұрамыз. Айта кетсек, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ халқы мен қарақалпақтың жақындығы туралы ғылыми семинар өткіздік. Ассамблеяның фестиваліне қатыстық. Сол сияқты жақында ғана Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері мен Қарақалпақстанның педагогикалық институтынан келген 18 студенттің қатысуымен ЕҰУ-де достық сабағын өткізіп, онда қарақалпақ мәдениетін таныстырдық. Шарада қарақалпақтың дәстүрі көрсетіліп, ән мен биі паш етілді. Әсіресе, Алғыс айту күні мен Наурыз мейрамында белсенділік танытуға тырысамыз.

– Астанадағы қарақалпақ этносының өкілдері осынау мерекелерден тыс уақытта да жиі бас қосып тұра ма?  

– Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласында Қарақалпақстаннан атажұртына оралған қазақтар да аз емес. Олар біздің орталыққа келіп, өздерінің туған өлкелеріне деген сағыныштарын басып тұрады. Той-томалақтарда, мерекелік кештерде олармен жиі бас қосамыз.

– Қазақ еліне айтар тілегіңіз болса, мәрхабат.

– Ешкімнің бетінен қақпай, сырттан келгеннің бәрін бауырына басып, бір тудың астында адал еңбегіміздің жемісін көруге бәрімізге тең құқық беріп отырған осы елдің жергілікті жұрты, дархан көңілді қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен барлық отандастарымызды құттықтаймын. Берекелі де мерекелі күндеріміз арта берсін дегім келеді!

– Сұхбатыңызға рақмет.





Наверх