Биылғы қыстың ең суық күндері ақпан айында болуы ықтимал

20 желтоқсан, 20:59882
Фото: astana-akshamy.kz Фото: astana-akshamy.kz

«Қазгидромет» РМК-ның Гидромет орталығы Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова Елорда Инфо тілшісіне биылғы қыстың қандай болатыны жөніндегі ауа райының болжамы жайында сұхбат берді. 

Жұлдыз Исабекова«Қазгидромет» РМК-ның Гидромет орталығы Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы

– Астананың биылғы қысы қандай болады деген болжам бар?

– Биылғы қыс қатты суық емес және қарлы болады деп күтілуде. Желтоқсан айында орташа айлық температура көпжылдық мәнінен 1°С төмен болады деп болжанады (норма: минус 12°С). Жауын-шашынның мөлшері климаттық норма шамасында болады (норма 22 мм) деген болжам бар.

Ал үшінші онкүндіктің бірінші жартысында суық ауа массаларының енуіне байланысты ауа температурасы түнде 18...23, кей күндері 30 градус аяз, күндіз 10...15, кей күндері 23 градус аязға дейін төмендеуі ықтимал.  Ең жылы күндері елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында сынап бағанасы түнде 5-10 градус нөлден төмен, күндіз 1...6 градус шамасында суық болады.

Қаңтар айында маусымдық болжам бойынша орташа айлық температура көпжылдық нормадан 1°С жоғары (норма: минус 14°С)  болады деп күтілуде. Жауын-шашынның мөлшері климаттық нормадан аз болуы мүмкін (норма: 16 мм).

Ең суық күндер ақпан айында болуы ықтимал, орташа айлық температура нормадан 1-2°С төмен болады деп болжанады (норма: минус 14°С). Жауын-шашын мөлшері норма шамасында болжанады (норма: 15мм).        

Маусымдық болжам ауа температурасы мен жауын-шашынның климаттық білдіреді, яғни ай нормаға қатысты жылы немесе суық, жаңбырлы немесе құрғақ болады деп нормадан ауытқуын болжанатынын ескерте кеткен жөн. Маусымдық болжамның орташа ақталуы 60-65% құрайды, сондықтан маусымдық болжамды консультативті ретінде пайдалану керек. Ол кейіннен айлық, онкүндік, апта бойынша ауа райы болжамдарымен нақтыланады.

– Қараша айында қанша көлемде қар жауды? Негізгі норма қанша болуы керек?

– Нұр-Сұлтан қаласында түскен жауын-шашын мөлшері қараша айында нормадан 1,5 есе асты (норма: 28 мм).

– Былтырғы қарашада елордадағы қардың жауу деңгейі қандай болып еді?

– 2018 жылдың қараша айының бірінші жартысында жауын-шашын норма шамасында түсті. Жалпы бір айда түскен жауын-шашын нормадан 1,5 есе асты (норма: 28 мм).

– Соңғы 5-6 жылдан бері қараша айындағы ауа райында қандай да бір өзгеріс бар ма? Мысалы, биылғы қыс бұрынғы жылдарға қарағанда ертерек түскен сияқты.

– Климаттық жүйе циклдік сипатқа ие. Егер соңғы 30 жылды алсақ, 1991-1995, 2001-2010 жылдардағы кезеңді жылы деп алуға болады. Осы кезеңдерде қараша айында ауа температурасы климаттық нормадан 1…3°С жоғары болды (Нұр-Сұлтан қаласында ауа температурасының нормасы минус 5,4°С). 1993 жыл ерекшеленді, онда аномалия нормадан 10°С-қа төмен болды. 1996-2000, 2011-2018жылдардағы кезеңде қараша айы 1…5°С-қа суық болды. Осы кезеңде ең суық болып 2000 және 2016 жылдар болды. Алайда 2013 және 2017 жылдардағы қараша айлары жылы болды.

Жауын-шашынның таралуы біркелкі емес. Соңғы 10 жылдажауын-шашын мөлшері нормадан 1,2...2 есе көп түскен 2006, 2009-2010 және 2012 жылдар басым болғанын атап өткен жөн. 2011, 2013 және 2017 жылдары құрғақшылық жылдары деп бөліп көрсетуге болады. Өйткені осы жылдарда жауын-шашынның айлық нормасының жартысы түскен.

– Қазгидромет заманауи құрылғылармен қаншалықты жабдықталған? Соңғы үлгідегі қандай техникаларды қолданасыздар?

– «Қазгидромет» РМК Гидрометорталығында ауа райының болжамын жасау үшін Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамдары орталығының және Ресейдің Гидрометорталығының синоптикалық процесстерін дамытудың сандық моделі, сондай-ақ Қазақстан үшін бейімделген WRF американдық сандық моделі және COSMO неміс моделі пайдаланылады.

– Жалпы, қатты циклондар жайлы, температураның күрт төмендейтіні туралы ақпараттар сіздерге қанша уақыт бұрын келіп түседі? Оны жұртшылыққа қанша уақыт бұрын хабарлайсыздар?

– Көп жауын-шашынның немесе қар жаууының себебі ұзақтығы 5-7 күнді құрайтын циклондар болып саналады, демек 5-7 күнге арналған болжамдар ең сәтті деген сөз. Олардың ақталуы 91% құрайды. Бұл ретте, ГМО онкүндікке және бір айға арналған ұзақ мерзімді ауа райы болжамын әзірлейді. Қауіпті, апатты метеорологиялық құбылыстар мен ауа райының күрт өзгеруі туралы дауылды ескертулер пайда болу қаупі кезінде 48 сағат және одан да көп уақыт бұрын жасалады. Күрделі синоптикалық процесстер мен ауа райының күрт өзгеруі кезінде мұндай ескертулер тәулік ішінде және тіпті бірнеше сағат ішінде жасалуы мүмкін. Атмосфера физикасы өте қиын болғандықтан, атмосферада болып жатқан процесстер хаостық сипатқа ие және кез-келген табиғи процесстер сияқты толықтай зерттелмеген.

– Сұхбатыңызға рақмет.





Наверх